БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ ЖОБАСЫ АУДАНЫМЫЗДА

0

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен құрылған жұмыс тобы Сарысу ауданына келді. Топ құрамына құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім, бизнес, банк, құрылыс, әлеуметтік және т.б салалардың өкілдері енгізілген.

Жұмыс тобының негізгі мақсаты: ұлтаралық келісім құндылықтарын насихаттау, этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеу, ауыл тұрғындарына денсаулық сақтау қызметкерлерінің медициналық көмек көрсетулерін қамтамасыз ету, жергілікті жерлерде бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру, халықты несиелендіру бойынша кеңестер беру, тұрғындардың әлеуметтік мәселелері анықталған жағдайда оны нақты шешу бойынша шаралар қабылдау, бизнесті дамыту және қолдау бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар туралы ақпараттандыру, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жоспарланған іс – шараларды жүзеге асыру барысында құқықтық көмек көрсету, қылмыстар мен құқық бұзушылықтың жолын кесуге, оның ішінде мал ұрлығы мен өзге адамдардың мүлкін ұрлауға, көші-қон заңнамаларының сақталуына, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған рейдтік шараларды өткізу.

Аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында  жұмыс тобының өкілдерімен актив жиыны өткізіліп, жиынды аудан әкімінің орынбасары Е. Есмаханов ашып жүргізді. Топтың жұмысына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде сөз алған Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар жөніндегі мәселелер бөлімінің басшысы Қ. Рысдәулет және Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Мейірманов «Бейбітшілік пен келісім» жобасының маңыздылығына, жоба аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Бұдан кейін Жобаның жұмыс тобының мүшелері күнтізбелік жоспарға сәйкес өз жұмыстарына кірісті.

Тұғыры биік туған тіл

Ана тілің – арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – дейді талантты ақын Қадыр Мырза Әли ағамыз. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі не? Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі.

Қадір-қасиетін арттырып, өзге тілдің бәрін біліп, өз тілімізді құрметтеуді насихаттайды.  Тілдік мәдениет пен жалпы адами рухани құндылықтар принциптеріне негізделген қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты, қазақстандық бірегейлікті, толеранттылық пен өзара түсіністікті, нығайту және дамыту мақсатында осы аптаның сәрсенбісі күні «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүзеге асыру аясында Сарысу аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Коворкинг»  орталығында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты поэзия кеші өтті.

Атаулы іс-шараға Жамбыл облысы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы  Мүбарак Қасымқызы Жинақбаева,  Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Елеусізқызы Абдинова және аудандағы этнос өкілдерінің жетекшілері мен белсенділері қатысты.  Шара барысында Қырғыз этно мәдени бірлестігінің жетекшісі  Алтай Сатыбеков өзінің «Қазақ тілім-Ана тілім» атты өлеңін оқыды. Сондай-ақ кітапхананың белсенді оқырмандары Д.Қонаев атындағы орта мектептің жоғарғы сынып оқушылары ұлы Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» әнін қазақ, орыс, ағылшын тілінде хормен орындаса, Арайлым Боранбаева, Алтынай Баймырза «Ана тілім», Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушылары Асылбекова Риана, Чикина Милана, Дзюбина София қазақ ақындарының тіл туралы өлеңдерінен әдеби композиция орындады. Кітапхана қызметкерлері Раушан Қадырбекова «Анамның тілі- аяулы үні», Айгүл Қойлыбекова «Қазақстаным пай-пай, пай» әндерін тамылжыта орындаса, М.Серікбаева «Тілге құрмет-елге құрмет» атты кітап көрмесіне шолу жасады.

Қазақ тілім-Ана тілім!

 

Қазақ тілім, тұғырым, о, киелім!

Тілімді мақтан етіп мен жүремін.

Мағынасында тереңдік бар, ұлылық бар,

Құдіретіңе әрқашан бас иемін.

 

Қазақ тілі, ең бай тіл мағыналы,

Алтындай алқа болып тағылады.

Бар қазақ сені таза сөйлей алмай,

Толықтай ашылмады-ау бағың әлі.

 

Оу, менің шашы  ағарған ағаларым!

Толғантпай ма тіл деген қара нарың?

Әлде толық түсінбей ме бұл жазғандар?

Тіл жоғалса, ұлтта жоғаларын?

 

Қазақша сөйлеймін қалғанша шықпай үнім,

Қазақша сөйлеймін сөнгенше көкте күнім.

Дархан дала ұлылығын, паш ететін,

Жасай берші жасампаз қазақ тілім.

 

Алтай Абдрахманұлы Сатыбеков,

Жаңатас қаласы

Әнім сенсің – Туған ел

Осы аптаның сәрсенбісі күні аудандық мәдениет үйінде аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Қазақстанда өмір сүріп жатқан этнос өкілдерінің  ана тілімізге деген құрметін арттыру мақсатында «Әнім сенсің – Туған ел!» атты Қазақстан халықтарының тілдерінде ән шашу болып өтті.

Кештің шымылдығы «Айжанқыз» би ұжымының орындауындағы  «Шашу» биімен ашылды.

Тәуелсіздік! Осы бір қасиетті ұғым,еліміз егемендік алғалы бері де, одан бұрын да қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдерін  рухани топтастырып, өтпелі кезеңнің небір ауыртпалықтарынан бірге еңсеріп, бірге алып шықты. Сол тәуелсіздігіміздің тірегі  мемлекеттік тіліміз екені анық. «Ананың тілі» атты әнді Чиле Мұстафаева мен Паришан Ибрагимова тамылжыта шырқады.

Ал, Қырғыз этномәдени орталығының жетекшісі Алтай Сатыбеков «Қазағыммен бірге менің ертеңім» атты жырын мәнеріне келтіре оқып, тыңдармандарын бір серпілтіп тастады.

Концерттік бағдарлама барысында  Ақерке Ұзақбекова «Атамекен» әнін орындаса, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін Күрді этномәдени орталығының жетекшісі Камал Айдаров мәнерлеп оқыды.  Егешовтар отбасы «Туған ел», «Айгөлек» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі, облыстық «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты байқауының бас жүлде иегері Анна Баймаханова Абайдың «Көзімнің қарасы» әндерін жүрекке жеткізе орындаса, «Айжанқыз» би ұжымының «Хорезм» биін көрермендер жылы қабылдады.

Кеш Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

Парасат биігіндегі қаламгер

«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми  кітапханасының  директоры  Э.Е. Абдинованың қатысуымен Жаңатас қалалық балалар кітапханасында  қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі,  заңғар жазушы,  қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туылғанына 90 жыл толу мерейтойына арналған «Парасат биігіндегі қаламгер» атты әдеби кеш өтті.

Мақсаты : Ш. Мұртазаның тағылымы мол мерейтойын атап өту, ел, қоғам, мемлекет үшін істеген ұшан-теңіз еңбектерімен, мұраларымен таныстыру.

Кешке Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің Гран при иегері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, жерлесіміз П.Дүйсенбин.  Жаңатас көпсалалы колледжінің қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің ұстазы Р. Рахимова  қатысып, Ш.Мұртаза шығармалары мен өмірінен естеліктер айтты.

Шара барысында Абылай хан атындағы мектеп лицейінің 6″А» сынып оқушысы І.Аманбек «Шашу» биімен ашып, кітапхананың кішкентай талантты оқырманы Н.Ақтан «Ана» туралы монологін жүректен жүрекке жеткізіп жатқа айтып берді. Кітапхананың белсенді оқырмандары Е.Аманжол  мен  Г.Амангелдиева ақындардың өлеңдерін жатқа оқып берсе, «Балалар мен жасөспірімдер орталығының сахна шеберлігінің оқушылары Ш.Тоқтамұрат, М.Кәрібек, Б. Мейірхан Ш.Мұртазаның «Бала Тұрар» шығармасынан қойылым қойды. «Азаттықты аңсаған қаламгер, «хатты  көрме викторинасы ұйымдастырылып,  кітапхана меңгерушісі Р.Тажиева  оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында  викториналық ойын ойнатты. Кеш соңында еңбек ардагері С. Дүйсенбаев кітапхана ұжымына және кітапхана оқырмандарына жүрекжарды батасын берді.

Бетті әзірлеген: Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.