АНАНЫҢ ЖҮРЕГІ-ӘЛЕМНІҢ ТІРЕГІ
Байқадам ауылдық округі әкім аппаратымен қара шаңырақ Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің ұйымдастыруымен «Ананың жүрегі-әлемнің тірегі» атты аймақтық форум өткізілді.
Форумға көпбалалы аналар- Таңатарова Кенжегүл, Абуова Мадина, Сейналиева Анар, Өзгелдиева Нұрсауле, ардагер ұстаздар- Асылханова Мағи, Нүркенова Ләйлә, Оразова Гүлдана, Ырзыхия Смағұлқызы, әйел кәсіпкерлер -Халима, Сандуғаш, Ақбөпе, Бағилаш, ал әйел басшылар-Искакова Ақбай, Қожаханова Ләззат, Кокушева Эльмира, Тұрмаханова Гүлшат, Сарысу ауданы білім бөлімінің әдіскері Бетаева Бота және ауылымыздың аяулы ұстаздары қатысты.
«Ананыңы жүрегі-әлемнің тірегі» деген тақырыпты арқау еткен форум әйел аналардың қоғамдағы орны мен рөлін күшейтуді, отбасылық және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді, әйелдердің қоғамдық белсенділігін арттыруды мақсат етті.
Форумға келген қонақтарды мектебіміздің күйшілері ұлттық аспапта құлақ құрышын қандырар күймен қарсы алуы қазақтың ұлттық құндылықтарын айшықтап тұрды. Фойеде аяулы аналарды дәріптейтін көрме және нәзік жандылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, мектеп ұжымы қонақжайлылығынан, өнер тұнған орда екендігінен хабар беріп тұрды.
Форумға арнайы қатысқан аудан әкімі аналарды мерекемен құттықтап, қоғамдағы аналардың рөліне баса мән бере отырып, форумның мәні мен мақсатына тоқталды.
— Ауданымыздың баянды бірлікте тоғысып келе жатқаны ең алдымен Сарысу ауданының халқының бекем бірлігі, соның ішінде батыр аналарымызбен апаларымыз халық игілігі жолында еңбек етіп, туған елді түлету үшін тындырымды тірлікпен ерекшеленіп, сара жолдары кейінгі ұрпаққа үлгі болып келе жатыр. Тәңірдің бізге ұсынған үлкен сыйы – Тәуелсіздік болса, басымызға қонған осы бақыттың баянды болуына әйел-аналардың қосар үлесі зор. Халқымызда «Әйел ана бір қолымен тал бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген даналық сөз бар. Ұрпақ тәрбиелеу арқылы ұлт тәрбиесін қалыптастырып жүрген әйел аналардың қоғамдағы орны биік, – деді. Форумға қатысқан аналарымыз да өз пікірлерін білдірді.
Форумның соңы концерттік кешпен жалғасып, Байқадам ауылдық округінің әкімі Мейіржан Өксікбаев ауылымыздың өркендеуіне үлес қосқан аналарды марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.
Г.Сыздықова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
ұлттық құндылықтар ұрпаққа аманат
Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық құндылық, ұлттық рух, ұлттық сананы назарға алу — бүгінгі қоғамның талабы. Болашақта ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу қазіргі ұлттық идеяның негізгі өзегі болып саналады. Адамзат дамуындағы тұлғалық, ұлттық құндылықтардың маңызы ертеден-ақ ғұламалар назарындағы маңызды мәселе болғаны анық.
Осы орайда біз төменде осы ұлттық идеяны жүзеге асыру барысындағы ұстаздық дүниетаным, кәсіби білім, күнделікті іскерлік тәжірибелерімізге сүйене отырып, бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіруді үш тұғырлы маңызды фактор аясында қарастырып талдау жасадық.
Ең алғашқы да маңызды фактор- отбасылық тәрбие. Баланың алғашқы әрі өмірлік ұстазы – оның ата-анасы болып саналады. Отанның да отбасынан басталатынын ескерсек, ұлттық құндылықтардың дәні егілетін, ұлттық тәрбиенің де отбасынан басталатыны ақиқат. Отансүйгіштік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл аймағының ықпалы зор. Баланың ер жетіп өсуі, бойындағы ұлттық құндылықтар мен рухани әлеміне сай алғашқы адамгершілік қасиеттері отбасында қалыптасады. Халық даналығындағы «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал да осы алғашқы тұғырдың маңыздылығының дәлелі деп есептейміз. Жас ұрпақты тәрбиелеуде отбасында ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүр, салт-сана, ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адамгершілігі мол, шығармашылық тұлға етіп қалыптастыру-бұл қазіргі таңдағы өмір талабы және әрбір ата-ананың басты мақсаты болуы тиіс.
Екінші маңызды фактор – мектептегі оқу-тәрбие ісі. Ұлттық құндылық белгілі бір бағытты, мақсатты, жүйелі оқу-тәрбие қызметі негізінде жүзеге асатын ғылыми көзқарас, адами мінез-құлық қоғамдық тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе екені анық. Олай болса, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар негізі – рухани білім, ізгілік, адамгершілік, парасаттылық, имандылық арқылы ұлт жанашырын, ертеңгі ел мен жер иесін тәрбиелеуде мектептегі оқу-тәрбие ісінің үлесі зор. Осы орайда жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру саласында халықтық педагогикаға негізделген, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпын, ұлттық мінез-құлық мәдениетін жастайы-нан меңгерту арқылы олардың бойына ұлттық рух, ұлтжандылық, имандылық, адамгершілік, ұлттық сана элементтерін қалыптастыру еліміздегі әр білім беру ордасының ұлт алдындағы ұлы парызы деп санаймыз. Ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың үшінші маңызды факторы — әлеуметтік орта немесе қоғам. Ұлттық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлттық парыз, намыс, ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың жоғары көрсеткіші ретінде қалыптасады.
Біздің ойымызша қазіргі ұстаздар алдындағы ұлы мақсат – оқушыларға білім беру, тәрбиелеу ісінде ата-бабадан қалған ұлттық мұра құндылықтарын, ұлттық сана, ұлттық менталитет негіздерін қазіргі заманауи қоғам-ның мәдени-рухани жетістіктерімен үйлестіру.
Ұрпағымыз ұлттың өкілі ғана емес, ол ұлттық рухымыздың мұрагері. Ұлттық сана сезімі жетілген, ата-бабасының салт-дәстүрі сәтті насихатталған, ұлттық тәрбие нәрімен сусындаған ұрпақ қана болашақта өз ұлтына қызмет етіп, өз ұлтын, мемлекетін әлемдік өркениет талаптарына сай гүлдендіре алады. Сондықтан да, бүгін біз, яғни ұстаздар қауымы өскелең ұрпақтарды тәрбиелеуде ата-баба дәстүрі мен салт-санаға негізделген ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсете алсақ, болашақта жастарымыз жаһандану заманындағы адамзат қоғамының әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне, өзінің жасынан үш тұғырлы негіз арқылы санасына сіңген «ұлттық кодын» сақтай отырып, жоғары деңгейде бейімделе алады деп сеніммен айтуға болады.
Ж.Заурбекова,
Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары
Ұрпақ тәрбиесі -ұлттық педагогика негізінде
Педагогика бұл-адамзат ғылымының ең ежелгі және қоғам дамуының ажырамас саласы болып табылады. Себебі педагогикалық білім ұғымы ұрпақты білімге дайындау немесе тәрбиелеумен байланысты адам әрекетінің ерекше аймағына кіреді. Педагогикалық ұғымдардың бірі — тәрбие.
Тәрбие дегеніміз — адамдарды қоғамдық өмірге және өнімді еңбекке дайындау мақсатын көздеп, жаңа ұрпаққа қоғамдық-тарихи тәжірибені беру процесі. Жас ұрпаққа тәжірибені беруде ең алдымен ұлттық педагогиканы ұмытпағанымыз жөн. Себебі халық педагогикасының негізіне ұлттық рухани, мәдени мұралар, салт-дәстүрлер, әлеуметтік мінез-құлық нормалары кіреді. Ауыз әдебиетінің үлгілері, оның ішінде мақал-мәтел, өлең-толғау, термелер, жұмбақтар – ақыл-ойды жетілдірудің; батырлар жыры, ән-күй, терме-тақпақ – эстетикалық және ерлік рухта тәрбиелеудің; ертегілер мен аңыздар – адамгершілік мінез-құлықтар мен қарым-қатынасты қалыптастырудың құралы ретінде пайдаланылады. Баланың ойлау, танымдық қабілетін арттыруда жұмбақ шешкізудің маңызы зор. Кез-келген сабақта жұмбақты қолдану оқушылардың білімпаздығын, алғырлығын, тапқырлығын дамытуға көмектеседі. Мақал-мәтелдерді белгілі тақырыпқа сай қолдану арқылы оның тәрбиелік мәніне түсінік бере отырып, оқушыларды тура жолға сілтеуге, адамгершілік қасиеттерге баулуға мүмкіндік зор. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында сабақта ертегі немесе әңгіме құрастыруды ұсыну оқушылардың сөздік қорын молайтуға, өз бетімен жұмыс істеуге көп септігін тигізеді. «Сақина салу», «Орамал тастау», «Хан талапай», «Нысана көздеу» сияқты ұлттық ойындарды сабақ барысында ойнату оқушылардың өз халқына деген сүйіспеншілігі мен құрметін арттыра түсетіні кәміл.
Халықтық педагогика – қоғамның рухани, мәдени және адамгершілік қарым-қатынастарындағы ең қымбат қазына дейтін болсақ, оқушыларға ұлтымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін үйрету, оны оқушы ойына ұялату арқылы ізгілікке, адамгершілікке, ұлтжандылыққа, өз салт-дәстүрін құрмет тұтуға баулу – ұстаздар қауымының бірінші міндеті деп білемін.
Ж.Жақып,
Абылай хан атындағы
мектеп-лицейінің оқытушысы