ҚЫРАН ҒҰМЫР-ӨЛМЕС ЖЫР
Ғасырлар тоғысында ғасыр ақыны атанған М.Мақатаевтың ақындық талантын оқырман жүрегіне ұялату, сол арқылы жалпы сөз өнеріне деген сүйіспеншілікті берік қалыптастыру мақсатында өткен аптада аудандық орталық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудандық кітапхана мен мәдениет үйінің қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қазақ жырларының Хан тәңірі атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арнап «Қыран ғұмыр-өлмес жыр» атты әдеби сазды іс-шара өткізілді.
Іс-шарада ауданның Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Дарабоз» сыйлығының екі дүркін иегері Пернебай Дүйсенбин кешті ашып, қысқа ғұмырында өмірге іңкәр, сыршыл да сезімтал қазақ халқының ұлы ақыны М.Мақатаевтың өшпес мұралары жайлы сыр шертіп берді.
Кешті кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлімнің қызметкері А.Досаева жүргізді.
Сондай-ақ ақынның «Жетімдер үні» өлеңі желісінен кітапхана қызметкері Б.Қойлыбаева мен «Мәңгілік ел» патриоттар клубының мүшесі А.Боранбаева және Жаңатас қалалық балалар кітапханасының қызметкерлері Қ.Бекеева, Ж.Қалмен бір топ кішкентай оқырмандармен «Қарасаз көшелері» атты көрініс көрсетті.
Сонымен қатар, кітапхананың белсенді оқырмандары Е.Тыныштықбай «Автограф», Ж.Болысбек «Поэзия», Ә.Сабыржан «Үш бақытым», К.Қанат «Есіңе мені алғайсың», Ж.Еркін «Мен таулықпын», А.Сеңгірбек «Шыда», Н.Аужан «Шеше, сен бақыттысың», А.Боранбаева «Шыда», мәдениет қызметкері Е.Ильясов «Арыз айтып кетейін» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Ал, мәдениет үйінің қызметкерлері Ж.Дәукенова «Күрең күз», Қ.Темірбекқызы «Туған өлке», Д.Сейдіш «Мен деп ойла», М.Мұсаева «Сарыжайлау», А.Кенжебаев, Ғ.Тезекбаев, Ж.Әбдірахманов, Ә.Бақытов «Есіңе мені алғайсың», Е.Оңғарбеков «Жарығым-ай» кітапхана қызметкері Р.Қадырбекова ақынның өлеңіне жазылған әндерден шашу-шашса, Ш.Амангелді, А.Аманжол мың бұрала би билеп көрермендер қошеметіне бөленді. Кітапхана қызметкері М.Серікбаева «Қара өлеңнің құдіреті» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады.
Іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Нұрғалиұлы қорытындылап,ақын өлеңін оқып, Мұқағали аға жырындағы ерекшелігі мен тұп-тұтас дара талантымен, ақындықтағы қыран қимылымен жыр дүниесінде, біздің есімізде мәңгі сақталмақ деген ойымен бөлісті.
Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры А.Жолмаханова іс-шараға белсене атсалысқан оқырмандарға рахметін айтып, Алғыс хатпен марапаттады.
Ақиық ақын
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін…» атты әсерлі кеш ұйымдастырылды. Мақсаты: М.Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы оқушыларды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу.
Жыл керуені алға жылжыған сайын М.Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздай жарқырайды. Мұқағали ғажайып, сыршыл ақын. Оқушылар ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып, әндерін де үздік орындап шықты. Шара барысында бейнероликтер көрсетіліп, мектептің кітапхана меңгерушісі Майра Ажакаева ақынның кітаптары және өмірбаянымен таныстырып өтті.
С.Есқараев, «Sarysý»