ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС, ҮЙРЕТУДЕН БАЛАҒА!

0

«Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымдарының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады».

Қ.К.Тоқаев

Қазақстан Республикасының Президенті

Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, шыдамды, шымыр болады. Біздің ата- бабаларымыз «тәні саудың — жаны сау» немесе «бірінші байлық — денсаулық»,- деп бекер айтпаған.

Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев ауылында аудандық спорт мектебінің филиалы волейбол үйірмесі 2005 жылдан бері жұмыс жасайды. Жаттықтырушысы Марат Қайсарбекұлы Стыбаев ағамыз. Марат ағамыздың тынымсыз еңбегі мен жалықпастан доп үйретуінің нәтижесінде волейбол үйірмесіне қатысқан ауыл жастары волейбол ойынынан өте жақсы, үздік жетістіктер көрсетіп келеді. Жастардың бұл жетістіктері ауданымыздың орталығы Жаңатас қаласы мен ауданымызға қарасты ауылдарда, көршілес Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ аудандарында «Бразилияда футбол, Бүркітбайда волейбол» деген сөз волейбол спортшыларының арасында мәтел болып кеткен. Бұл мәтелді де Марат ағамыздың қажырлы еңбегінің бір көрсеткіш-көрінісі деп түсінгеніміз жөн.

Ретімен айтатын болсақ Марат аға жаттықтырған жасөспірім оқушы қыздар командасы 2010 жылы Жамбыл облыстық «Ауыл ойындарының» спартакиадасынан бас жүлде алып чемпион атанса, 2012 жылы екінші рет чемпион атанып, Алматы қаласындағы Республикалық волейбол турниріне жолдама алып, байқаудан жүлделі орынмен оралды.

2014 жылы Марат ағамыздың шәкірттері VII-облыстық мектеп, колледж оқушылары арасында өткен волейбол турнирінен тағы да чемпиондық атақты жеңіп алды.

Марат аға баптаған мектеп оқушылары волейболдан Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Шымкент, Түркістан, Талғар қалаларында өткізілген республикалық турнирлерден талай рет мерейлері үстем болып, топ жарып, жүлделі оралды. Осы жеңістердің барлығы тынымсыз тер төгіп, шаршамай-шалдықпай жастарды үйреткен бапкердің еңбегі екендігі айдан-анық.

Мектеп қабырғасын бітіріп, жоғары оқу орындарының табалдырығын аттаған Марат ағаның шәкірттері институт, университеттерде волейболдан жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүр. ЖОО-ның мақтаныштарына айналды.

ТарМУ-ға білімгер болып қабылданған тағы бір шәкірті Мейрамбек Нұрдәулет Жамбыл облыстық волейбол құрама командасына мүше болып қабылданып, облысымыздың намысын талай дүбірлі додаларда қорғап, ауылымыздың атын асқақтатып жүр. Қазақстанның жастар арасындағы чемпионы, екі мәрте күміс жүлдегер.

Біз жоғарыда сөз етіп, осы мақалаға өзек болып отырған Марат Қайсарбекұлы Стыбаев 1963 жылы 13 ақпанда Түркістан совхозында дүниеге келген. Орта мектеп бітірісімен, кеңшардың №1 сүт фермасында жұмыс істеп, 1983 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге, Ленинград қаласына шақыртылды. Әскер қатарында да абыроймен азаматтық борышын өтеп, үздік жетістіктерімен көзге түскен Марат ағамыз Одақтың Новосибирск қаласындағы жоғары әскери академиясына шақырту алған. Бірақ ауылдағы ата-анасының орыс болып кетесің деген қарсылығына байланысты, елге қайтқан. Әскери академияға түскен болса, Марат ағадан Қазақстан Қарулы Күштерінің керемет генералы шығатын еді. Үлкендердің сөзін аттамай елге оралып, Түркістан кеңшарында түрлі жұмыстар атқарды.

2001 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетіне түсіп, 2006 жылы бітіріп шыққан.

2006 жылы «Әулие Ата» университетінің дене шынықтыру жәнен спорт факультетіне түсіп, бітіріп шыққан.

2005 жылдан бастап, осы Жаңатас қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде волейбол үйірмесінің жаттықтырушысы қызметін абыроймен атқарып келеді.

Алып Кеңестік Империя күйреп, Түркістан кеңшары тарағаннан кейін, 1998 жылы Марат аға бауырларымен ақылдасып, ағайындылар «Болашақ» шаруа қожалығын құрып, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор үлестерін қосып келеді. Кешегі Кеңестен қалған ескі техникалардың жұмыс өнімділігі төмен, ысырабы мол екенін біліп, «ҚазАгроҚаржы» ЖШС-і арқылы лизингке ауылшаруашылығы техникаларын да жаңартуды алғашқылардың бірі болып бастады.

Шаруа қожалыққа мемлекеттік қолдаулар арқылы 2 дана «ЕСІЛ-730» астық жинайтын комбайнын, МТЗ-892,2, ЛОВОЛ-904 әмбебап тракторларын, ПСКУ-8 өнімділігі жоғары жер жыртатын соқасын алды. Бір бойына агрономдық, механизаторлық, ұсталық, дәнекерлеуші, жаттықтырушылық қонған Марат ағамыз қазір ауылдың абыройлы ақсақалы.

Алпыстың асқарына толғалы отырған Марат Қайсарбекұлының мерейлі мерейтойына арналған волейболдан жасөспірім қыздар арасындағы облыстық ашық турнирін ақпан айының 17-19 күндері аралығында Жаңатас қаласында өткізілуі жоспарлануда. Бұл да болса, ағамыздың төккен тері мен еткен еңбегіне жасалып жатқан құрмет екендігі анық. Осы мақала жазуды Марат ағаның шәкірті, өзімнің қызым Арайлым да волейбол үйірмесіне қатысып, өткен күзде Тоғызкент ауылында өткізілген, аудандық турнирде «Үздік ойыншы» атанып қайтқан кездегі, ағамыздың еңбегі мен шәкірті үшін бірге қуанып, бірге ренжитіндігін сол кезде сезініп, ойланған едім. Күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен әні-міне деп жүргенде, ағамыздың 60 жас мерейлі мерейтойы да келіп қалған соң, қолыма асығыс қалам алып, еткен еңбегінің халыққа аян болғанын қаладым.

Марат аға «Анам жарықтық жасың алпысқа келіп қалдың, доп-доп деп отбасыңды ұмыттың деп» кейігенде, «Апа шәкірт тәрбиелеу оңай шаруа емес, кішкентай ауылдан шыққан шәкірттерімді аудан, Жамбыл облысы тани бастады, бұл да болса еткен еңбегімнің қайтқаны шығар» деп жауап қайтарушы едім. Ендігі бір арман – мақсатым Түркістан ауылдық округінің орталығы Әшір Бүркітбаев ауылынан бір спорт кешені салынса, «Алыптар ауылдан шығады» деп ел айтқандай, кішкентай ауылымыздан спорттың түрлі саласынан талай Әлем, Олимпиада жүлдегерлері шығатын еді. Алла қаласа, ел-жұрт аман болса оның да ауылы алыс емес шығар деп, өз пікірін білдірді.

Табиғаты ерекше жазы жадыраған — жайсаң, қысы қатты да қатал, халқы шаруа — еңбекқор, мыңғыртып мал айдап, жайқалтып егін өсірген аймаққа бір спорт кешені салынса, бос жүрмей қаршадайынан еңбекті көріп өскен «Көсегенің көк Жонының» жастарынан Бүкіләлемдік  байрақты бәсекелерде, көк Туымызды көкке асқақтатар талай ұландар шығар ма еді-ау… деп терең ойға кеттім.

Жанысбек Арыстанбеков,

Әшір Бүркітбаев ауылының тұрғыны

Leave A Reply

Your email address will not be published.