ШЕТ ТІЛІНІҢ МАМАНЫ ЕДІ…

0

Шәдібек Әтенов Жамбыл облысы, Сарысу ауданы қазіргі «Игілік» ауылында 1935 жылы 14 наурызда қарапайым отбасында дүниеге келген. Ашаршылық, жоқшылық,  жетіспеушілік кезеңде дүниеге келген торсықтай бала ерте есейді. Қозы бақты, соғыс басталып, колхоздың шамасы келетін жұмысқа қаршадай бала аянбай еңбек етті.    Әкесі –Елшібеков Әтен 1880 жылы туылған, «Рабочий батальонға» алынып,1943 жылы Челябинск қаласында қайтыс болған. Анасы- Сәтпенбетова Қыздаркүл 1900 жылы туған. Жастайынан еңбектің ауыр қиыншылығын көрген ана ұзақ жылдар бойы мүгедектіктің тауқыметін тартып, 1986 жылы 12-ші маусымда өмірден озады. Жастайынан қосылған сүйікті жары қазіргі әже әтенова Әнипа 1941 жылы туған. Алматыдағы өнер университетінде кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарған, зейнеткер. 3 ұлы, 7 немересі және шөберелері бар. Ұлдары ержетіп отбасын құрған. Әтенов Шәдібек «Коммунар» жеті жылдық мектепте оқып, Байқадамдағы «Каганович» атындағы орта мектепті  1956 жылы бітіреді. Содан Қазақ Мемлекеттік Абай атындағы пединститутқа неміс тілі факультетіне оқуға түсіп, 1961 жылы бітіріп шығады. 1961 жылы және 1962 жылдары Байқадамдағы орта мектепте, Талас ауданындағы орта мектепте  неміс тілінен және қазақ тілінен мұғалім болып қызмет атқарған. 1963-1965 жылдары Алматы қаласындағы шет тілі институтында білімін одан сайын тереңдете түсті. 1965 жылы медицина институтында көмекші болып, ары қарай институтта ұстаз болып қызмет атқарған. 1969 жылы Алматы педагогикалық шет тілдері  институтында жоғары оқу орнының  мұғалімдері 2 жылдық дайындығын оқып бітірген. 1969 жылдың желтоқсан айында Мәскеу мемлекеттік университетіне аспирантураға түсіп, неміс тілі мен түрік тілдерін салыстырып диссертация қорғап шықты және филология ғылымының кандидаты әрі профессор болды.  1971-1995 жылдары гуманитарлық факультетінің шет тілдері кафедрасында қызмет атқарған.  Әл-Фараби атындағы КазГУ-де доцент,заң факультетінде кафедра басшысы болып қызмет атқарған, әрі студенттерге неміс тілінен сабақ берген.  Шет тілі және неміс тілінің хас шебері, профессор Әтенов Шәдібек қырықтан астам ғылыми мақала, екі монография жазып шығарған. 1998 жылы жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан.  2002 жылы  Қ.И.Сатпаев атындағы КазНТУ –да шет тілдері кафедрасында доцент болып қызмет атқарған.  2011 жылы «Қайнар» университетінде неміс тілінен сабақ беріп, ұстаздық қызмет атқарған. 2012 жылдан бастап құрметті демалыста болатын.  Алматы қаласының тұрғыны, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Игілік  ауылының тумасы  Әтенов Шәдібек 2022 жылы 29  сәуірде оразаның соңғы күндері өмірден өтті. Барлық қиындықты жеңе білген, абыз ақсақал, асқар тау, қадірлі қария, профессор, көптеген заңгерлерді дайындап, Отан үшін, қоғам үшін адал қызмет етуді ұдайы алға қоятын. Ағайын-туыс, бауырларына, құда- жекжаттарына, қайын-жұртына  және замандастарына көңіл айта отырып, нағашымның жатқан жері жайлы болсын деймін.

Жеңісбек Әмірбеков,

Сарысу ауданының құрметті ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.