Әлеуметтік кодекс
Халықтың әл- ауқатын анықтап, мәселелерін шешуде әлеуметтік шаралардың маңызы зор. Осы орайда, 2020 жылғы қыркүйектегі екінші жолдауында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырды. Бұл – жаңа құжат және оны әзірлеу үшін әлеуметтік саланы реттейтін барлық заңды біріктірудің қажеттілігінің туындауынан іске асып отыр. Қазір ондай заңдар саны 17-ден кем емес (жәрдемақы, атаулы көмек, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы туралы және т.б.).
Үстіміздегі жылдың шілде айында қолданысқа енгізілген жаңа кодекстің басты міндеті – мемлекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатынын нақты бекіту. Бұл саланың басты міндеті – халықтың осал топтарын қамқорлыққа алу және олардың маргиналдануына жол бермеу, азаматтардың негізгі құқықтарын қамтамасыз ету. Бұл әсіресе көпбалалы отбасылар, жалғызілікті азаматтар, мүгедектер, қарттар және басқа да осал топтарға қатысты.
Кодекс 5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Кодекстің бірінші жаңалығы – Отбасының цифрлық картасы немесе еліміздегі отбасылардың дербес дерекқоры. Кодекс арқылы отбасының цифрлық картасы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың орта және ұзақ мерзімді міндеттері мен бағыттарын айқындау құралы ретінде белгіленді. Яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын қарастыруға мүмкіндік алады. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылып жатыр. Мемлекеттің дамуы мен әлеуметтің әлеуетін арттыруда бұл маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Г.Мұсаева,
Жаңатас қаласы әкімі аппаратының әлеуметтік
бөлімше басшысы