ЕҢБЕКТІҢ ЕБІН ТАПҚАН АЗАМАТ

0

Қазақта «Еңбек етсең емерсің» деген жақсы сөз бар. Кәсіпті дөңгелетіп, жемісін көруге ынтамен қатар икем де керек. Адал  кәсіп жер мен ауа райын таңдамайды. Тек орайлы сәтті оңтайлы пайдалану керек. Бүгінде адал еңбегінің жемісін жеп, мақсаттарына жетіп жүрген сондай еңбекқор жанның бірі Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылының тұрғыны Байтілеуов Асқар Елеубайұлы.

Кәсіпкер үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, көкөніс дақылдарын егу жұмыстарын жүргізуді қолға алуда. Климаты мен табиғаты бөлек аймақтың қысы ұзақ та қатал, жазы қысқа да салқын болатыны аудан жұртшылығына белгілі. Осыған байланысты еңбектің ебін тапқан азамат картоп, қауын-қарбыз, қияр дақылдарын арнайы полиэтилен жабындысы бойынша егіп өсіруде. Айта кетейік, полиэтилен жабындысының пайдасы салқын ауа райы қалыптасқан округтің климаттық жағдайында, күн сәулесін қатты тартады және бақшаны артық арамшөптерден сақтайды. Дәнді дақылдарды шашау шығармай жинауда осы әдіс табиғатқа  залал келтірмейді әрі артық шығын да шықпайды.

Дихан жігіт Асқар Елеубайұлымен тілдескенде: — Бүгінгі таңда, адал еңбегімнің жемісін көріп жатырмын. Аллаға шүкір. Осы жұмысқа қолғанат болып жүрген балаларымды да жазғы демалыста ұялы телефонға телміртпей еңбекке баулу және өз отбасының тұтынуынан артылып жатса ауыл тұрғындарына дәрісіз, таза өскен көкөніс дақылдарын арзан бағада ұсыну, — деп ағынан жарылды.

Сауап пен борышты қатар алып, елге үлгі болып жүрген азаматқа тек қана жұмыстарына табыс тілейміз. Адал кәсіптің түбі — нәсіп екенін ұмытпайық.

Ж.Байысбекұлы, Ә.Бүркітбаев ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.