АСА ҚАУІПТІ ЖҰҚПАЛЫ АУРУ
Аталмыш дерт Сібірде кеңінен таралғандықтан «Сібір жарасы» атауына ие болып, орыс дәрігері Андреевский сібір жарасының адам мен жануарларға ортақ ауру екендігін және ол жануарлардан адамға жұғатынын дәлелдеп берді.
Сібір жарасы қойда –топалаң, ірі қарада — қараталақ, түйеде – ақшелек немесе қарабез, жылқыда – жамандат деп аталады. Сонымен қатар жабайы жануарлар да сібір жарасы ауруымен ауырады.
Сібір жарасы ауруының қоздырғышы жер қыртысында өсіп-өнеді және арнайы қорғаныс қабықша түзіп, ондаған, тіпті жүздеген жылдар бойына өз тіршілігін жоймайды.
Бұл қоздырғыштар қоршаған ортаның әсерлеріне өте төзімді, тікелей түскен күн сәулесінен 4 күнге дейін қайнаған суда 45-60 минутқа, 140 градусқа дейін қызған ауада 3 сағатқа, жоғары пайыздық залалсыздандыру ерітінділерінде 2 сағатқа дейін өз тіршілігін жоймайды. Ол тұздалған теріде тіршілік ете береді.
Ауру көзі-сиыр, жылқы, түйе, қой, ешкі, шошқа секілді шөп қоректі жануарлар. Қоздырғыш ауру малдың ағзасынан зәрімен және нәжісімен бөлінеді, ауру мал қауіптілігін жазылғанша немесе өлгенше сақтайды.
Елді мекендердің сыртын- дағы мал қорымдарының жай-күйі ұдайы бақылауда болуы керек, белгісіз аурудан өлген малдар сол жерге апарылып, талапқа сай көмілуге тиіс.
«Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы басшылыққа алып, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық.
Қ.Сатов, аудандық орталық ауруханасының эпидемиолог дәрігері