Еліміздің намысын қорғаған Асу
Ауданымыздан шыққан спортшыларымыз әлем ареналарында өз бақтарын сынап, жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды асқақтатуда. Төрткүл дүниеге қазақ елін танытып жүрген спорт саңлақтарының еңбегі орасан зор.
Аралас жекпе-жек бәсекесінде өнер көрсетіп жүрген жерлесіміз Асу Абайұлы Алмабаевтың алып жүрген асуы аз емес. Жақында UFC-дегі сайыста жеңімпаз атанған спорт саңылағын жерлестері Жаңатас қаласының кіре-берісінде құрмет көрсетіп, қарсы алды.
Орталық алаңда А.Алмабаевтың құрметіне өткен шарада айтыскер ақын Талғат Құсайынов жеңімпаз жерлесімізге арнау арнады.
Салтанатты шарада аудан әкімі Сәкен Мамытов Асу Алмабаевты жеңісімен барша аудан тұрғындары атынан құттықтады.
— Сізді Америка Құрама Штатында өткен жекпе-жекте еліміздің мерейін асырған жеңісіңізбен құттықтаймын. Бұл күллі еліміздің және ауданымыздың мәртебесін асырған айтулы оқиға болды. Жеңісті күндеріңіз көп болсын, — деп жеңімпаз оғланымыздың иығына шапан жауып, жерлестерінің атынан түйе мінгізді. «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Одан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйлеп, «Сарысу ауданының Құрмет грамотасын» табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық мәслихаттың депутаты Бауыржан Балғабай А.Алмабаевты кезекті жеңісімен құттықтаса, аудан қариялары Қоңырбеков Ордабек және Қалжанов Шәріпбек ақ баталарын берді.
Өз кезегінде Асу Абайұлы және әкесі Абай Алмабаев қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына, сарысулық жерлестерге алғысын жеткізді.
Аудан жұртшылығының мерейін асырған спортшыға құрмет бұдан әрі Жаңатас-Саудакент тас жолының бойында орналасқан «Ысты Тілік баба» мемориалды кешенінде және туып-өскен ауылы Жаңаталапта жалғасты. Баба рухына құран бағыштап, тағзым жасаған жерлесімізге ауылдастары батасын беріп, ат мінгізді.
С.Есқараев, «Sarysý»