ЖҰМЫСЫН СҮЙЕТІН ҮЗДІК МАМАН
Қоғамда мемлекеттік қызметте жүріп, биіктікті бағындыру күрделі әрі жауапты жұмыс. Қауырт тірлік пен күйбең шаруаларды атқарып жүріп, шаршау мен шалдығуды білмейтін, жауапкершілікті міндет етіп алған үздік мамандарымыз көп.
Қазан айының соңғы жексенбісі аталып өтілетін әлеуметтік қызметкерлер күні мерекесі аясында бір бүгін еңбегі көзге көріне бермейтін аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Толқын Есентаева туралы сыр бөліспекпіз.
Толқын Тұрсынбайқызы 1967 жылы 1 қазанда Жаңатас қаласында дүниеге келді. 1984 жылы П.Морозов атындағы орта мектепті бітіріп шығып, 1986 — 1988 жылдары Талдықорған қаласындағы Талдықорған заң колледжінде білім алды. Еңбек жолын 1988 жылы Жаңатас қалалық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне әлеуметтік қызметкер болып бастады. Сол уақыттан бері осы мекемеде жұмыс атқарып келген Толқын әпкеміз табандай 35 жылын арнап, тер төгіп келеді. Бұл мекеме кейіннен бөлім басқарма болып атауы өзгертілді, кейін қайтадан бөлім болды. Жаңатас қаласы мен Сарысу ауданы біріктірілді. Осы аралықта қызметтің әр сатыларынан өтіп, әлеуметтік қызметкер, инспектор, бас инспектор, бас маман, бөлім бастығына дейін көтеріледі. Қазіргі таңда, бас маман болып қызмет атқарады. Негізгі функционалдық міндетіне атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және шет елден келетін азаматтарды жұмыспен қамтуды үйлестіру болып табылады. Бүгінде аталмыш бөлімде 40-қа жуық маман қызмет атқарса, солардың ішінде 6 маман мемлекеттік қызметші санатына кіреді. Кешегі бала қызметкерден бүгінде дана қызметкерге айналған Толқын әпкеге ұжымдастары алдыңғы буын ақылшысы ретінде құрмет көрсетеді. Осы уақытқа дейінгі атқарған жұмыстары еленіп, түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, аудан әкімінің Алғыс хаттары және Құрмет грамотасымен, аудандық мәслихатының Алғыс хаты, облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Алғыс хаты, облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Құрмет Грамотасы, «Халық» қайырымдылық қорының Алғыс хаты, «Жыл үздігі – 2022» жобасының «Үздік әлеуметтік қызметші» дипломы сынды көптеген марапаттары Толқын әпкенің жұмысына аса тиянақты екендігін көрсетеді. Отбасында 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, 7 немере сүйіп отырған асыл әже мерекеге байланысты ізгі тілегін жеткізді. — Мен осы салада еңбек еткен 35 жылымды қызметтік жолымның алтын баспалдақтары деп білемін. Өз жұмысымды жанымдай жақсы көріп, беріліп жұмыс жасағанымның арқасында мәртебелі маман дәрежесіне дейін көтеріліп отырмын. Бүгінгі жастарға айтарым, жұмысқа аса жауапкершілікпен қарап, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындайтын болса, алмайтын асу мен бағындырмайтын белестің болмайтыны анық. Мен қызметтегі ұжымдастарыммен әрдайым мақтанамын. Себебі, бізде үлкенді сыйлау, білмегенді үйрету деген нәрсе қасиетті ұғымға айналған. Бүгінгі мерекеде барша әлеуметтік қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтай отырып, отбастарына амандық тілеймін. Мереке құтты болсын, — деп ағынан жарылды. Ендеше, өз жұмысын сүйетін, өзгелерге үлгі болып жүрген Толқын әпкемізге ұзақ ғұмыр тілейміз.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»
Әскери-патриоттыќ тәрбие-ел ертеѕініѕ тірегі
Кез-келген әскерге жарамды Қазақстан Республикасының 18-27 жас аралығындағы азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті. Әскерге шақырылушылар елімізде жеткілікті болғандықтан жыл өткен сайын оларға қойылар талаптар да жоғарылады.
Ең бастысы борышын өтейтін жігіттің денсаулығы мықты болуы тиіс. Оларды медициналық тексеріс нәтижесінде бірнеше топқа бөледі. Десек те, соңғы кезде Отан үшін отқа түсетіндердің саны азайып кетті. Басым бөлігі ол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оқтын-оқтын шығып тұратын әскер жайлы жайсыз қауесеттер ата-аналарды үркітіп қойған. Әрине, әскерге өз еркімен сұранатындардың да қарасы жетерлік.
Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» деген керемет сөзі бар.
Әскер сені тәртіпке, жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі. Осы мектептен өзім де өткендіктен әскерге ер азаматтар баруы тиіс.
Осы орайда, аптаның бейсенбісінде Жаңатас көпсалалы колледжінің мәжіліс залында Жамбыл облысы әкімдігінің жас-тар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастырумен бастау алған жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге және отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, рухани-ізгілік және патриоттық құндылықтарға баулуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру бойынша «Әскери-патриоттық тәрбие – ел ертеңінің тірегі» атты кездесу жиыны өтті. Кездесуге Жаңатас қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімі бойынша «Жұмылдыру ресурстарын есепке алу және тағайындау» жөніндегі инспекторы, әскери ардагер С.Есмаханов, осы бөлімнің қызметкері С.Эгамбердиев және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры А.Пазылбеков қатысты. Жиында әскери тәртіп туралы кеңінен айтылды. Жиналғандар өз ойларын ортаға салса, студент жастар әскер қатарына барғысы келетінін немесе не үшін барғысы келмейтіндіктерін айтты.
Осыдан соң өздерінің құнды ой-пікірлерін жеткізген әр саланың жауаптылары әскери қызметтің артықшылықтары туралы да егжей – тегжейлі баяндап, қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді. Қалай десек те сарбаз боп сапқа тұру әр азаматтың ар-ожданына, намыс пен жігеріне байланысты. Осындайда бойына бес қаруын асынып жауға шапқан өр рухты қазақтың батырлары еске түседі. Ұлан байтақ жеріміз сол батырлардың ер жүректіліктері мен Отанға деген адалдығының арқасында аман қалды. Кешегі Ұлы Отан соғысында қан төгіп, қаһармандықпен шайқасып, тіпті ажал құшқан жанкешті қазақтың ұрпақтары емеспіз бе?! «Отан үшін отқа түс күймейсің» демей ме батыр Бауыржан. Ендеше, Отан алдындағы борышты өтеу үшін сен де әскерге бар, сапқа тұр, жас сарбаз!
Назерке Айнабекова,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Ұйымдастыру және бақылау» бөлімінің басшысы