Спорт саңлақтары қошеметке бөленді

0

Сарысу өңірінің халқы — спорт мақтаныштарымен қашан да мақтанып құрмет көрсетуде аянып қалмайтын қасиет қонған өлке. Әр сайыста жүлдемен оралып, мәртебені көтерген жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ерекше құрмет көрсетіп, көпке үлгі етуді үнемі қолға алып келеді.

Жуырда Астана қаласында өткен жауынгерлік самбодан жастар арасында Азия чемпионатында сарысулық қыздар жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Атап айтқанда, 54 келі салмақ бойынша Салимьянова Рамиля 1- орын, 65 келі салмақ бойынша Алмағанбетова Жансая 1 — орын және 59 келі салмақ бойынша Байғараева Сағат 2-орынды иеленіп, жеңіспен оралды. Бұл туралы газетіміздің алдыңғы нөмірінде хабарлаған болатынбыз.

Осыған орай, аптаның басында “Сарысу Аманат-2050” қоғамдық қорының жетекшісі Самат Жанқожаевтың ұйымдастыруымен қаламыздың «Жібек жолы» кафесінде жеңімпаз қыздарымызға арналған кездесу өткізілді. Шара спорт саңлақтарын қала ішінде шерумен аралатумен басталды. Көпшіліктің қошеметімен жалғасқан кездесуде аруларға ұйымдастырушылар гүл шоқтарын беріп, ыстық ықыласпен қарсы алды. Мұнан кейін аталмыш қоғамдық қордың жетекшісі С.Жанқожаев спортшыларды айтулы жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарға сәттілік тілеп, спортшы қыздарға арнайы Алғыс хат пен  бағалы зергерлік бұйымдарды тапсырды. Кеш соңы дастарқан басындағы емен-жарқын әңгімеге ұласты. Бұл да жас өрендерімізге көрсетілген құрметтің белгісі. Атпалдай азаматтар мен арулардың есімін елге үлгі етіп жүрген «Сарысу Аманат — 2050» қоғамдық қорының игілік жолындағы жұмыстары жалғаса бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.