АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫ ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДІ
Ауданымызда ауыл шаруашылық саласы жыл сайын өркендеп келеді.
Өрісіміз төрт түлікке толып, жаз бойы диқаншыларымыз күннің аптап ыстығына қарамастан егіс алқабында еткен еңбектерінің арқасында қырман астыққа толды. Шаруа қожалық төрағалары мемлекет тарапынан қолдауларды тиімді пайдаланып, техникаларын жаңартып жатыр.
Ауданымызда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 639 125 гектар, егістік жер көлемі 24 717,63 гектар, көпжылдық екпелер 156,84 гектар, шабындық жерлер 34 106,61 гектар, жайылымдар 532 715,19 гектар, бөгде жерлер 47 428,56 гектарды құрайды. Жылы өнімі үшін егілетін дақылдар 24 508 гектар алқапқа орналастырылды. Оның ішінде: дәнді дақылдар 9 850,0 гектарға, 4100,0 гектар жерге жаздық арпа, дәндік жүгері 1250,0 гектарға және 2023 жылдың өнімі үшін егілген 4500,0 гектар жерге күздік бидай. Майлы дақылдар (мақсары) — 8300 гектар, картоп — 45 гектар, көкөніс дақылдары — 220 гектарға, бақша дақылдары — 293 гектар, көп жылдық шөптер 5 800 гектар оның ішінде жаңадан егілгені 1 500 гектарды құрады. 2022 жылдың егістік алқабымен салыстырып алғанда биылғы егістік 279,5 гектар артық.
Ал, көктемгі дала жұмыстары нау-рыз айының басында ерте басталды. Бұл өз кезегінде шаруашылықтардың ұйымдасқан сапалы жұмысы және шаруаларды уақытылы тұқыммен, жеңілдетілген дизельмен, несиелік қаржылармен қамтамасыз етілуінің нәтижесі. Мамыр айының 20 дейін көктемгі дала жұмыстары толық аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына 350-ден астам шаруашылық қатысты.
Тұқыммен қамтамасыз ету
Көктемгі дала жұмыстарына 740 тонна жаздық арпа тұқымы (қажеттілік 738 тонна, дайындық 100,3%), 205 тонна мақсары тұқымы (қажеттілік 200 тонна, дайындық 103,0%), 32 тонна дәндік жүгері тұқымы (қажеттілік 31,25 тонна, дайындық 102,4%), 40 тонна жоңышқа тұқымы (қажеттілік 37,5 тонна, дайындық 106,7%) дайындалып қажеттілік толық шешілді. Дизельмен қамтамасыз ету бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 780 тонна жеңілдетілген дизель отынына бөлінген бағасы 212 теңге/литріне. Қазіргі таңда операторға 728,7 тонна дизель жеткізіліп, шаруашылықтарға (59 ш/қ) сұраныстарына сәйкес толық босатылды. Қосымша, жазғы жиын терін және күзгі дала жұмыстарына 976 тонна жеңілдетілген дизель отынына шаруашылықтар тарапынан сұраныс енгізілді. Жоспар 780 тонна орындалуы 122,3% бүгінгі күнге жеткізілгені 112 тонна. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Кең дала» бағдарламасы бойынша 87,3 млн. теңгеге 13 өтінім түсіп, қаржыландырылды. Ауданда барлығы 683 дана ауыл шаруашылығы техникалары тіркелген. Көктемгі дала жұмыстарына қатысқан техника саны 510 дана. Оның ішінде 342 трактор, 50 дана соқа, 28 дана қопсытқыш, 90 дана дән сепкіш. 2023 жылы 1207,4 тонна тыңайтқыш алып, егістік алқаптың 13 600 гектарына тыңайту жоспарланған. Бүгінгі күнге 1606,8 тонна селитра және аммофос тыңайтқыштарын сатып алуға келісімшарт жасалып, 1386,9 тонна тыңайтқыш сатып алынды. Оның ішінде, 892,9 тонна аммиак селитрасы, 59 тонна аммофос және 435 тонна басқа да тыңайтқыштар. Жоспар 114,9% орындалып отыр.
Сонымен қатар ауданда егістік жерлерді суғаруға арналған 2 су қоймасы және (Ынталы және Бүркітті) 16 су жеткізуге арналған магистралды каналдар бар. Су қоймалары «ҚазСуШар» РМК мекемесінің теңгерімінде, ал каналдар толық аудандық коммуналдық меншікте.
Аудандағы су жүйелері каналдарының жалпы ұзындығы 109,4 шақырым. Бүгінде 3 каналға (Бүркітті — 129,6 млн. теңге 2,3 шақырым құрылыс басқармасында, Жаңа Кәрітоған – 329,7 млн. теңге 4,2 шақырым және Сарыөзек – 193,0 млн. теңге экономика басқармасында) лоток жүйелерін орналастыру жұмыстарына жобалық сметалық құжатты дайындалып, жалпы 652,3 млн. теңгеге облысқа бюджеттік өтінім беріліп қаралуда. Қалған 12 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық сметалық құжат жасауға 2023 жылы аудандық бюджеттен қаржы қарастырылды (жобалық құны 57 млн. теңге).
Ауданда суармалы егістікке пайдаланылатын 109,4 шақырым ұзындықтағы 16 каналға тазалау жұмыстары жүргізіліп, Шабақты мен Бүркітті өзенінен суармалы егістік жердегі көп жылдық шөптер мен жүгері алқаптарына су берілді. Қызыл су арқылы суарылған егістік көлемі 903,0 гектар естік алқабы суарылды.
Бүгінде Ынталы су қоймасындағы судың көлемі 4,8 млн м3 (16,%), ал Бүркітті су қоймасындағы судың көлемі 7,2 млн м3 су жиналып бүгінгі күнге таусылды. «ҚазСуШар» РМК Сарысу аудандық филиалымен 171 шаруа қожалық (2461,62 гектар) су пайдалану үшін келісім шартқа отырды.
1-сәуір мен 20-сәуір аралығында қызыл су арқылы суарылған егістік көлемі 903,0 гектар естік алқабы суарылды. Оның ішінде, 628,0 гектар жүгері, 278,0 гектар жоңышқа дақылдары.
1-ші кезең суарылған алқап 2553,9 гектар. 881,4 гектар жүгері, 1638,7 гектар жоңышқа және 33,8 гектар бақша дақылдары. 2-ші кезең суарылған алқап 2702,9 гектар. 602,3 гектар жүгері, 2019,8 гектар жоңышқа және 80,8 гектар бақша дақылдары. 3-ші кезең суарылған алқап 730,99 гектар. 256,5 гектар жүгері, 436,9 гектар жоңышқа және 37,59 гектар бақша дақылдары.
Жиын терін жұмыстары барысы бойынша бүгінгі таңда 8600 гектар астық дақылдары алқабы толық жиналды. Нәтижесінде, 5246 тонна жаздық арпа және бидай дақылы жиналып, орташа өнімділік 6,4 ц/га айналды. Бұл ауа райының қолайсыздығы және жауын шашын мөлшерінің аздығынан орын алып отыр. Бұдан бөлек, майлы дақылдар алқабының 7000 гектар (жалпы алқап көлемі 8300 гектар) жиналып, 2310 тоннадан астам өнім жиналды. Орташа түсім 3,3 ц/га құрайды. Дәндік жүгері алқабының 1250 гектар толық орылып, 10625 тонна өнім жиналып, орташа өнімділік 85 ц/га құрады. Көкөніс және бақша дақылдары да толық жиналды.
Жалпы жиналған өнім 15224 тоннаны құрап, орташа өнімділігі 296,6 ц/га айналды.
Мал шаруашылығы туралы тілге тиек етсек ауданда жалпы 1045 шаруа қожалық тіркелген. Оның ішінде, 576 шаруа қожалық мал өсірумен айналысады. 2023 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша аудандағы мал басы саны 329 492 басты құрады. Мүйізді ірі қара 30 789 бас, уақ мал 238 662 бас, жылқы 9844 бас, түйе 3 452 бас және 25 850 бас құс.
Айдың қорытындысы бойынша өндірілген өнімдер: ет өндірісі (тірі салмақта) 5 873,6 тонна, сауылған сүт көлемі 5 264,8 тонна, жұмыртқа өндірісі 3 404,8 мың дана құрады.
Мал азығын дайындау жұмыстары бойынша 2023 жылы мал азығын дайындау үшін шөп шабуға белгіленген алқап көлемі 43180 гектарды құрайды. Оның ішінде, 37380 гектар табиғи шабындық алқап және 5800 гектар жоңышқа алқабы. Бүгінде, 37380 гектар табиғи шабындық алқабы толық орылып, жоңышқа ору барысында алғашқы орымда 5800 гектар екінші орымда 2700 гектар және үшінші орымда 1500 гектар жоңышқа алқабы шабылды. Ағымдағы жылы 123,0 мың тонна шөп дайындау жоспары бекітілген болатын. Аудан тұрғындары 127,0 мың тонна шөп жинады. Бұдан бөлек, 2022 жылдан қалған 12,0 мың тонна қалдық шөп қоры бар және 27,0 мың тонна қосымша арпа, бидай, мақсары сабандары жинақталды.
Күзгі дала жұмыстары бойынша 2024 жылдың өнімі үшін 4000,0 гектар күздік бидай егу жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда, 2350 гектар күздік бидай егілді. Жалпы күзгі дала жұмыстарына 50-ге жуық шаруа қожалық қатысады деп күтілуде. Күзгі дала жұмыстары қараша айына дейін жалғасатын болады.
Мал шаруашылығын субсидиялау бойынша мал шаруашылығы саласында пайдаланылып жатқан мемлекеттік қолдаулар көлемі де жыл санап өсіп келеді. 2021 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында 227,2 млн. теңге көлемінде шаруа қожалықтар қайтарымсыз субсидия қаржысын алды. 2022 жылы субсидия көлемі 340,6 млн. теңгеге жетті. 2023 жылы жыл басынан бері шаруа қожалықтар 107,7 млн. теңге субсидия алды. Жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 300,0 млн. теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Мал бағуға машықтанған ауданымыздың халқы сол кәсібінен әлі де жаңылған емес. Мемлекет тарапынан қолдау тауып, мал бағуды басты табыс деп санайтын ағайын соңғы жылдары төрт түлікті асылдандыруға көңіл бөлуде. Соның айғағы ретінде ауданда бүгінде асыл тұқымды мал өсіруші 9 шаруа қожалық («Жарасбек ата» шқ, «Сәт-Сағын» шқ, «Раш» шқ, «Тәуекел» шқ, «Әлішер» шқ, «Бірлік» шфқ, «Әлішер» шқ, «Елдос-2004» шқ, «Айтуған» шқ және «Абылай» шқ) тіркелген. Аталған шаруа қожалықтары республикалық асыл тұқымды малдардың палаталарына тіркеліп, толық заңдастырылған. Шаруа қожалықтар мал шаруашылығын асылдандыру бағытында тұқымды өндіруші бұқа немесе қошқар сатуға толық құқылы. 2023 жылдың басындағы санақ бойынша 45877 бас асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және олардың будан төлдері тіркелген. Ал, асыл тұқымды және будандасқан МІҚ саны 4314 бас. Оның ішінде, 3176 бас МІҚ Қазақтың ақбас тұқымы, 6 бас МІҚ әулиекөл тұқымы және 1132 бас МІҚ Абердин ангус тұқымы.
Сонымен қатар, аграрлардың техникалық деңгейі бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердегі тіркелген барлық ауыл шаруашылығы техникалары 683 дана оның ішінде (361 дөңгелекті трактор, 22 шынжыр табанды трактор 271 басқа да техникалармен тіркеме 29 комбайн). Ағымдағы жылға 12% ауыл шаруашылық техникаларын жаңартуға тапсырма берілген.
Бүгінгі күнге жалпы соммасы 277,2 млн. теңге оның 155,6 млн. теңгеге 11 трактор алынып, қалған 121,6 млн .теңгеге 26 басқа техникалар барлығы бүгінгі күнге 37 техника жаңартылды. Жаңару көрсеткіші 8 айдың қорытындысымен 5,4% жаңарып отыр.
Сәулет есқараев, «Sarysý»
Кәсіп тїбі-нәсіп
Жалпы кәсіпкерлік адам қызметінің ерекше саласы және ол еңбектің басқа түрлерінен оқшауланып тұрады. Экономикалық әдебиеттерде кәсіпкерлік пен бизнес ұғымдарын балама түрінде қарастыру жиі кездеседі. Бизнес пен кәсіпкерлік жақын ұғым болғанмен, оларды бір-бірімен баламалап, теңестіріп қарауға болмайды.
Кәсіпкер – кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, кәсіпорын құру үшін қаражат іздеп табатын және сол тапқан қаражатымен кәсіпкерлік тәуекелдікке бас тігетін адам. Ол мемлекет тіркеуден өтіп, тіркеу туралы куәлік алады. Кәсіпкер қызметтің заңда тыйым салынбаған кез-келген түрлерімен, атап айтқанда, коммерциялық делдалдықпен, сауда жасаумен, сатып алумен, кеңес беру қызметімен және басқа қызметтермен, бағалы қағаздарға байланысты операция жасаумен айналыса алады. Кәсіпкерлік бұл адам баласының бойына біткен қабілет, талант болып табылады. Басқаша айтқанда бұл үлкен бастама, дәстүрден тыс шешімдерді іздестіру, кең көлемді тәуекелге бел байлау, іскерлік болып табылады. Мемлекеттің басты байлығы болып саналатын әрбір адамның өмірі, құқығы, бостандығы және бизнеспен айналысуы маңызды ресурс екені анық.
Бизнес – табыс әкелетін кез-келген қызметтің түрі. Рас, бизнес кәсіпкерлік қызметпен тығыз байланысты. Кәсіпкерлік – новаторлық іс. Нағыз кәсіпкер – ол өнертапқыш. Сондықтанда бизнеспен айналысатын адамдар, осы көзқарас тұрғысынан ешуақытта кәсіпкер бола алмайды. Нарық жағдайында кәсіпкерлік қызмет көп нышанда болады.
Кәсіпкерлік – бұл шаруашылық жүргізудің әдісі және өз бетімен жұмыс істеуге негізделген экономикалық ойлаудың ерекше типі. Кәсіпкерлікті дамытудың басты сәті нарық экономикасында бәсекелестік отанын құру үшін ғана емес, сонымен қатар еркін кәсіпкерлік үшін жол ашатын мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендіру болып табылады. Әр бір заттың немесе құбылыстың өзіне тән даму және қалыптасу тарихы бар. Сол тәрізді кәсіпкерліктің даму тарихы талай ғасырларды қамтиды. Дегенмен қазіргі түсініктің орын алуы капитализмнің қалыптасу және даму кезеңіне сай келеді. Буржуазиялық саяси экономияда кәсіпкерлік түсінігі XVIII ғасырда пайда болды, сонымен қатар «меншік иесі» деген түсінік алды.
Тәу етер Тәуелсіздікпен бірге аудан орталығы — Жаңатас қаласына жан кіріп, қызу тірлік жүріп жатыр. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлер өз бизнестерін дөңгелетіп өрге сүйреп жүр. Жыл санап кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп, халықтың жиі барып сауда жасайтын орындарына айналуда. Адал кәсіптің нанын жеп жүрген жандар халық үшін тынбай тірлік жасап, ел игілі үшін аянып қалмауда. Биыл жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысандардың жұмыстары берекемен басталып жатыр. Береке түбі -адал ризықта екенін олар түсінеді. Бірі мемлекеттік қаржыландыру көзі арқылы кәсіп ашса, бірі табандап жинаған тиынын бизнеске жұмсауда. Мәселен, «Айым» азық-түлік дүкенінің иесі Ақбота Дауылбаева мемлекеттік бағдарлама арқылы іске асып жатқан «Даму» қоры арқылы 30 млн. теңге алып, бизнесін дөңгелетсе, «Іңкәр» кондитерлік өнімдер, «Автомаркет Тұлпар» автобөлшектер дүкен, «Жанұя» сауда орталығы, «Shifa», «Nasiba»массаж жасау орталықтары өз қаражаттарына бизнесін дамытып келеді. Кәсіпкерлер өздеріне артылған жауапкершілікті сезінеді. Сондықтан, әр сәтті тиімді жоспарлап, мүмкіндіктерді қалт жібермеуде қырағылық танытады. Жалқаулықты жаны сүймейтін, алға нақты мақсат пен айқын бағдар қоя алатын бизнесмендер- қоғамға оң көзқарас танытып, жұмылған жұдырықтай тас түйін іс жасауда. «Айым» азық-түлік дүкенінің иесі Ақбота Дауылбаева өз сөзінде : — Мемлекеттік бағдарлама аясында өзімнің шағын кәсібімді ашып жатырмын. Үкіметтен үлкен қолдау болған соң тәуекелге бел буып, тиянақты жоспар құрып, кәсібімді нақты қадаммен бастадым. Бүгінде маркетинг пен тиімді бағаның арқасында дүкенге келушілер үзілмей жатыр. Алдағы уақытта осыны ескере отырып, көптеген жеңілдіктер мен түрлі акцияларды іске асыруды көздеп отырмын. Өзімнің қатарластарыма айтарым, еріншектік танытпай тек қана жатпай тұрмай тірлік істеу керек. Себебі, адал кәсіп түбі — нәсіп, — деп ағынан жарылды.
Жалпы, кәсіпкерлеріміз көптеген қайырымдылық шараларында, мерекелерде белсенділік танытып, үлкен қолдаулар көрсетіп жүр. Маңызды мейрамдарда «Сен тұр, мен атайын» дегендей, жақсылық жасауда алдыңғы қатарлардан көрініп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылы Наурыз мейрамында «Тұсаукесер» салтымен көрініс құрса, таяуда ғана тойланған ауданымыздың 95 жылдығына орай, алыс-жақыннан келген меймандарға «Бесік салу» рәсімін ұсынды. Ата дәстүрді жаңғыртып, салтты санаға сіңіре білген кәсіпкерлер өздерінің жан-жақты екенін көрсетіп келеді. Осындайда «Бірлік — берекені арттырады, жақсылық жасау- сауапты арттырады» деген сөз еске түседі. Еселеп қайтатын сауапты істерде еңселі еңбек пен бірге жұмсақ жүрек қажет екені мәлім. Осындай ұйымшыл, ісіне аса жауапты кәсіпкерлердің жұмыстарына ынсап, береке мен мол несібе берсін деген тілек білдіргім келеді.
Ұлбике Сәлімова,
Жаңатас қаласы әкімі аппаратының коммуналдық бөлімінің бас маманы