АҒАЙЫНДЫ ЕКЕУ…

0

…Жол күтіп тұрған есі шыққан тоғыз жасар қара бала ауыл жақтағы шаңдатып қара жолдан көрінген жигулиге қол көтеріп тұра жүгірді. Судай жаңа жапырақ көк көлікті бірденнен танып қуанып кетті.Бұл әкесінің туған ағасы Сарыбайдың жигулиі. Бүкіл малын етке салып қарызданып, қауқаланып жақында сатып алған.Енді «таксабайттап» қор жинап жүр. Жаңа әзірде бұл бала медпункттегі Мөлдір фельдшері шыдай алмай анасының «түнімен дөңбекшіп жатқанын» айтып үйіне ертіп келген. Ол:

— Тез көлік тауып,  аудан орталығына апарыңдар. Уақтысы болып қалған. Толғақ қысып жатыр»-деп, тілдей қағазды қолына ұстатып тұрып:

-Ана ағаларыңа барып айтыңдар, мына тұрған жер ғой, бәрін қойып,әйелдер босанатын ауруханаға апарсын…  Бірақ, ол кәпір бұрыла қойса…! Барып көр-деді де,  дәрігер қиналып жатқан Ақбибіге тыныштандыратын бір екпе салып, кетіп қалды.

… Ай күні асып бара жатқан келіншек, баласына сездірмесе де естен танар дәрежеге жетті. Күйеуі болса жан бағу үшін Ақтауда вақтылық жұмыста.

***

… Ағасының үйіне ентігіп кірген балаға Жүзік жеңгесі назар салған да жоқ. Сұрағына:

-Үйде жоқ ол. Жау шапты ма? Тасырлатып үйге  жүгіріп келгенің не жүгермек. Жаман ырым екенін ана мәңкүс шешең айтпады ма?

…Толғатса, туады да. Баяғыда бір аталарымыз әйелі толғатып жатқанда дегбірі кетіп:  «Қашарыңда  қашасың, туарыңда сасасың» ылғыйғы тірлігің осы ғой шыда…» -деген екен…  Ештеңке жоқ мына төрт баланың үшеуін үйде туғанмын… Көргенсіз неме, талтайып қайнағасының мәшинесіне мініп алайын- деп  сылтауратқаны ғой, -деп, Жанаттың бетін қайтарып сөгіп жіберген …

…Содан жол күтіп келген беті баланың. «Ең болмаса жүргінші бір  мұсылман кездесер»- деген үмітпен нағашы апасы жол «күзетуге»  жіберген.

… Осы оймен тұрғанда  Ағасы келіп тоқтады. Амандық, саулық жоқ:

-Әй, машина астына түсемісің ентелеп !?

-Аға, мамам толғатып жатыр… !

-Маған не дейсің. Маған ала өкпе болып жүгіргенше медпунктке бармаймысың.

-Бұлардың бәрі сенің момындығыңды пайдаланып қол бала еткісі келеді — деп, налыды  алдында шіреніп отырған әйелі баланы тыйып тастады.

-Ағатай қиналып жатыр. Орталыққа апарыңдар- дейді.Ала кетіңізші. Папам келген соң жол ақыңызды артығымен төлейміз… .

-Толып келеміз. Не төбеме мінгізіп апарайын ба… ?

-Әуелі өткендегі қарыздарыңды төлеп алыңдар  — деп, баланы итеріп жіберіп адуынды әйелі есікті тарыс жапты да күйеуіне зекіп:

-Көрінген ит пен құсқа да тоқтай беретінің не, дүкендер жабылып қалады осылай ырғалып жүргенде-деген бетте көлік те қозғалып кетті.

Осы сәтте көліктің артқы орнында сығылысып отырған үш жолаушының бірі, жас қыз:

-Аға тоқтаңызшы. Обал ғой. Мен түсіп қалайын. Орныма міңгізіңіз-деп, қозғалақтап қалып еді:

-Өзің барғың келе ме? Барғың  келсе, онда басқаны есіркемей жайыңа отыр. Оның бәрі бір төлейтін ақшасы жоқ. Жүре бер-деп, тағы әйелі қыз бен рульдегі күйеуіне кезек  ала  көзімен ата қарады.

-Өмірі ақшасы болмай сұранады да жүреді, оңбағандар-деп, әйелін құптаған ағасы жылжып  кетті.

-Ешкімге де күлуге болмайды. Аға, халықты заман бар жағынан қысып, ай шалқасынан туған кез болып тұр. Кім оңып жүр дейсіз-деді екінші жолаушы жігіт, шырылдап жетіп жол күткен баланы мүсіркеп.

***

Бұл өткен ғасырдың елде жекешелендіру науқаны жүріп жатқан тоқсаныншы жылдың басы, қиын кез еді.

Жасыл жигули қара жолдың ақ шаңына оранып  әп сәтте  ұзап бара жатты… .

****

…Жанат үйіне келгенде анасы Ақбибі есінен танып қалған екен. Бөлімшедегі жалғыз телефонға сүрініп қабына әрең жеткен фельшер Мөлдір аудан орталығынан қанша  рет «жедел жәрдем» шақыртпақшы болған әрекетінен түк шықпады. Үзіліп кете береді:

-Бұл ауылда арам қатасың -деп, ыза болған күйі толғақ қысып есі ауып жатқан  байқұсқа ебіл- дебіл болып қайта жетті.Көрші -қолаңдар жиналып қалыпты:   -Шырағым, Мөлдір-ау,  мына  байқұсқа  ауданның  жәрдемі келгенше тағы бір укол салсаңшы!  -Ойбай-ау, бәріміз аңтарылып тұрып, сорлыны қолма қол ажалға бере саламыз ба? Іштегі баласы құрсын. Жас қой жаны тірі болса талай бала табар. Өзінің жаны қалса екен -деп, жаны тынбаған кексе әйелге;

-Апатай-ау, аяп отыр деймісің қолымда бар қатысты дәріні ектім. Ауданнан көмек жоқ апа! Телефон істемейді. Таң атқалы үш рет барып қайтым емес пе? Маған не дейсіз енді -деп жылап жіберді… .

Осы сәтте арба дөңгелегінің сықыры естілді де жұрт ілмиген көршідегі  Көшер қартты көрді.

-Шырақтарым -ау, босқа жол күткенше бағаналы бері маған неге келмейсіңдер. Дуылдап жатқандарыңды естіп келсем, жүрегім тоқтап қала жаздады. Айналайын бір мың болғыр бала ғой бұл. Тездетіп арбаға әкеліп жатқызыңдар. Қорықпаңдар! Астына қалыңдап қамыс, үстіне текемет төседім. Орталық деген бес-ақ шақырым жер емес пе тәйірі. Қара есегім аман болса зырылдатып кәзір- ақ жеткізеді. Осы заманда шеткері бұл ауылға көлік соға ма!? Құр уақыт өткізіп, түге… Доқтыр қыз, сен де отыр-дегенше болған жоқ екі үш әйел көтерген Ақбибіні арбаға әрең әкеліп орналастырды. Келіншек былқ-сылық. Әрең демалады.Бағанағы кексе ана қол жайып:

-Е, жаратқан жар болып, Ақбибі келінге оң толғағыңды бере гөр. Отбасы пірі Ұмай ана, аналардың қорғаны Бибібәтима пірім!!! Өздеріңе тапсырдық келінді. Демеп, Алладан шапағат сұрай көріңдер-деп, бетін сипай бергенде, ышқынған келіншек кенет басын сәл көтере:

-Ұлым,жалғызым, құлыным, жаным, Қош! Әкеңді сыйла-деп, арбадағы қамыс жастыққа қайта сылқ етті… .

Әйелдер шу ете қалып, ауыл аспаны қақ айырылғандай борандатап кетті.

Ақбибі осылай өмір дәптерінің соңғы парағын жаптты… Қатал тағдыр Жанатының түннен бері талмаусырап жаратқанға жалбарынумен зыр жүгіріп жүргеніне қарамай құдайы бала құлшылығын ескермеді… .

Сәтсіздік қағидасы да. Амал бар ма? Алланікі, өзіне жөн… !

****

Келіннің қайтқанын естіген қайнағасы өкіріп, жеңгесі сыңсып, қазақы жоқтаумен  көз қылып:

-Артық туған келінім-ау !

-Шәй деспей сыйласқан сыңарым-ау !

Абысыным-ау -деп, түк болмағандай дауыс салып есікке ұмтылғанда, тұрған жұрт тыжырынып оқты көздерімен,отты лағынеттерін жаудырып жатты… .

Осы  сәтте қайдан шыққаны белгісіз Жанат бала жүгіріп келіп үйінің қос  бослағасын керіп, екеудің алдын кесіп тұра қалды.  Баланың көзі білеудей ісіп, қызарып  кетіпті.  Аш бөрідей жоны күдірейіп оларға атылып кетердей кейіпте… .

-Есікті керме, жаман болады тәрбиесіз неме- деп жеңгесі баланы итермек  болып ыңғайлана беріп еді, топ ішінен шыға келген көрші Көшір ақсақал:

-Баланы итерме адамнан ит болып туған тексіз, неме. Не беттеріңмен келіп тұрсыңдар тас жүрек оңбағандар. Келінді сендер өлтірдіңдер! -деп, дүрсе қоя бергенде, қаралы топ ішінен мән жайды естіп, түнеріп әрең тұрған Серіктің құрдастары еңгезердей екі жігіт аға мен жеңгенің көз ілеспес жылдамдықпен қолдарын артына қайырып апарып, есік алдынан өтіп жатқан қара жолдан асырып итеріп жіберіп:

-Бұл жерде енді көретін болсақ бауыздап өлтіреміз, ел бүлдірген екі қарабет-деп кейін бұрылды.

Еркегі үндемей  бүкшеңдеп  бетін көлегейлеп жүгіре басып жылжығанмен, көкбет әйелі аузынан жыны шашылып  әр нені айтып, жорта ойбайлап долданып жер тепкілеп бара жатты.

-Дұрыс істедіңдер, бауырының бетіне қалай қараймын -деп, келді екен көргенсіз кеңкелестер-деген кешелі бері Ақтаудан бір жолдасының көлігімен шыққан Серік отағасының келуін күтіп алаңдап тұрғандар дуылдап кетті… .

****

…Серіктің де келіп, мән жайды біліп ішін қан жалаған қасіретті күндерінің өткеніне де екі айдай болды. Қазақтың «үш күннен кейін адам көрге де  үйренеді»- дегені тап рас екен.Тірі адам тірлігін істейді, өлген енді қайтып оралмақ емес.

Бірінші дерті қас пен көзде қосағы мен бейкүнә жарық дүниені  көре  алмай көз жұмған нәрестесі болса, екіншісі еңсе көтертпес қасіретіне мінәйі себепкер болған туған ағасы мен жеңгесінің қаныпезерлігі. Егер үй іргесінде тиіп тұрған әйелдер босанатын ауруханаға сол мезет жеткенде Ақбибісі аман қалар ма еді. Шіркін дүние!  «Ажалы да  шығар»-  деп өзін басайын десе, бауырдың әрекеті бауырын да езіп барады…

…Келіншегінің тәреку жолын өткерді, басын тұрғызды. Ақтаудан әкелген қаржысы мен ауылдастардың қол қайыры жетті де тұрды.

Ағасы жол соқты болып келгенде түнделетіп, жеңгесі екеуі көрісіп кеткеннен кейін жүз көрсеткен жоқ. Ел бетіне қарауға дәті шыдамай келе алмай жүрген болуы керек. Көңілі қалған іні де іздей қоймады.

…Енді бұл мекенде қызық қалмады. Мұнда қарайлайтын не бар. Алаңдайтын жалғыз ағаның түрі мынау болды. Елге масқара, туысқа тұлдыр мейірімі жоқ. Өзі сыртта қолжетімділік жалақысы бар жұмыста, бала жас қайда да болса сыйып кетер, саудасы келсе үйді сатып,ауылдастарына құдайысын жасап қоштасып Ақтауға болса да көшпек. Ақбибісінің қалқайған бейіті «елегізбес», ел іші ғой.

Жылында соғып асын берер. «Көр ойбай,жер ойбай»- дегенмен жарына дұғадан басқа ештеңеден қайыр жоқ !!!

***

… Мектептен қайтқан Жанат есі шығып үйге көзі алақандай болып жетіп келді.

-Папа, папа! Қайдасың, папатай!!!

Қора жақтан жанұшыра су жүрек болып қалған Серік, қолындағы айырын сүйреп аулаға жүгіріп шықты.

-Балам-ау, не болды,үйге қарай жүгіре ме екен. Аманшылық па?

-Папа, үлкен папам жигулиімен апатқа ұшырапты.

-Не дейді ?! Қайда ?

-Кім айтты, жаным-ау. Өзі аман ба?

-Білмеймін. Мектепте әпкейлер шулап жүр.

-Қайда болған?

-Мамамның бейітінің жанындағы жолда бұзылып тұрған «КамАЗ»-дың артынан кіріп кеткен-деп жатыр.

…Үйге тәлтіректеп, көзі қарауытып, жүрегі соғып әрең кірген  Серік жұмыс қиімін жылдам шешіп тастап, киінді де қара жолмен қатарлас жатқан бейіттерге қарай жүгірді.

Кеудесі  алға, тыпырлаған қос аяғы шалынып артқа тартып, жүрісі өнер емес. Көзінен жас парлап түк көрмейді. Жобамен есі кетіп жүгіріп келеді… .

«Аман болса екен»-деп жаратқанына жалбарынып, көз жасын екі білегімен қезек, кезек сүртеді…   Қу бауыр -ай, десеңші!!!

****

Сарыбайдың жаны қалды. Ай жатып, ауруханадан үйіне шықты. Шықты дегені болмаса, төсекте.  Жүре алмайды  екі  аяғы қатар  сынған.Оны ауруханада оташылар шегелеп берді. Басынан қатты соққы алыпты. Миы шайқалған. Ауруы басылар емес.

…Сарыбайдың уайымы, жаны емес жеңіл көлігі. Соны айта береді. Бала-шағасын асырап отырған осы жигулиі. Барлық малын етке өткізіп, қарызданып алған -тын. Естуінше көліктің сыртқы  қорабы жарамай қалған. Капотын жапырып тастаған оның ішіндегі», ішек, қарыны» да бүлінген .

Ауруханадан шыққанға дейін ағасының іске алғысыз көлігін әлгі кінәсыз Камаз жүргізушісінен сұранып жигулиін үйіне жеткізіп жауып қойған Серік  саудасы  келген үйін,  өтеді-ау деген үй жабдықтары, төсеніштерін

ауылдастарына сатып, қаржының шамалысын күнкөре алмай жұмыссыз қалған ағасының бала-шағасына берді. Сөйтіп екі-үш үлкен сумкаға тұтыныш заттары мен киімдерін, құжаттарын нығыздап шірей толтырып қойды. Одан соң баласына жетектетіп нән бұзаулы, сүті ағып тұрған қызыл ала пілдер сүтті сиырын көршілердің «сат» дегеніне қарамай ағасының қорасына кіргізіп беріп, үйіне енді.

Жеңгесі күйеуінің жанында, тамақтандырып отыр екен. Қайнысының еніп келе жатқанын көріп, орнына ізетпен ұшып тұрды. Баяғы көкірек  жыны басылып қалған. Тура тағдырлары әлгі жигулидің мойында болғандай уайым жамылған. Кеше абысыны өлгенде де бұлай қайғырмағанын  жұрт жыр етіп, аяқ бастырмайды.

-Ағатайым, бүгін қалайсыз? Ештеңке етпес. Сынық бітер.Өзіңіздің  аман қалғаныңызды айтсаңызшы.Көрші Көшір шалға үлкен секті қосып қойып едім. Алып құдайы жасап жібер. «Құдайы барлық ауырлықты көтеріп кетеді»- деп, әкеміз айтып отырушы еді ғой.

-Рақмет. Серікжан- ау. Өзің не істейсің.Бәрі өтер жаным, мына жан бағып отырған  жигулидің қирап қалғанын айтсайшы — деп, әкесі жаңа өлгендей ақылсыз  аға жүрегі қақ айырылып қинала күрсініп теріс қарай берді… .

-Теріс қарама. Ол жақсы  ырым  емес. «Ауырып тұрдың, аунап тұрдың»- деп,отырмайтын ба еді анамыз. Мен әлгі өзің қызыға беретін қызыл ала сиырды әкеліп қораңа кіргізіп қойдым. Бір сауғанда бір шелек сүт беретінін білесің ғой. Бала-шағаңа көже, қатық етесің.Әлде сатып көлігіңді  жөндетемісің.  Өзің біл. Ана-ау  Айдынбек құдаң қызығып қолқаласа да сатпай саған әкеп кіргізді Жанат балаң… Басқадай көмек беруге мен де қол қысқа… !

-Өзің қайтесің… ?

-Мен не етуші едім. Менде мұнда қарайлауға не  қалды.  Үйді  саттым,  өзіңмен,  бала-шағаңмен Жанат екеуміз қоштасуға келдік. Сыртта такси күтіп тұр еді. Аман болыңдар. Ақтауға барған соң хабарласармын -деді інісі қолын ұсынып. Мылқаудай сілейіп қатып қалған аға басын сәл көтеріп алып езіліп үнсіз сұлқ кетті.

Оның бетін сүйген Серік жеңгесімен аузын жыбырлатып қана қоштасып, сырттағы бебеулетіп сигнал басып тұрған таксиге асықты. Сыртқы есекті жаба берген де:

Серікжан, мені тастап қайда кетіп барасың! Кешір. Маған өкпелеп пе ?- деп жан дауысы шыққан бауырына еміреніп жалт қарады да  жүріп кетті… !

…Қалың бейітке барып соғып, анасына, әкесіне, жарына дұға жасады да өзі білетін мұндағы барлық аруақтарға күбірлеп: «Балаларың болып еркелеп өсіп едім. Білместікпен, пенделікпен сырттарыңнан ғайбат сөз айтқан кездерім болса, тентек қараларыңды кешіріңдер»-деді тебіреніп.

…Ауылдан шығар  бағыттағы қырға көтерілген қара жол үстінде таксиді өтініп кідіртіп, баласын жетектеп түсті де бүкіл, ғұмырының жақсы- жаманы өткен алақандай «мысыр шаһарындай» болған шағын ойдағы ауылына қарады. Қалың бейіттің бергі бұрышындағы Ақбибісінің айшығы жылап тұрғандай әсер етті.

-Қош, асыл жарым. Қасыңда болғанымда арқалап барсам да ауруханаға жеткізетін едім ғой. Қиналып жатқанында шыбын жаныңа жарың болып пана бола алмағаныма сенің рухың да өкпелі шығар. Сен мені кеш. Жайлы ұйықтай бер. Сені енді түнде байғұз құстың үрейлі сұңқылы мен,күндіз лепіре соғатын қара желден басқа ешкім мазаламас- деп көлікке беттеді.

Анасының: «Ұлым тірі болсаңдар небір сынаққа тап боласыңдар. Кешірімді бол, біріңе бірің қамқор  болып  жүріңдер. Сол қолың қателессе, оны көтертпей оң қолыңмен басып үйрен. Бұрынғылар  ер азаматқа  «қатын  жолда, бала белде»- деп, өсиеттейтін. Ез болмай, ер болып өс»-деген ақылы орала берді… .

***

Ай өтпей Ақтауға тағы қаралы хабар жетті.

…Ағасы ілбіп жүре бастағаннан кейін түнделетіп келіп, аңсары ауып інісінің сатып көшіп кеткен туып өскен босағаларына келіп, сүйеніп отырып, жұлдыз батқанда жүрегі тоқтап қалыпты… .

Соңы !

Бергентай НҰРМАХАНҰЛЫ,

Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.