Ысты тайпасының ойық, тілік ұрпақтары туралы
2003 жылы «Өнер» баспасынан шыққан Ысты шежіресі бойынша Ысты баба Бәйдібектің екінші әйелі Зеріп ананың екінші ұлы Жәлмебеттен туған. Ыстының анасының есімі Сыланды. Сыланды ананың ұлы Ыстыдан төмен қарай таратылған тізбені келтіре кетудің артықтығы жоқ.
Ысты – Жауатар – Жаубас – Жаубасар — Ел би – Ер би – Есіл би – Құл ақын – Сыр би – Сор би – Қарамыс шешен – Қараукөрген – Сары би – Жолды батыр – Нәубет би – Кер би – Көсем шешен –Құбық – Серкеш – Жортар батыр – Зығыр – Қоды палуан – Қоғам – Қарай батыр – Аққарай жырау – Естеміс би – Сырғали би – Сергек сері – Өсер би – Ойық. Яғни, Ысты бабаның өзінен бас-тап санағанда Ойық отызыншы буында тұр. Ал, Кер биден Көсем шешенмен бірге туатын Күсен көсе Тіліктің түп-тұқияны болып табылады. Яғни Күсен көсе – Серік – Еркеш – Нуби – Сағыр – Шар би – Олпы – Ақ сопы – Сары сопы – Келден – Нартай – Тоқа – Тілік. Тілік аталығы да Ыстыдан отызыншы буында тұр.
Ал, Тілік бабаның ұрпақтары қазіргі Сарысу ауданында тұрып жатыр. Бұл туралы белгілі журналист, ақын, марқұм Әлсейіт Әлменовтің осы кітапта жарияланып отырған «Қаратау – ата мекен, құтты қоныс» деген танымдық дүниесінде толық баяндалған.
Әрине, бұл шежірелік деректе ішінара қайшылықтар бар екендігін еш естен шығармауымыз керек. Мысалы, тікелей Ыстының ұлы Жауатардан бірденен Ойық, Тілік, Сызықшы таратуы соңғы шығарылған «Ысты» шежіресімен үйлеспейді. Бірақ бұл үшін авторды еш кінәлауға болмайды.
Себебі, жоғарыдағы мақала соңғы шыққан ғылыми тұрғыдан тұжырымдалған үлкен кітаптан бұрын жазылған еді. Сондықтан да оның мақаласын еш өзгеріссіз қалдырған жөн дедік.
Ал, Ошақты руына байланыс-ты келетін болсақ, шежіре бойынша Ошақты Бәйдібектің Жәлменбет деген ұлының үшінші әйелі Қоңырат қызы Қарашаштан (Тұмар – қосымша аты) Ошақты дүниеге келген.
Енді, Ошақтыдан тараған Байлы (Байназар), Тасжүрек (Қайназар), Аталық (Бекназар), Қоңырлардың (Қайназардың) әкелері Атшабар әулиеге дейінгі тізбені таратып көрейік.
Ошақты – Оңқай – Ор – Мығым – Мақ – Қасты – Тақ – Орхон – Еңсай – Іштек – Оқ – Марай би – Моқым – Тарғап – Қарақ – Арғын – Қарым – Тоқбай – Керімбек – Жұрымбай – Бәйкебай – Алымкөк – Меркітбай – Өренбек – Құрымбек – Асан – Қоқымбай – Теке – Көкімбек – Өрен. Өреннен – Атшабар, Балашабар, Қосшабар тарайды. Яғни, Ошақтының өзін қосқанда Атшабар атаға дейін отыз буын.
Атшабардан тараған Байлы, Тасжүрек, Аталық, Қоңыр ұрпақтары қазіргі Сарысу ауданы мен іргелес Талас аудандарында тұрып жатыр.
Ошақты тайпасынан да көптеген көрнекті тұлғалар шыққан. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Саңырық батыр, Бөтірік шешен, дүлдүл ақын қыз Ұлбике Жәнкелқызы осы атадан өрбіген. Өткен дәуірдегі аты мәлім тұлғалардың қатарында Сапақ би Жаншуақұлы, Итемген батыр, Үмген болыстар туралы ел аузында көптеген әңгімелер сақталған. Ал бүгінгі дәуірде де қоғам өмірінде, ғылым әлемінде аты көпке танымал айтулы тұлғалар жетерлік. Филология ғылымдарының докторы, әдебиетші, профессор Мырзатай Жолдасбеков, химия ғылымдарының докторы, академик, профессор Құралбай Құлажанов, техника ғылымдарының докторлары, академик, профессорлар әкелі-балалы Өмірбек Жолдасбеков, Скандарбек Жолдасбеков, ғылым докторлары Сүлейменұлы Қуаныш, Махамбетұлы, Қамбар, Тәйменұлы Сейсенбек, Жарылқасынұлы Бақытжан секілді ғалымдар, генерал Файзин Қыпшақпаев, қаламгер, жазушылар Серік Әбдірайымов, Өкім Жайлауов, Асқаржан Сәрсеков, Әбді Шынбатыров, Абдрахман Асылбековтер, белгілі педагог Сәуле Мұсаева, Социалистік Еңбек Ерлері Алпамыс Рысбаев, Әбдір Сағынтаев, Түйше Пірімқұловтар осы Ошақты әулетінің болып табылады.
Ысты тайпасынан шыққан көрнекті өкілдер қатарында қазақтың ұлы перзенті Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев есімі ауызға бірінші келеді. Сондай-ақ көрнекті қоғам қайраткерлері Түймебай Әшімбаев, Кеңес Аухадиев, Шалбай Құлмаханов, Айтбай Назарбеков, ғалым, қоғам қайраткері Асқар Қонаев, көрнекті ақындар Шона Смаханұлы, Рафаэль Ниязбеков, өнер қайраткері Ізбасар Балтағұлов, айтыс-кер ақын Шорабек Айдаров, шежіреші Серібек Еркінбекұлы, ғалымдар Ауданбек Көбесов, Амантай Біржанов, Кеңес Одағының Батырлары Сәду Шәкіров, Садық Әбдіжаппаровтар осы Ысты тайпасының ұрпақтары болып табылады. Ал көне дәуірге көз жүгіртсек, Биқоңырұлы Төлек батыр, Жарықбас атанған Бақай батыр, Әлменұлы Бөлтірік шешен, Жәкен әулие, Шахан әулие, Ілебай датқа, Шоқай датқа, Құлшық датқа есімдері көпке танымал.
Аудан аумағында Орта жүздің Тарақты руының өкілдері де тұрады. Арқа жерінде Шеркеш, Алшын, Тама, Жағалбайлылармен іргесі ажырамаған тарақтылар да кешегі аумалы-төкпелі заманда Қаратау өңіріне Кіші жүздермен бірге қоныс аударған болатын. Қазір аудан аумағында Тарақтының Көгедей, Тоқтауыл, Меңлібай, Көпсары әулеттерінің ұрпақтары қоныс тепкен. Қазақ тарихында орны бөлек Байғозы батыр секілді ұлды дүниеге келтірген осы әулеттен бүгінде қазаққа танымал, Тұяқ секілді шешен, айтулы қаламгерлер мол шыққан. Солардың қатарында сонау тұяқ шешеннен бері Медеу Сәрсекеев, Ақселеу Сейдімбек, Балтабай Адамбаевтар бар. Ал Адамбаев болса, осы Сарысудың төлтумасы. Оның атымен Саудакенттегі ең үлкен мектеп аталады. Ұлы Отан Соғысында 280 немісті жер жастандырған батыр Ыбырайым Сүлейменов, көп жылдар ауданды басқарған Аман Алпыспаев, Қырықбай Асанов, шаруашылықты басқарған Жұматай Адамбаев, аудан құрылысына белсенді атсалысқан Ерубай Жылқыбаев секілді азаматтар бар.
Мақала жазушы
Пернебай ДҮЙСЕНБИНнің
«Сарысунама» кітабынан алынды
(Жалғасы келесі сандарда)