Мектебім-мейірімді мекенім
Бойға қуат, ойға тың серпін беретін жазғы демалыс та аяқталып, оқушылар бір — бірімен ыстық ықыласпен қауышатын сәт те келіп жетті.
Жаз қызығына бөленген оқушыларды білімге шақыратын күміс қоңырау күздің алғашқы күнінде соғылды.
Аптаның жұмасында Түркістан ауылдық округіне қарасты Үшбас негізгі мектебінде «Мектебім — мейірім мекені» атты білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанатты жиын өтті. Шараға аудан әкімінің өкілдері, Үшбас негізгі мектебінің директоры М.Мамытов, ұстаздар мен оқушылар және ата-аналар қатысты. Жиында сөз алған мектеп директоры М.Мамытов оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім жолында сәттілік тіледі: — Бүгінгі күн әрбір баланың көкірегіне нұр құйылған, әр ұстаздың жүрегі тебіреніп, шарықтаған, әрбір ата- ананың мерейі арта түскен қуанышты сәт. Алтын ұя мектебіміздің табалдырығын биыл 40 оқушы аттап отыр. 3 оқушы бірінші сыныпқа аяқ басса, мектепке дейінгі даярлыққа 4 оқушы қабылданды. Мектепке биыл қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған жаңадан кабинет беріліп, интернет желісі 10 Мбит/стан 20 Мбит/сқа дейін артты. Мұнда білім аламын деген әр оқушыға бар жағдайлар жасау үшін аянбай еңбек етеміз. Хакім Абай айтқандай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады». Бүгінгінің жастары озық ойлы, саналы болуы тиіс. Сіздерді жаңа оқу жылымен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы берекелі болсын, — деді. Шара концерттік бағдарламаға ұласып, ашық аспанда әсем ән мен күмбірлеген күй төгілді. 8-сынып оқушысы А.Амантайқызы Ы.Алтынсариннің «Кел балалар, оқылық» өлеңін жатқа айтты. Кештің ең керемет сәті алғашқы қоңырауды мектептің 9- сынып оқушысы Р.Алмабай мен 1 сынып оқушысы А.Кәрім сыңғырлатып, көпшілікке әсерлі сезім сыйлады. Мұнан кейін оқушылар алғашқы сынып сағатына қатысу үшін мектепке аяңдай басып кірді.
Алғашқы қоңырау шарасы ауданымыздағы барлық мектептерде өтті.
«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын ұяның алғашқы күні осылай думанмен басталды. Ақ бантик, көк галстукпен сәнін тапқан оқушылар алдағы даңғыл мақсатқа жол тартты.
С.қуандықұлы,
«Sarysý»