Тұрғындар өзекті мәселелерді ортаға салд
Облыс әкімі Н.Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңестің тапсырмасына сәйкес, апта ішінде аудандық мәдениет үйінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанәділ Айтбеков Жаңатас қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Жиынды аудан әкімдігінің аппарат басшысы Ж.Сақыпбеков жүргізіп отырды.
Басқосуда қатысушы тұрғындар қаламыздағы жылу жүйесінің қыс маусымына толық дайындығы турлы сұрақтарын қойды.
Бұл сұраққа облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Д.Тұнғатов жауап беріп, қыс маусымына дайындықтар жүріп жатқанын жеткізіп, олқылықтар болмайтынын айтты. Одан кейін Жаңатас қаласындағы тұрғындар тұрып жатқан 12 үйге құрылыс жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй бөлімінің басшысы Д.Шалбаев сұраққа жауап беріп, үйлерді жөндеу бойынша жоба жасап өткізгендігін, оған қаржы шешімін таппай отырғандығын тілге тиек етті. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Айтбеков айтылып жатқан 12 үйді жөндеу бойынша алдағы күнде зерделеу жұмыстарын жүргізіп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Одан кейін Саяжай тұрғыны А.Махамбетова:
«Біз тұрып жатқан Саяжайда ауыз су жоқ, көше жарығын орнатып, көшемізге асфальт жабындысын төсеп берсе»,- деген ұсынысын жеткізді.
Бұл сұраққа қала әкімі Д.Борсықов қазіргі таңда көгілдір газ құбырларының жүргізілуі толық біткеннен кейін асфальт салынатындығын, көше жарығы мен ауыз су мәселесі бойынша алдағы уақытта жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Қоғам белсендісі Н.Есмаханов басқа саланың уәкілдері көрінбегендігін, жиналысқа қатысады деген облыстық ауылшаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, білім бөлімдерінің басшылары немесе олардың орынбасарлары тұрғындармен кездесуге неге келмегендігін сұрады.
Басқосу барысында басқа да тұрғындар мұң-мұқтажын ортаға салды.
Жиын соңында облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанәділ Айтбеков айтылған ұсыныстар бойынша іс- шаралар жоспары жасақталып, бақылауға алынатындығын жеткізді.
С.Рысбекұлы, „Sarysý”