ҰСТАЗ-РУХАНИ ТӘЛІМГЕР

0

ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз” деген. Демек ұстаз болу аса үлкен мәртебе, құрметті мамандық, әрі үлкен жауапкершілік. Шәкіртті тәрбиелеудің артында қоғамды тәрбиелеу деген ұғым тұр. Дана халқымыз сол себептен «ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деп айтса керек. Және бұл сөзден байқап отырғанымыздай ұстаз шәкіртке белгілі бір ғылым берумен ғана шектелмейді, бәлкім оған рухани тәрбие береді. Өзінің әдебімен, көркем мінезімен, сабырлылығымен… тағы да сол сияқты жақсы мінез-құлқымен үлгі екенін қалайша жоққа шығарамыз.

Адам баласының қоғамдағы орны оның білім деңгейімен өлшенеді дейтін болсақ. Осы жердегі «білім» сөзіне терең мән беріп қарауымыз керек. Әрнәрсенің киімі болғаны сияқты ғылым-білімнің де өз киімі бар. Ол рухани тәрбие. Онсыз алған білім киімсіз адам тәрізді. Әдепті болуды үйретпей берілген білімнің адамға апат әкелетінін бұрынғы ғұламаларымыз айтып кеткен. Бауыржан Момышұлы атамыз бір сөзінде «мәдениеттілік адамның үстіне киген қымбат киімінде немесе мінген көлігінде емес, маймылға қымбат киім кигізіп, қымбат көлікке отырғызып қоюға болады, бірақ одан маймыл мәдениетті болып кетпейді» деген екен. Айтқымыз келгені ұстаз шәкіртіне көркем мінез, әдеп үйретуі керек. Имандылықты, ата-анаға құрметті, үлкенге құрмет, кішіге ізетті болуды үйрету керек. Ұлтжандылық, Отансүйгіштік қасиеттер берілуі керек. Бұл айтылғандардың барлығы жалаң сөзбен балаға жетпейтіні де белгілі. Бұл қасиеттер әлбетте ұстаздың бойынан, әрбір ісінен, отырысынан, жүрісінен, тұрысынан көрініп тұруы керек. Сонда берілген білімнің зая кетпесі даусыз.

Ғалымжан Қонақбаев, Сарысу аудандық мешітінің бас имамы

Оқушыларға қосымша білім беру тәсілдері

Баланың  бойындағы ізгі қасиеттердің іргесі білім ордасында қаланады. Білім ордасындағы әрбір тұлғаның келешегіне бағыт-бағдар беруші, әрі жөн сілтеуші ол-мұғалім. Сондықтан оқушыға жауапкершілік жүктелгеннен кейін асқан білік пен ұсталық та, ұстамдылық та қажет-ақ.

Ұстаз- әрине ол қиялы ұшқыр, тың ойлар айта білетін тапқыр, тәрбиеге қатысты жұмыс түрлерін дер кезінде ұйымдастырушы, балалардың оңы мен солына дұрыс бағыт сілтейтін нұсқаушы, қосымша білім беру ұйымында  жас достармен тіл табыса алатын жақсы мен жаманды саралап тәлім-тәрбие берер тәрбиеші.

Жеке тұлғаның дара ерекшеліктері оның жас ерекшеліктері мен тығыз байланыста болады. Мінез құлқындағы, ақыл-ойындағы, қабілетіндегі т.б. басты қасиеттерін яғни басқа адамдардан елеулі қасиеттерін айтуға болады. Осы тұрғыда қосымша білім беру орталығында баланы жасөспірімді оқыту жеке тұлға бойындағы  шығармашылық , өнертапқыштық қасиеттерін арытып, өз еркіне қояды және мұнда тұлғаның өзін-өзі жан –жақты көрсетуіне толық мүмкіндік береді.

Білім беру орындарының басты міндеті  оқушыларды оқыту болса және олар алдын-ала белгіленген  нормативті тәртіп бойынша қанағаттандырылса, қосымша білім беру ұйымдары білімнің адам өмірі мен қоғамдағы орнын, рөлін балаларға түсіндіру арқылы оларды сол білімге, өнерге т.б. деген қызығушылықтарын, ынтасын оятып, өзін жеке тұлға етіп дамытуға жағдай жасады.

Жеке тұлға ретінде баланың сана-сезімінің дамуына мән бере отырып, ұлттық  рухымызды мәңгі сақтау үшін, «ұлттың сана-сезімнің көкжиегін кеңейту» қажет деген Елбасының сөзін құптай келе баланы шығармашылық  жұмыстармен айналысуға жағдай  жасап, қосымша ақпараттар беріп, жаңа білім-ғылымды танып ажырата білуге үйрету. Сонда ғана бала өзін жеке тұлға ретінде сезініп, өз шеберлігіне мансаптанып, еңбектің, білімнің бәрін терең игеріп оған дағдыланады. Өз ісіне өзі баға беріп, мінез-құлқын қалыптастырады.

Тағы бір айта кетерлік жайт қосымша білім беру орталықтары болғандықтан іс-шаралар мен қоғамдық жұмыстарға, ойындарға ұжымдық түрде қатысуда жеке тұлғаның  рухани құндылығын қалыптастырады.

Н.Идрисова, балалар-жасөспірімдер орталығының  бұқаралық бөлім меңгерушісі

Leave A Reply

Your email address will not be published.