Үзік сырлы әңгімелер

0

Ұзақ жылдар аудандық статистика басқармасының басшысы, бүгінде алтын бесік ауылдың қадірменді зейнеткер қарттарының бірі болған Тұяқбаев Тайғара ағамыз есінде қалған екі қызықты әңгімені көңілдене отырып айтып берген еді.

Әй, көк көз сен де массың

-Бір жылдары,-деп бастады әңгімесін Тайғара ағамыз,- Қырықбай ағаның қарамағында жоспарлау комиссиясының экономисі болып қызмет атқардым. Ол кісінің қол астындағы жігіттерге берген  тапсырмалары басымыздан асып  жатушы еді.

Уақытында орындай алмай қалсақ таяқтан ауыр сөз естиміз. Сосын үстелге жабысып қалғандай жұмыс  істейміз. Еркін отырып бір-бірімізге әңгіме айтуға ешқандай мұрша жоқ. Өйткені Қырекеңнің «военный» тапсырмасын онда да сапалы етіп орындау керек.

Марқұм Қыдыр Ыбыраев қара жер хабар бермесін. Бір күні жұмысқа тентек су ішіп келіпті. Мас екені жүзінен, жүріс-тұрыс, сөйлеген сөзінен білініп-ақ тұр. Өзінің қызметі де осал емес. Аудандық архитектор еді. Іс насырға шабайын десе орайы келіп тұрады екен. Қырекең өзіне Қыдырды табан асты шақыртсын. Қызметтес жігіттер Қыдырға жаны ашып ақылға келді.

-Сен массың, Қыдыр. Мына түріңмен бастыққа кірме. Біліп қойса таяқ жейсің,-десті.

Ішкен адам оңайлықпен бой бере ме?

-Қырекең иіс білмейді. Қашықтау отырамын. Осыдан жолымды тосып отырыңдар. Ішкенімді сездірмей шығамын,-деп қабылдау бөлмесіне қарай аяңдады.

Содан не болды десеңізші. Кейіннен Қыдырдың өз ауызынан естідік. Қырекең жұмыс бабында сұрақтар қоя бастайды. Қыдыр сөзден жаңылып дұрыс жауап бере алмайды. Сосын аң-таң бола бастаған Қырекең қызметкеріне:

-Сен таң атпай жынды суға тойып алғаннан саумысың?-дейді.

Қыдыр ат-тонын ала қашып мойындамайды.

-Олай демеңіз, Қыреке. Ұят болады. Мен арақ ішкен жоқпын.

-Анаң қара, өзінің емес менің ұятымды ойлап отыр өзі. Онда қазір дәрігер шақыртып анықтаймыз. Ішкенің расталса қызметтен кетесің. Сендей жұмысқа таң атпай арақ ішіп келетін пианкеш, алқаш бізге керек емес. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген осы.

Қырекең хатшы қыз Гүлнарды шақыртып, шұғыл тапсырма береді.

-Аудандық аурухананың бас дәрігері Аманғали Артықовты шақыр. Тез келсін. Сен пианкеш, алқаш жұмыс бөлмеңде күт,-дейді.

Қызметтес жігіттер Қыдырдың жайын ойлап «Япыр-ай, енді не болар екен? Бастық ішкенін біліп қойса көзіне көк шыбын үймелетіп құртады-ау» деп алаң көңілмен отырғанбыз.

Қыдыр келді.  Бағанағы тау құлатардай екпіні жоқ. Сіркесі су көтермей қалған. Салы суға кеткендей сөзге келді.

-Сендердің айтқандарың дұрыс болды. Қырекең ішкенімді біліп қойды. Бас дәрігер Артықовты шақыртып жатыр. Мен біттім, құрыдым жігіттер.

Жайсыз хабарға үрпиісіп қалдық. Қызметі жауапты хатшы Жаман Әшенов:

-Әй, Қыдыр-ай, саған ескертпей қалғанымыз жоқ. Қырекең біліп қояды дедік. Айтқанымыз айнымай келді. Енді бір ғана амал бар. Артықовты күтіп аламыз. Ол кісіге көмектес дейміз,-деді.

-Мұның дұрыс ақыл екен. Солай етейік,-деп қоштай сөйледі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Байдәулет Серіков.

Ауданның бас дәрігері Аманғали Артықов та келіп жетті. Өзі тым асығыс. Ол кісіні әкеміз базардан келгендей бәріміз де күтіп алдық. Жанымыз қалмай ілтипат көрсетіп жатырмыз.

-Біз сізді күтіп тұрмыз,-деді сөзін салмақты бастаған Жаман Әшенов,-Сізге айтар шаруамыз өте қиын әрі жауапты. Мәселе былай боп тұр. Несіне жетісіп жүргенін өзі біледі. Мына Қыдыр ініңіз бүгін жұмысқа арақ ішіп келіпті. Қырекең біліп қойып, іс насырға шауып тұр. Сізді шақыртып тексертемін, ішкенің рас болса қызметтен кетесің депті. Азаматтық жасаңыз. Лажы болса былай деп айтыңыз. Бұл қызметкер жігітіңіз бүгін ішпепті. Таң атқанша үйінде сыйлы кісілер күтіліпті. Қонақтарды сыйлап аздап ішкен екен. Соның уыты әлі қайта қоймапты. Оның үстіне ұйқы көрмей шаршаған дей салыңыз. Шеттей бала-шағасы бар еді. Сауапты іс істеңіз. Обал болмасын. Әжет ашыңыз, Әбеке.

Бас дәрігер Аманғали шынын айтты.

-Қырекеңнен мен де қорқамын. Өтірік айтқанымды біліп қойса мені де құртады ғой.

-Енді Әбеке, Қыдыр ініңіздің қызметте қалуы сіздің азаматтығыңызға тіреліп тұр,-деп Жаман тақымдауын ширата түсті.

-Әй, жігіттер-ай, буынсыз жерге пышақ ұрдыңдар-ау. Жарайды, бара көрейін. Ол кісі қазір қандай көңіл күйде отыр екен? Бір құдайым сақтасын,-деп қорқынышқа бой алдырған бас дәрігер қабылдау бөлмесіне қарай жол тартты.

Бұл күні қызметтес жігіттер орындығымызда байыз тауып отыра алмадық.  Жұмысымыз  жайына қалды. Бәрімізді Қыдырдың қызметіне төнген қауіп алаңдатты. Енді   арыстандай  айбатты  Қырекеңнің алдына кеткен А.Артықовтың не деп шығарын тағатсыздана күтіп, коридорда теңселіп жүрміз.

Бас дәрігердің шақыртқан жеріне кіруінен шығуы тез болды. Түр-түсі бұзылып кетіпті. Ішімізден жақсылық хабар болса екен деп тіледік. Тағы да ортаға алдық. Аманғали екі көзі тұздай көк,  ақ сары, толық кісі еді. Көңілсіз үн қатты.

-Қыдырға жаным ашып, сендердің айтқан ақылдарыңды айттым. Мен ойлағандай болмады. Қырекең ашуланып терісіне сыймай отыр екен. Тіптен көтеріліп кетті. «Әй, көк көз сен де массың. Тез кет, жоғал, қараңды батыр. Екі пианкеш мұрнына иіс бармайтын ақымақты тапқан екенсіңдер» деп бөлмесінен қуып шықты. Қыдыр сен, бұдан кейін жұмыс уақатында тағы арақ ішетін болсаң маған өкпелеме. Шындықты айтамын. Қайта-қайта «Әй, көк көз кет, жоғал, қараңды батыр» деген жүрекке ауыр тиетін сөздерді естігім келмейді,-деп Аманғали кетпекші болды.

Осы кезде ептеп мастығы тарқап, есін жинап қалған Қыдыр:

-Рахмет, Әбеке. Бұл жақсылы-ғыңызды өмірбақи ұмытпаймын,-деді.

Сөйтіп, Қыдыр мырзаның жұмыс уақытында ішкен арағы бірнеше адамды әбігерге салғаны бар. Қыдыр да сыннан қорытынды шығарды. Жұмыс уақытында іше қалсаң өңешті өртеп жібере жаздайтын тұқымы құрғыр ащы сумен ауызын былғамайтын болды.

Байдәулет өртеніп жатыр

-Сол жылғы жаз ыстық болды. Ыстықтан қорғанамыз. Қызмет кабинеттерінің есіктерінің бәрі айқара ашық. Ұзын дәлізде әрі-бері жүрген адамның аяқ киімінің тықыры, сөйлеген сөздері естіліп тұрады.

Бастығымыз Қырекеңнің жұмыс тәсілдері өзгеше еді. Сегіз сағаттық жұмыс күнінің соңына қарай міндетті түрде қабинеттерді аралап шығады. Әрқайсымызға ертеңгі күннің тапсырмасын ескертеді. Жұмысымыздан ши шығып, тапсырмасы уақытында орындалмай қалса ұрысқанда қара сөзбен жаныңды көзіңе көрсетіп қуырып жібереді. Ондайда кірерге тесік таппай қаласың. Бәрін де ширату үшін айтады. Артынша жуып-шайып, баладай жұбатып:

-Білімдісің, адамгершілік қасиеттерің де мол. Тек бір ғана айыбың бар. Барып тұрған кер жалқаусың. Әйтпесе сенің қолыңнан бәрі де келеді,-деп арқамыздан қағуды да ұмытпайтын.

Шындығын айтқанда бастығымыз ұрысса екен деп іштей тіленіп отырушы едік. Өйткені Қырекең қанжардай қиып түсер өткір сөздерін өз орны, өз жөнімен тауып та, қауып та айтатын. Естіген адамның құлақ құрышын қандыратын. Шымбайына батса да ешкім намыс көрмейтін. Қайта айта жүретін әңгіме болды деп күлісіп қоятынбыз. Қырекеңе қатысты қызықты оқиғалар жиі болып жатушы еді.

Сол күні жұмыс уақыты аяқталып қалған кез еді. Бастығымыздың кабинеттерді жағалап кетуін күтіп отырғанбыз.  Ұйымдастыру      бөлімінің басшысы Байдәулет Серіков пен жалпы бөлім меңгерушісі Темір Адырбековтің қызмет бөлмелері көрші еді. Бір уақытта дәлізден Қырекеңнің күндей күркіреген жуан дауысы естілді.

-Әй, Темір… Темір Адырбеков, тез жүгір, құстай ұш. Су әкел. Мұнда Байдәулет өртеніп жатыр.

Өрт деген қандай суық сөз. Тұла бойым тітіркеніп кетті. Ой деген тіптен жүйрік. «Жаңа ғана аман есен жүрген адам қалай өртенді? Не себеп болды? Қанша жері жанып кетті екен? Бала-шағасы бар. Тірі қалса жақсы болар еді» деген суыт оймен дәлізге жүгіре басып шықтым. Өрт деген сөз үрей туғызса керек. Басқа кабинеттердегі жігіттер де дәлізге шығып қойыпты.

Байдәулеттің кабинетінің алдында нардай боп Қырекең тұр. Екі аяғын жанұшыра басқан Темір бұрышта тұратын су толы шелекті көтерген күйі кабинет ішіне кіріп барады екен. Қырекең көп кідірмеді.

-Болды. Енді өрт өшеді. Кеудесінде шыбын жаны қалады,-деді де төменгі қабатқа түсіп кетті.

Аяқтарымызды асыға басып Байдәулет өртеніп жатқан  бөлмеге жеттік. Кабинет іші көкала түтін. Байдәулет дін аман. Еш жері күйіп, өртенбепті. Ішімнен «Құдай сақтаған екен»   деп шүкіршілік етіп жатырмын. Мәселенің мәнісі де қызметтестерге мәлім болды. Байдәулет жұмыс аяғы болған соң темекіні үсті-үстіне көп шегіп қойыпты. Қырекең келіп қалады да қою көк түтіннің ішінен Байдәулетті көре алмайды. Сосын Темірге «Байдәулет өртеніп жатыр» деп айқайлаған екен.

Байдәулеттің көңіл күйі өте нашар боп шықты. Ұялғаны сонша бет жүзі қып-қызыл боп кетіпті.

-Позор болдым,-деді ол күйініп,-Қырекең тірідей сөзбен өртеді. Мақтамен бауыздап кетті. Бүгіннен бастап абыройдан жұрдай еткен темекіні тастадым.

Байдәулет орнынан көтерілді. Қолындағы темекі қорабын әрі-бері сығымдап умаждады да ашық тұрған терезеден сыртқа лақтырып жіберді.

Шіркін, Қырекеңнің адам-гершілігі  мен    парасаттылығын айтамыз ғой. «Кабинетте темекіні неге шегесің?» деп жер-жебіріне жетіп ұрыспай-ақ, «Байдәулет өртеніп жатыр» деген үрейімізді алған бір ауыз сөзбен-ақ мәселені әдемі шешкені айта жүрер әңгіме боп қалды.

Темірлан ӘБІЛДАЕВ,

ардагер журналист

(Басы өткен сандарда.

Жалғасы бар.)

Їзік сырлы әѕгімелер

Мамандығы жүргізуші болған Әлімханов Әжмахан ағамыз өте қарапайым кісі. Қырықбай ағамыздың көзін көрген Әбекең биыл 74 жаста. Ертеректе ауатком төрағасымен Сарыарқа мал жайылымына сапарлас болғандағы қызықты жол оқиғаларынан сыр шерткен еді.

Бастығымның

шашын

сыпыртты

-Ол кезде орда бұзар отыз жаста едім,-дейді Әжмахан аға,-Аудандық ауруханада «Жедел жәрдем» көлігін жүргіземін. Мезгіл мамыр айы. Бір күні бастығым аудандық аурухананың бас дәрігері Аманғали Артықов өзіне шақыртты.

-Көлігің қалай? Техникалық бабында ма?-деді.

-Иә, жаңа көлік қой,-дедім.

-Онда ұзақ жолға дайындық жасай бер. Екі-үш күнде Сарыарқаға сапар шегеміз. Қырекеңнің өзі бас-тап барады. Малшыларды аралайды. Жолсерік боламыз.

Айтқандай үшінші күні жолға шықтық. Қырекеңе жолсерік болғандар, қызметтік көлік шопырларымен аудандық аурухананың бас дәрігері Аманғали Артықов, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас мал дәрігері Әбүйірбек Ахметбековтер болды.

Техникалық бабындағы үш «УАЗ» жол апшысын қуырып жіберді. «Сарысу» совхозының орталығы Жайлаукөл ауылына атбасын тіредік. Бізді мұнда совхоз директоры Әбілқасым Итемгенов қарсы алды. Қырекеңнің Арқаға іссапарынан хабардар екен. Қонақжай халықпыз. Үйіне шай қойдырып, қазан көтертіп қойыпты. Босаға аттап, төрге оздық. Шай ішіп, шөл бастық. Дәмге бата берілген соң Қырекең бастығым Аманғалиға тосын ұсыныс жасады.

-Қасиетті қара қазанда шымырлап қайнап жатқан жемесең түсіңе, жесең тісіңе кіретін жарықтық ет табаққа түсіп тартылғанша біраз уақыт бар. Аманғали басыңды жу, шашыңды жібіт.

Бәріміз аң-таң болайық. Бастығым шыдай алмады білем.

-Не үшін, Қыреке?-деді.

-Тазалықты бас дәрігерден бастаймыз. Шашыңды аламыз.

-Ойыныңыз шығар, Қыреке?

-Ойнасам да ойымдағыны айтып отырмын. Ердің жасы елуге келдік. Енді екеумізге не сән керек? Бетбақдаланың ақ шаңында әрі-бері жүргенде әбіржімейін деп бір апта бұрын шашымды алдырып тастадым. Сен де әбіржіме. Давай, шашыңды жібіт.

Бастығым шашын алдырғысы келмеді. Жалынғандай сөзге келді.

-Қыреке, бес-алты тал шашымды өз басым, өз иығым көтеріп жүр ғой. Алдырмай-ақ қояйыншы.

Қырекең райынан қайтар болмады.

-Мен саған жаманшылық ойлап отырғам жоқ. Әбілқасым ұстараңды дайында. Қане, далаға шығайық.

Сыртқа  шықтық.  Бастығымның шашын алуға қажетті жылы су, сабын, шампунь, ұстара бәрі дайын болды. Қырекең маған қарап:

-Әжмахан, қане іске кіріс. Бастығыңның басына су құй. Шашын шабындыққа шалғы түскендей сыпыр, баудай түсір,-деді.

Жігері құм болған Аманғали бастығым амал жоқ кеудесіндігі киімдерін шешуге мәжбүр болды. Өзі еріксіз күліп сөйлеп жүр.

-Япыр-ай, Қыреке, айтқаныңыздан қайтпайтын қандай адам едіңіз? Ендігі аудандағы бітпей қалған шаруа менің бес тал шашым болды ма?

-Көп сөзді қой. Айтқанды істе. Басың сергіп, жеңілдеп қаласың.

Бастығымның бас терісі тегіс болмай шықты. Төбесінен желкесіне дейін жыртылған жердей қыртыс екен. Байқап қалған Қырекең:

-Әжмахан, соқа жүріп өткендей қыртыс баста қылтанақ шаш қалмасын. Аршыған жұмыртқадай таза болсын,-деп күліп қойды.

Мен Қырекеңнің тапсырмасын ойдағыдай орындап шықтым. Бастығым басын қайта жуып, сүртініп болған кезде «Дәм дайын болды» деген хабар келді. Ішке ендік.

Қырекең қойды өзі қырықты

Қырекең жайлы ел аузындағы сан құбылып айтылған әңгімелерге сырттай қанық болатынмын. Бетпе-бет жүздескен емес едім. Айтқан сөздері сұрмергеннің атқан оғындай екен. Құлаққа сондай жағымды. Тыңдай бергің, күле бергің келеді. Басқаға қайдам, маған Қырекең ұзақ жолға мықты, шаршамайтын, демалғанды білмейтін адам секілді көрінді. Ет желініп, шай ішіліп болған соң Қырекең жолсапар билігі өзінде екенін танытты.

-Темір тұлпарларымызға мінеміз. Жол қысқартамыз,-деді.

Түн қатып Сарыарқаны бетке алдық. «Сарысу» совхозының директоры Ә.Итемгенов шопырымен жолаушы топқа қосылды. Ол кісіге Қырекең алдын-ала ескертіп қойды. Тіке бетке айтады екен.

-Әбілқасым, Арқадағы қой қырқу жұмыстарың қалай жүріп жатыр екен? Бара көреміз. Көңілдегідей болмаса ескертпеді деме. Сазайыңды тартатын боласың.

Әбілқасым күле жауап қатты.

–Біздің жігіттер қырқын жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқан болар. Көзбен көріп, куә болып шексіз алғыс айтатын боласыз.

-Ылайым солай болсын.

Түн қата тоқтаусыз жүріп самалды Сарыарқаға жеттік. Ертеңгі мезгілдегі ас-дәміміз «Сарысу» совхозының жылқышысы үйінде болды. Шай ішіліп болған бетте Қырекең:

-Әбілқасым, қырқын пунктіңе бас-та. Кеше мақтаған жігіттеріңнің іс-қимылдарын көріп, сүйсінейік,-деді.

Совхоздың қой қырқу пункті Мұңлы тауының етегіне орналасыпты. Біз келгенде ақ жауын себелеп жауып тұр екен. Бір отар саулық қой қамаулы. Қой қырқып жатқан ешкім жоқ. Қырекең жөн сұрады.

-Қой неге қырқылмай жатыр? Әлде мотор бұзылып қалды ма?

Жауапты қырқын пунктінің меңгерушісі берді. Аты-жөні есімде қалмапты.

-Таң атпай, күн шықпай жауған жаңбырдың толас табар түрі жоқ. Қой қырқуға «Тоқ ұрады» деген күдікпен қырқыншылардың қолдары барар емес.

-Жандары не деген тәтті еді? Қане, моторға от беріңдер. Алдыма қой жығыңдар. Мен қырқамын. Ажалы келген адам оттан да, судан да өледі. Сендер аман болыңдар. Өлсем мен құрбан болайын.

Қырекең бұл сөздің бәрін зілсіз, өкпе-назсыз айтты. Мотор оталды. Қой жығылды, аяқтары байланды. Білегін түріп алған Қырекең тоқ қайшыны іске қосты да қой қырқуды бастап жіберді. Аң-таңбыз.  Қалайша қайран қалмасқа? Ауданның бас мал дәрігері, аудандық аурухананың бас дәрігері, совхоз директоры, қаншама қырықтықшы, шопыр, жұмысшы жігіттер тұрмыз. Көлденеңді көк атты, анау-мынау адам емес. Аудандық атқару комитетінің төрағасы қой қырқып жатыр.

Қырекең етжеңді, толық кісі болғанымен қайратты, ширақ әрі шапшаң қимылдайды екен. Қойдың бауыр жүнін қырқар кезде аяқтарына байланған жіпті де өзі шешті. Сапалы қырқылған қой орнынан тұрды. Қырекең келесі қойды тағы қырқуға ниет еткен кезде совхоз директоры Әбілқасым шыдай алмады.

-Қыреке, қойыңыз енді. Ұяттан өртеніп, қысылып тұрмыз,-деді.

Қырекең үнсіз қалмады.

-Сенің ұялып, қысылғаның түк те емес, Әбілқасым. Ашығып, қамақта тұрған бір отар қойдан ұят болған жоқ па? Қане, жігіттер, қой қырқуға жаппай кірісейік. Тоқ ұрмайды екен.

Демдерін ішіне тартып, таң тамаша боп тұрған көпшілікте қозғалыс пайда болды. Өмірде мұндай көңілдерге толқыныс, еңбекке сергектік пен серпіліс берген сәттер көп бола бермес. Қырықтықшы жігіттер жұмыс орындарына қарай ұмтылды. Көп уақыт өтпей зырыл қаққан қайшылардың үні, қырықтықшы және қой жығушы жігіттердің қарқынды қимылдары пункт ішін еңбек дүбіріне бөлеп жіберді.

Қырекең бастаған басшы, қосшы топ пункт ішінен сыртқа шықтық. Шөп бастарына мөлдіреген тамшы қондырып жауған ақ жауын үдей түсіпті. Самалды, салқын ауа жаныңды жадыратады. Қырекең дұрыс айтыпты. Бұл күні ешкімді тоқ ұрған жоқ.

…Уақыт бәйге атындай жүйрік екен. Одан бері арада қырық төрт жыл өте шығыпты. Әрине айтуға оңай. Әйтпесе аз уақыт емес. Жас келген соң ойсыз жүрмейді екенсің. Кейде өткен-кеткен, қайдағы мен жайдағыны ойға аласың. Жарықтық Қырекеңмен Сарыарқаға сапарлас болғаным ойға жиі оралады. Қырекеңнің бастығымның шашын Жайлаукөл ауылында ұстарамен сыпыртып, Арқада қойды өзі қырыққан қайталанбас қызықты күндер сірә естен кетер ме?

Әжмахан аға әңгімесін осылай аяқтады.

 

Қырықбай ағамызға жолсерік боп, қызметтік көлігіне шопыр болғанның бірі бүгінде Тараз қаласында тұратын Орынтаев Мараттың да айтары бар екен. Екі кесе су

-Қырықбай аға әкемдей, мен ол кісіге бір баласындай боп кеттім,-дейді әңгіме тиегін ағытқан еді Марат,-Он жыл қызметтік көлігін жүргіздім. Талай жақсылығын, шарапатын көрдім. Енді өзім куә болған екі әңгімесін айтып берейін. Сол кезде К.Маркс (қазір Маятас) атанған ат төбеліндей ауылдың оңтүстігінде «Бүркітті» су қоймасы барын бәріміз де жақсы білеміз. Осы су қоймасының жұмысын тоқтату жөнінде облыстағы тиісті орындарға арыз-шағым жолданыпты. Ол шағымда «Канал суы таза емес. Мал ішуге болмайды. Канал суын ішкен малдар ауруға ұшырап жатыр. Бұл экологиялық апатты жағдай халыққа да зиян. Тез арада шара қолданып, канал жұмысын тоқтату керек» деп дабыл қағылыпты. Облыстық санитарлық эпидемиялық станцияның қызметкерлері канал суының құрамын тексеруге кіріседі. Нәтижесінде суды мал ішуге жарамсыз деп тауып, канал суын ағызып жіберуге шешім шығарады. Сонымен облыс орталығындағы тиісті орындардың адамдарынан құралған комиссия келетін болады. Бұл жайсыз хабарды бір күн бұрын естіп білген Қырықбай ағаның көңілі нілдей бұзылып, тас-талқан боп ашуға мінді. Байыз таптырмаған ішкі сырын маған ғана айтты.

-Марат-ау, бұл не деген масқара? Бір емес, екі совхоз бірдей жүгері, жоңышқа, көкөніс егіп, халықтың несібесін теріп отырған су қоймасының жұмысын тоқтатқаны қалай? Ерте көктемде Көсегенің көк жонының мөлдір бұлағынан, Алланың аспаннан жауған нұрлы жауынынан жиналған канал суы қалайша таза емес. Оттапты бәрі де. Басымды кесіп алса да канал жұмысын тоқтатпаймын. Келсін ертең комиссиясы. Көрешекті көрсетейін оларға.

Бір күн бұрын терісіне сыймай ашуланған  Қырықбай аға облыстан келген комисссия мүшелерін жылы шыраймен қарсы алды. Қырықбай аға кідірген жоқ. Аудандық санитарлық эпидемиялық станцияның бастығы Дүйсенбек Нәдуевті комиссия құрамына қосып алды да жолға шықты. Қазекемнің қысқартып саптаған сөзімен айтқанда иектің астындағы «Бүркітті» су қоймасына лезде-ақ жетіп бардық.

Шіркін, Қырықбай ағаның қылықты тапқырлық мінездері көп еді ғой. Маған қарап:

-Әй, Марат, метр кесені әкелші,-деді.

Қазекем қай нәрсеге болса да ат қойғыш қой. Шеңбері дәу кесені бас-ты ауыртып, миды ашытпай метр кесе дей саламыз. Көлік ішінде ұзақ жол бойында Қырықбай аға екеуміз қымыз, шұбат ішетін метр кесе бар еді. Тездетіп жүріп алып келдім. Кесені ептеп шаң тұтыпты. Қырықбай аға оған мән берген жоқ. Метр кесені қолына ұстаған бетте шапшаң іс-қимылға көшті. Каналға еңкейіп, кесені суға толтырып алды да ерніне таяп ішуге ниет етті. Осы кезде облыстық комиссияны басқарып келген орта жастағы орыс әйелі шыдай алмады.

-Нельзя, не пейте Кырыкбай Асанович. Это грязная вода,-деді.

Қырықбай аға кідірген жоқ.

-Не бойся. Это чистый вода,-деді де метр кеседегі суды сіміріп салды.

Онымен де қоя қойған жоқ. Жеделдете тағы бір метр кесе суды каналдан толтыра іліп алды да шөлден қаталап келген адамдай тартып жіберді. Кесе түбінде бір тамшы да су қалдырмаған Қырықбай аға ешкімге ештеңе деп жақ ашпады. Маған метр кесені ұсынды да:

-Жүр Марат, кеттік,-деді.

Жүріп кеттік. Тапқырлық, іскерлік деген осы болса керек. Қырықбай аға аудан ғана емес облыс көлемінде дүрбелең туғызған өте маңызды мәселені бар болғаны екі метр кесе сумен шешті. Асыл ағаның арқасында су қоймасы жұмысын тоқтатқан жоқ. Әлі де халықтың игілігінде.

Ауданның екі басшысын алдаған қу түлкі

-Төменгі Шу бойындағы үш совхоздың шопандары көктемде Бетбақдала бойында қой төлдететін. Төлдеу жұмыстары аяқталған соң Сарыарқа мал жайылымына жылжып көшіп кететін. Бір жылы көктемде мал төлдетудің барысымен танысу мақсатында Қырықбай аға мен аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Жапсарбай Боқаев іссапарға шықты. Ол кісінің шопыры бүгінде зейнет демалысындағы қария Өксікбаев Тұрған еді.

«Шығанақ» совхозының шекарасынан өтіп, Бетбақдалаға иек артқанымызда бір қасқыр бой көрсетіп, тұра қашты. Екі «Уазбен» қыспаққа алдық. Ет пен сүйектен жаралған қасқыр шаршады. Тілі салақтап, сілекейі шұбырып тұра қалғанда Қырықбай аға мылтығын кезеді. Нысанаға көздеген оғы мүлт кеткен жоқ. Бір жағына қарай бұраң еткен көкжал арлан қасқыр екі-үш домалап барып сұлық қалды. Жүк салғышқа салып алып жүріп кеттік.

Айнадан көріп келе жатырмын. Соңымызда келе жатқан хатшының «Уазы» асығыс жүріп жолдан шығып кетті. Шамасы аң көрген болу керек. Мен тоқтай қалдым. Олар көп күттірген жоқ. Бір денесі ірі қызыл түлкіні алып келді. Жапсарбай аға мақтана сөйледі.

-Кездескен аңды ешқашан екі атқан емеспін. Құралайды көзге атқанның бірімін. Жолыңыз да, жасыңыз да үлкен. Сіздің қанжығаңызға байладым, Қыреке. Үйірімен үш тоғыз болсын.

Қырықбай аға риза боп қалды.

-Рахмет, Жапсарбай. Екі атпасаң өзіме тартқан сұрмерген екенсің,-деп көңілдене сөйледі.

«Қамқалы» совхозының Ешман есімді малшысының үйіне келдік. Түстік ішетін болдық. Қырықбай аға:

-Күн көзі ысып барады. Екі шопыр шай қайнағанша қасқыр мен түлкінің терісін сыпырып тастаңдар. Иістеніп кетіп жүрер,-деді.

Тұрған екеуміз жүк салғышты ашып, қасқыр мен түлкіні түсірмекші болдық. Міне, қызық. Оқ тиіп өлді деген түлкіміз секіріп түсіп тұра қашсын. Ешманның тайыншадай денелі ірі иттері қуып берсін. Ішінде тазы жоқ екен. Айлакер қу түлкі үш-төрт иттің бәрін де алдап, сілекейлерін шұбыртып, сан соқтырып кетті.

Мұндайда сөйлемей, үнсіз қалатын Қырықбай аға ма?

-Оу, сұрмерген Жапсарбай бауырым,-деді  Қырықбай аға екінші хатшыға қарап,-Сен маған олжаңды шын ниетіңмен сыйламаған екенсің. Шын сыйласаң бұлай болмас еді. Кездескен аңды екі атқан емеспін деген сөзің қайда қалды? Бәрінен де айлакер қу түлкінің ауданның екі басшысын бірдей алдап, сазға отырғызып кеткені ұят болды-ау.

Боқаев Жапсарбай аға өте сыпайы, әрі қарапайым жақсы кісі еді. Не десін. Күлімсіреп:

-Дұрыс айтасыз, Қыреке. Шынында айлакер, қу түлкі екен. Мені ұятқа қалдырды. Өтірік өліп қатырып кетті,-деумен ғана шектелді.

Көңілімізді көтерген жақсы күлкіге бой алдырдық.

Соңғы кездесу

-1985 жылдың қоңыр күзі еді. Сарыарқаны жайлаған аудан малшыларын елге қарай көшіруге қам жасалып жатқан. Осы мәселеге орай Арқаға сапар шектік. Қырықбай ол жақта үш күн жүріп, малшылардың көші-қон дайындығына назар аударды. Үшінші күні кешкісін сапар барысын қорытындылады.

-Бәрі дұрыс екен. Малшылардың көңіл-күйлері жақсы. Еңбектері жаныпты. Төрт түлік малдар түгел қоңды. Енді ауылға қайтамыз,-деді Қырықбай аға көңілденіп.

Ертеңіне ауылға бет түзедік. Қырықбай аға не айтса да тереңнен ойланып, толғанып, жеті өлшеп, бір кесіп айтатын еді. Бетбақдаланы кесіп өтіп, Шу бойына таянғанымызда мен ойламаған әңгімені тілге тиек етті.

-Шырағым Марат, он жыл шопырым болдың. Туған баламдай зыр жүгіріп жұмыс істедің. Барлық шаруа сенің арқаңда бітіп жатыр. Ағамның бұл қай айтқаны дей көрме. Күні-түні көлік жүргізуден жалықтым, басқа жұмысқа ауысамын десең еш қарсылығым жоқ. Қай мекемеге, қандай жұмысқа тұрамын десең көмек беруге әзірмін. Бірақ бұл мәселені өзің шешкенің дұрыс,-деді.

Қырықбай ағаның сөзі шынында маған ой салды. «Аға дұрыс айтады. Ағаның арқасында бір жайлы жұмысқа тұрып алсам жақсы емес пе? Лесхозға тұрайын» деген ойға берілдім. Ойланып, толғанып жүргенімде арада үш тәулік те өтіп кетті. Төртінші күні айтуға тура келді. Ол кезде аудандық орман шаруашылығы мекемесін қысқаша орыс тілінде «Лесхоз» деп айта салушы едік.

-Аға, сіздікі дұрыс екен. Сіз айып етпесеңіз жұмыс ауыстырайын. Лесхозға жұмысқа тұрғым келеді,-дедім.

-Жарайды, айтқаның болады. Ақылың бар жігітсің. Тек кетсін деп жатыр деп ойлап қалып жүрме. Ондай ойда болсаң босатпаймын. Менікі жайлы жұмысқа тұрып, демалсын деген ниет қой. Жігітше келістік пе?

-Иә, аға. Бірақ мен сізді қимай отырмын,-дедім көңілім бұзылып.

Қырықбай ағаның да жылы жүрегі толқып, көңілі босады-ау деймін.

-Мен де оңып отырғаным жоқ. Мен де қимаймын. Әлде, машинаны өзің айдай бересің бе? Көбі кетіп, азы қалды дегендей, пенсияға шығуыма да екі жыл қалды ғой.

-Сіздікі дұрыс екен, аға. Сіздің арқаңызда лесхозға жұмысқа тұрып алайын.

Қырықбай аға қайтып сөзге келген жоқ. Телефон тұтқасын қолына алды да құлағына тосты. Нөмірлерін теріп, сәлден соң сөйлесуге көшті.

-Хал-жағдайларың қалай? Мен ауатком төрағасы Қырықбай Асановпын. Бұл лесхоздың бастығы ма?

Аржақтағы адам «иә» деген болу керек. Қырықбай аға сөзін қайта жалғастырды.

-Онда, жақсылап тыңда. Менің қызметтік көлігіме он жыл шопыр болған жігітті жайлы, жақсы жұмысқа алумен қалайсың? Қолыңнан келе ме?

Лесхоз бастығының сөздері маған естілген жоқ. Сәлден соң Қырықбай аға:

-Бір ауыз өтінішті сөзімді жерге тастамағаның үшін көп-көп рахмет,-деп телефон тұтқасын орнына қойды. Сосын маған қарап:

-Жұмысқа ертең механик боп кірісесің. Жаңа қызметің құтты болсын. Жұмыс басты боп Қырықбай ағаңды ұмытып кетіп жүрме. Менің отбасымның тыныс-тіршілігі өзіңе бес саусақтай белгілі. Әрі-бері өткенде үйге соғып тұрғайсың,-деді.

-Жарайды, аға.

Ертеңіне көпшілік «лесхоз» атап кеткен аудандық орман шаруашылығы мекемесіне бардым. Сол тұста бастығы қаладан келген жігіт еді. Аты-жөнін ұмыттым. Жылы шыраймен қарсы алды. Отбасы жағдайыма дейін сұрап білді. Сосын шаруа жайына көшті. Бейтаныс болсам да жобалап отыр екен. Бет жүзіме барлай қарап:

-Қырекең жіберген жігітсің бе?-деді.

-Ие.

-Шынымды айтайын. Қырекеңнің шаруа айтқанының өзіне қуанып қалдым. Ол кісіге саған механик жұмысын беремін деп уәде еттім. Бұйрықты бүгін беремін. Іске сәт дейік,-деді.

Мен жаңа жұмысқа кірісіп кеттім. Көп күнге дейін көңілім алаң боп жүрді. Дегенмен Қырықбай ағаға әбден үйреніп қалған екенмін. Асыл ағаның ел мүддесі үшін уақытпен санаспай күні-түні алашапқын қызметіндегі ерекше қасиет, қылықтарын, отты ауыз, орақ тілінен шыққан өткір сөздерін сағынып жүрдім. Мен ағаға берген уәдемді екі еткенім жоқ. Өз үйімдей боп кеткен ағаның үйіне жиі соғып, Күләнда тәте екеуіне сәлем беріп тұрдым. Қырықбай аға үйде болса шай, тамақ ішкізбей жібермейтін болды. Бәрі де Қырықбай аға мен Күләнда тәтенің пейілдерінің кеңдігі, адамгершілік қасиеттерінің молдығының арқасы еді.

Зымыран уақытта тоқтау болған ба? Арада жылжып жыл өтті. Бір күні «Қырықбай аға сырқаттанып қалыпты. Жамбыл қаласындағы ауруханаға түсіпті. Операция жасататын болыпты» деген суыт хабарды естідім. Алаң көңілім байыз таптырмады. Он жыл бойы күн-түн демей бірге жүрген ағаның көңілін сұрап бармау кешірілмес үлкен айып болатындай сезіндім. Шыдай алмадым. Жатқан емханасының мекен-жайын білдім де жолға шықтым. Түс боп қалған уақытта емханаға жеттім. Мен барғанда Қырықбай аға жатқан палатасында жоқ боп шықты. Жанында жатқандар «Қазір келеді. Күткенің жөн» деді. Арада он минөттей уақыт өткенде аға келді. Мені көріп қуанып қалды.

-Өзім де Марат келіп қалар деп ойланып жүр едім. Келгенің дұрыс болды. Жабырқап жүрген көңілім көтеріліп қалды. Ағаңның халі мәз емес. Денеме жабысқан дерттен емхана төсегіне жіпсіз байланып жатқан жайым бар. Ақ халатты абзал жан атанған дәрігерлердің сөздері жақсы емес. «Операция жасаймыз» дейді. «Операция үстеліне жатпасам болмай ма? Басқа ем жоқ па?» деп сұрадым. «Әбден тексеріп анализ жасадық. Шындықты айтқан жөн. Денеңізді дендеген кесел қалайда операция жасауға мәжбүр етіп отыр. Келісім беру, бермеу өз еркіңізде» дейді дәрігерлер. Келіспеске амалым қалмай отыр. Қайтеміз, пешенеге жазғанды көреміз де. Мен өлімнен қорықпаймын. Әйтеуір, өзекті жанға ертелі-кеш бір өлім. Менің уайымым мүлдем басқа. Ауданда мен атқарар қыруар жұмыстар күтіп тұр. Мен барғанша тоқтап қалатын болды. Алла қаласа операция сәтті өтсе сол жұмыстарды іс жүзінде жүзеге асыруым керек. Ағаңды ұмытпай есіңе алып, елеп келгенің үшін көп-көп рахмет, Марат бауырым. Бұл сенің азаматтығыңның белгісі. Ағалық ақ тілегім отбасыңның қызығын көр. Мен енді демалайын. Ертең операция,  келіспей болар емес. Бала-шағамның бәрі қалада. Жаңа сенің адыңда ғана келіп кеткен. Әкелерін уайымдап өздерінің мазалары болмай жүр. Ауру келсе әлек келді деген осы.

-Сау боп тұрыңыз, аға. Құлан таза айығып, жазылып кетуіңізге тілектеспін,-дедім көңілім алабұртып.

-Айтқаның келсін, айналайын Марат.

Тым мазасызданып сыртқа шықтым. Ойым онға бөлініп, санам саққа жүгірді. Ағаның амандығын тіледім. Көңілдің көк дөнені жүйрік. «Елі үшін еңбек етіп, демалуға уақыт таппайтын асыл ағаға кесел қайдан жұғысты болды екен.? Ертең күрделі  операция болмақ. Ағам өлімнен қорықпаймын деді. Ие, ол кісі ешкімнен, ешнәрседен қорықпайды. Тек жаратқан иеге ғана сыйынады. Шынында қорқатын ештеңе жоқ. Күні ертең операция сәтті өтеді. Өйткені ол кісі халқына керек адам. Жақсы кісінің амандығын тек отбасы ғана емес ел-жұрты да тілеп отыр. Ауруынан аман есен жазылып, сауыққан соң өзін күтіп тұрған қыруар жұмысына қайта кіріседі. Ол кісінің қалай жұмыс істеп, халқына қалтқысыз қызмет ететінін мен жақсы білемін. Халқы да жақсы біледі. Мен бүгін ауылға қайтпаймын. Ертең тағы да келемін» деп іштей ұзақ сонар ой жетегіне ілестім.

Ертеңіне күн көзі сәскеге таянғанда емханаға келдім. Емхана сыртында тұрған автокөліктер көбейіп кетіпті. Көбісі ауылдікі. Көңілім секем алғандай болды. Сыртта ауылдың таныс адамдарына жолықтым. Бәрінің де көңіл күйлері жоқ. Тұнжырап ой үстінде тұрған біреуінен:

-Тыныштық па?-деп сұрадым.

-Қырекең өмірден озды ғой,- деді ол терең күрсініп.

Жүрегім шымырлап қоя берді. Күні кеше көз көрген, бетпе-бет жүздескен адамыңның бүгін бақилық болғанына иланғың келмейді екен. Амал қанша, шындық солай болды. Ауызын арандай ашқан сұм ажалдың құрығы ұзын екен. Тау тұлғалы асыл ағаның тек елім деп соққан жылы жүрегін мезгілсіз мәңгілікке тоқтатты.

Күні кеше ғана Қырықбай ағаға жолығып, дидарласқан сәтім есіме түсті. Сөйтсем бұл менің жақсы ағамен ең соңғы кездесуім екен. Өкініштен өзегім өртеніп қоя берді.

Аңызға айналған азамат Қырықбай ағамыз жайлы көз көргендерден сөз терген эссеміз әзірше осымен тәмам. Кейінгісін тағы көре жатармыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

  1. Редакциядан: Егер де оқырманнан сұрау болып жатса автор эссесін тағы жалғастырады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.