ОТАНДЫ СҮЮ-ИМАННАН
Отан – деген қасиетті ұғымның әрбір қазақ халқының жүрегіне жылулық ұялататыны ақиқат. Туған елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Отан дегеніміз туып-өскен отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Әрбір қазақ үшін туған жерден ыстық, қадірлі, қымбат байлық жоқ екені сөзсіз.
Өзінің туған жері әркімге өзінше киелі. Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді.
Кешегі Мұқағали атамыздың жыр өлеңіне көз жүгіртер болсақ, үш бақыттың бірі – қазақ азаматы ретінде жүрегінде отанына деген патриоттық сезім болса, ата-баба рухы бізге мәңгі ризашылығын білдірері сөзсіз екенін ұғынуға болады.
Ата – бабамыз көп жылдар бойы тәуелсіз ел болу үшін тер төгіп, жанын қиғандығы баршамызға мәлім. Сонау қазақ әдебиеттерінде Еліміздің батыр ұлдары ел қорғау мақсатында қолдарына найза ұстап, елін-жерін, яғни, ұлан-ғайыр атырапты қорғаған – Бөгенбай, Наурызбай, Исатай мен Махамбет, Сәкен мен Мағжан секілді, сонымен қоса Сабира сияқты апаларымыздың өзі Отан үшін күрескені баршаға белгілі. Әуелі Жаратқанның, кейін осындай елімізді жерімізді сақтап, жанын қиған батырларымыздың арқасында Тәуелсіздік тұғыры орнатылды.
Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық борышы. Исламда елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұруды насихаттайды.
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген.
Демек, аталарымыз бен аналарымызды, аға-әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн. Осындай еңбекпен келген ұлан байтақ елінің барлық дүниесі қымбат. Тіпті қара топырағының өзі − ыстық. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғамен емдегенде:
«Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады», − дейтін.
Мәдинаға хижрат жасаған уақытында адамзаттың Ардақты елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Хазрауа деген жерге түйесін шөгіп, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Алланың атымен ант етейін! Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер болмас. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке жырақтамас едім», – деген еді.
Ата –бабамыздың өздері елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын өзімен бірге алып жүреді екен. Сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскеп, туған жерге деген сағынышын басатын болған.
Осы Тәуелсіздік тұғырына дейін халқымыздың басынан өткізген небір қиындықтар мен қасіреттер, ерлігі тарихқа жазылып, халық есінде мәңгілік сақталып қалды. Қазіргі таңда, біз Тәуелсіз елдің жас өрендері үлкен күрес жолымен келген Тәуелсіздігімізді, елімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін өнегелі тәрбие, терең білім алып, аянбай еңбектенуіміз қажет. «Ерім дейтін ел болмаса, «елім» дейтін ер қайдан болсын» дейді халық даналығы. Сол үшін Отаншылдық рухы бар, ұлтжанды, иманжүзді ұрпақ тәрбиелеу бүкіл елдің міндеті. Бүгінгі күні жастарды имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеу керекпіз.
«Адамдардың ең қайырлылары адамдарға көбірек пайда әкелгендері», – деген Хадиске амал етіп, елімізді тек ғана сүйемін деген сөзбен шектелмей, елге жақсылық жасаумен дәлелдеуі керектігін көрсетеді.
Аталарымыз ұзақ ғасырлар бойы армандап, бүгінгі ұрпақ әрең жеткен, талайлар аңсап өткен тәуелсіздік, егемендік үшін жанын қиған азаттықты көздің қарашығындай сақтауымыз керек. «Отанды сүю – иманнан» — деген қанатты сөздің өзі бір биік қасиетті. Өйткені, иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Ондай азамат Отан бізге не берді деген пікірде емес, отанға біз не бердік – деген қамымен болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, Алланың елшісі! Ең абзал амал не?» — деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан да қайырлы», — деген.
Отанды қорғау – құрметті парыздың бірі. Себебі, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі көзі тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз» – деген.
Қорыта келгенде, отанды сүюмен патриотизм, ұлтжандылық, туған елге ізет, туған жерге қызмет — отанға деген сүйіспеншілік. Отанға жанашырлықпен қарау, адал қызмет ету, халықты сыйлау, халықтың тілі, діні, салт-дәстүрі, қалыптасқан мәдениеті, сүннет жолы, мәзхабы, мемлекеттік рәміздері, шекара аумағы, атамекен секілді қастерлі ұғымдарын да құрметтей білу керек. Алла елімізді, жерімізді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғай.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі
тұрғын үйдегі өрт қауіпсіздігі
Өрт… Соңғы кездері бұл жан түршігерлік сөз жиі естіліп жүр. Ал жанудың себебі көбінесе қарапайым болып табылады, олар – қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, электр жабдықтары мен электр құралдарын дұрыс қолданбау, отпен абайсыз болу, пештер мен түтіндіктердің ақаулығы.
Өрттер көбінесе адамдардың отқа немқұрайлы қарауынан орын алатындығы көпшілікке мәлім. Тәжірибе көрсеткендей, өрттердің басым бөлігі «адами фактордың» себебінен болады. Тұрмыстағы өрттердің негізгі себептері: отпен абайсыз болу, өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білмеу және орындамау, тұрмыстық электр және жылыту құралдарын дұрыс қолданбау, үлкендердің қарауынсыз қалған балалардың отпен ойнауы, сонымен қатар мас күйде темекі шегу болып табылады.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын орындамау өрттер, газ баллондарының жарылуы және басқа да төтенше жағдайлар мен адамдардың өліміне әкеліп соғады. Адам өлімінің негізгі себептері: жану заттарының әсер етуі, улы газбен улану, жоғары температура (әртүрлі дәрежелі күйік). Өрт санының қыс мезгілінде күрт өсетінін атап өту қажет. Аудан тұрғындарының басым бөлігі қыс мезгілінде пеш жағатынын ескерсек, пешті жабдықтау мен қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамайтын көптеген тұрғындар өз үйлерімен жақындарының өмірлерін қауіп – қатерге тігеді.
Құрметті тұрғындар! Тұрғын үй секторында өрттерді болдырмау үшін, төмендегі қарапайым ережелерді сақтау қажет:
— электр және газ құралдарын қосулы күйінде қалдырмаңыз, сондай-ақ оған балаларды жақындатпаңыз;
— уақытша және зақымдалған электр өткізгіш сымдарын пайдаланбаңыз;
— электр есептегіштердегі электр сақтандырғыштар зауыттан дайындалған болуы тиіс;
— үлкен көлемдегі электр құралдарын бір уақытта қосып электр жүйесіне күш түсірмеңіз;
— газдың кеміп қалуын тексеру үшін ашық отты қолданбаңыз;
— сіріңкені балалардың қолы жетпейтін жерде сақтаңыз;
— бөлмені жылытуға бейберекет қолдан жасалған электр жылытқыш құралдарын қолданбаңыз;
— балалардың отпен ойнауына жол бермеңіз және оларды қараусыз қалдырмаңыз;
Осы ережелерді қатаң сақтау ғана Сізге өміріңіз бен денсаулығыңызды, үйіңіз бен мүлігіңізді сақтап қалуға көмектеседі.
Ал біз өз кезегімізде азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды және өрт туындаған жағдайда шұғыл «101» немесе «112» телефон нөмірі бойынша хабарласуды сұраймыз.
Ж.Нұрмаханұлы,
аудандық Төтенше
жағдайлар бөлімінің
аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты
Бірыңғай жиынтық төлем
Кәсібін ресми тіркемей-ақ, базарда өз бақшасында өсірген көкөнісін сатып, жеке көлігімен жолаушы тасып немесе оқушыларға қосымша білім беріп ақша тауып жүрген қазақстандықтар аз емес.
Мұндай адамдарды «фрилансерлер», ал мемлекет тұрғысынан «өзін-өзі жұмыспен қамтығандар» деп атайды.
Олардың табысына салық салынбайды. Демек, кәсібі «көлеңкедегі» азаматтар керек кезінде әлеуметтік жәрдемақы ала алмайды.
Бұл мәселені шешу үшін 2019 жылы Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санаты үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді.
БЖТ төрт төлемді біріктіреді. Олар:
- жеке табыс салығы;
- міндетті зейнетақы жарналары;
3.әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар;
4.мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар.
БЖТ төлеу арқылы азаматтарға базалық зейнетақы, медициналық қызметтер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер қолжетімді болады.
Бірыңғай жиынтық төлемді ай сайын қала тұрғындары — 1 АЕК, ауыл тұрғындары — 0,5 АЕК көлемінде төлейді.
БЖТ төлеушілері жұмысшы жалдай алмайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болуы тиіс. Сондай-ақ олардың бір жылғы табысы 1175 АЕК шегінен аспауы керек.
БЖТ кез келген банктің кассасында, Қазпошта бөлімшелерінде, сондай-ақ Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады.
САРЫСУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ «ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ» КММ