БОЗ КІЛЕМДЕ БАЛУАНДАР
Осы аптаның сәрсенбісі күні спорт кешенінде Сарысу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен ауданның Құрметті азаматы, спорт саласының ардагері Тұрар Мысықбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен 2007-2009, 2010-2012 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы үш күнге созылған дәстүрлі республикалық ашық турнир өтті.
Жарысқа Қырғызстан Республикасы, Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан, Қостанай, Алматы облыстары мен Алматы, Шымкент, Қазалы, Бақанас, Тараз қалалары, сонымен қатар Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл, Сарысу аудандары, Қарасу, Усманов спорт клубтарынан командалар келіп, бақтарын сынады.
Үш күнге созылған турнирге ниет білдірген жалпы спортшылар саны – 518-ді құрады. Аталған турнир республикалық күнтізбелік жоспарға енген.
Ашық турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев денсаулығы мықты, рухы күшті ұрпақ еліміздің болашағы екенін жеткізіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауданда бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасалып келе жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірген спорт саңлағы Тұрар Мысықбаевтың спорт саласындағы жетістіктеріне тоқталып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР құрметті спорт қайраткері, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Ғылыми тәжірибелік дене шынықтыру орталығы басшысының орынбасары Нұрхан Сүлейменұлы Тастанбеков, ардагердің ұрпақтары сөз сөйлеп, аға атын ұлықтап, осындай турнир өткізіп жатқан аудан әкіміне, Сарысу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұжымына алғыстарын білдіріп, жас балуандарға жауырындары жерге тимей, жеңіске жетулеріне ізгі тілектерін білдірді.
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген балуандар боз кілемде өздерінің шеберліктерін танытып, дайындықтарын көрсетті. Әр балуанды үкілеп додаға қосқан жаттықтырушылары шәкірттерінің жеңіске жетуіне қолдарынан келгенше атсалысты.
Жарыс нәтижесінде әртүрлі салмақ дәрежесінде бірінші орындарды Қырғызстан Республикасының, Алматы қаласының, Түркістан облысы спорт интернатының, Қостанай облысының, Тараз спорт интернатының, 75 келіде Жаңатас қаласынан Дидар Сартай, Жамбыл ауданының, 110 келі салмақта Жаңатас қаласынан Диас Талғат, Маңғыстау облысының балуандары иеленіп, бапкерлері мен облыс, аудандарының мерейін үстем етті.
Сонымен қатар, жарысқа 38 командадан 518 спортшы күш сынасты. Осы спортшылардан үздік шыққан Алматы қаласынан келген Едіге Төлеутаев «Жарыстың ең үздік балуаны», Жаңатас қаласынан Саят Жарылқасын «Жеңіске деген жігерлігі үшін», Қызылорда қаласынан келген Ерсұлтан Ерболұлы «Жарыстың ең жас балуаны» номинацияларын жеңіп алса, жалпы командалық есепте Қырғызстан Республикасы бірінші, Жаңатас қаласы екінші, Қостанай облысы үшінші орындарды иеленді.
Барлық жеңімпаздар облыс әкімдігі білім басқармасының дипломымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
құт мекенім сарысу
Туған жердей жер болмас,
Туған елдей ел болмас.
Саудакент ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Құт мекенім — Сарысу» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кештің жүргізушісі Таутаев Мәди Сарысу ауданының тарихы, ауданның өсуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері, өлкенің біртуар ақындары, өнер тарландары туралы айтып өтті. Кешке арнайы шақырылған қонақтарға сөз беріліп, туған жер туралы шығарылған жергілікті ақын-сазгерлердің өлеңдері оқылды.
Жергілікті ақын-жазушыларымыз Т.Рахымның «Сарысуым-саялы мекенім» өлеңін Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектебінің оқушылары Азаматқызы Ақторғын, А.Саттаровтың «Айналайын Атамекен — құт мекен» өлеңін Жарылқасын Айзада оқып, қатысушылардың қошеметіне бөленді.
Байқадам ауылдық округ әкімшілігінің бас маманы Жамбыл Құлыбеков өз сөзінде білімді ұрпақ болашақтың кепілі дей келе, туған жердің әр тасы мен тауы қымбат екенін, әрбір жасты өз ауылын көркейтуге, мәртебесін көтеруге үлес қосуға шақырып, кешке қатысушыларға ақыл-кеңестерін айтты.
Ы.Шералиевтің «Сарысуым», Самат Тоқпановтың «Сарысуым» әндерін мәдениет қызметкерлері Нығметжан Халықов пен Мәди Таутаев орындады.
Ашық алаң өтті
Жамбыл облысы әкімдігінің жас-тар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Дүйсенұлы, Жастар ресурстық орталығының директоры Асылжан Шуақбайұлының қатысуларымен Жаңатас көпсалалы колледжінің студенттерімен ашық алаң ұйымдастырылды.
Ұйымдастырылған шараға колледж директоры Н.Е. Түйтебаева, «Жастар ресурстық орталығының» мамандары мен белсенді колледж жастары қатысты.
Басқосуда сөз сөйлеген колледж директоры студенттердің облыста, ауданда өткізілетін іс-шараларға атсалысып, өздерінің білімділігін, ізденімпаздығын, алғырлықтарын көрсетіп жүргендігін, студенттердің тәртіптері мен көпшілік ортада өзін ұстаулары үнемі бақылауда екендігін айтып өтті.
Шара барысында аудандық, колледжішілік өткізілген мәдени, спорттық шараларға белсене қатысқан 15 студент Алғыс хатпен марапатталды.