Өнер фестивалі өтті
Ғасырға жуық тарихы бар шежірелі де құтты мекеніміз Сарысу ауданының тарихын, осы өлкеден шыққан тұлғалар, даңқты азаматтарды, туған өлкенің табиғатын, тарихи ескерткіштерін, әдебиетін, өнерін өскелең ұрпаққа насихаттап, туған жерді сүюге баулу мақсатында және ауданның 95 жылдық мерейтойына орай өтіп жатқан «Саялы өлкем-Сарысуым» атты мәдениет және өнер фестивалі Ұ.Сыздықбайұлы
ауылында жалғасын тапты.
Концерттік бағдарламаны аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, аудандық және ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев және мекеме, кәсіпорын басшылары, аудан ардагерлері ауыл тұрғындарымен бірге тамашалады.
Шара шымылдығын Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің мұғалімдер ансамблі Қазанғаптың «Ақжелен» күйімен ашты.
Ауыл өнерпаздары әуелете ән салып, мың бұрала би билесе, мектеп оқушылары арнау өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, еңбек ардагерлері, ұлағатты ұстаздар Д.Ақділда, З.Қаспақов бастаған әншілердің өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Сондай-ақ асық ату, кір тасын көтеру, ләңгі тебу, арқан тарту спорттық ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Жеңім-паздар аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдарымен марапатталды.Жаңаарықтағы шабытқа толы шара көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
С.Рысбекұлы, «Sarysý»
Жылы жїздесу
Ауданымыздың өркендеп өсуіне қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдар сүбелі үлес қосып жүр. Атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Осы орайда аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында, этно-мәдени бірлестіктерінің (үкіметтік емес ұйымдар) төрағалары мен Ауған, Тәжік соғысы және Семей ядролық полигонының ардагерлерімен кездесу өткізілді.
Шараны аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков төрағалық етіп жүргізді. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Г.Алтынбекова баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы бөлісті. Кездесуде бірқатар мәселелер талқыланып тұшымды әңгіме мен ұсыныс-тілектер тыңдалды. Мәселен, аудандық Семей полигоны қозғалысының мүшесі Ж.Қасымбеков жастар арасында патриотизмді насихаттайтын шараларды көптеп өткізу керектігін айтса, Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сыздықов ұлтжандылыққа жетелейтін қадамдардың бірі жастардың әскерге тартылуы мәселесіне тоқталды. Аудандық «Желтоқсаншылар» ұйымының төрағасы Н.Есмаханов қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларда ақсақалдармен кеңе-судің маңыздылығын айтты. Жиынға қатысушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдаған аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков Семей ядролық полигонының жабылуына 32 жыл толуына байланысты, ізгі құттықтауын білдіріп, алдағы уақытта да мұндай еркін форматтағы жүздесулер жүзеге асырылатынын жеткізді.
Самат ҚУАНДЫҚҰЛЫ,
«Sarysý»