АТА ЗАҢЫМ-АЙБАРЫМ

0

Еліміздің құқықтық нормативтік актілері қалыптасып, заңнамалық құжаттарды қабылдап, Ата Заңымызды бекіткеніне биыл 28 жыл толып отыр. Осынау тарихи сәт қазақ елінің іргесін нығайтып, дербес мемлекет болып саналған ұлы оқиға болды. Ұлт болып ұйысып, ел болып еңсемізді көтердік. Шаңырағымыз шаттыққа толып, «алты құрлыққа» айбынымызды таныта білдік.

Мемлекеттік статусымызды танытатын Ата заңымыз қашан да қадірлі. Жүрегі «Отаным» деп соғатын әр азамат Конс-титуцияны құрметтеп, қағидаттарына бағынады. 30 тамыз — Конституция күніне орай, аптаның сейсенбісі күні аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өткізілді. Рухқа бөлеп, патриоттық сезім сыйлайтын кешке аудан әкімі С.Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков, мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлері және тұрғындар қатысты. Салтанатты шара әуелеген Әнұранмен бастау алды.

Жиында аудан басшысы С.Мамытов құттықтау сөз сөйледі:

— Азаматтығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң-Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы. Біз қуатты елге, әлеуетті ұлтқа айналдық. Өткен жылы Мемлекет басшысының бастамасымен елімізді одан әрі демократияландыра түсу мақсатында жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Ата Заңымыздың 33 бабына 56 өзгерту енгізілді. Ел үшін маңызды күнде сарысулықтар да бірлік танытып, орнықты қадам жасауда. Еліміздегі игілікті істер мен жеткен жетістіктеріміз тұғыры биік Конституциямыздың арқасында ғана мүмкін болып отыр. Ата Заңын ардақ тұтқан еліміздің еңсесі биік, рухы асқақ, болашағы жарқын, береке-бірлігі мәңгілік болсын,—деп, барша аудан тұрғындарын айшықты мерекемен құттықтап, ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды және заң үстемдігін сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жемісті еңбек етіп жүрген құқық қорғау саласының қызметкерлері «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі» үшін медалімен, Жамбыл облысы әкімінің, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков және «AMANAT» партиясы Сарысу аудандық филиалының төрағасы М.Есмұрзаев та жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, қызмет салаларының үздіктерін аудандық мәслихаттың, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапаттады.

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұлттық нақыштағы әндерді шырқаса, «Айжан қыз» халықтық бишілер ұжымы мың бұрала билеп, салтанатты шараның сәнін келтірді.

Ата Заң ардақталып, елдіктің туын желбіреткен шараның мәні мен мақсаты бөлек. Көпшілікке рухани-патриоттық сезім ұсынған кеште көрермендер өнерпаздардың өнерлеріне қошемет білдірді.

Самат Тоқбанов,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.