СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ САРБАЗДАРЫ
АДАМЗАТ ТАРИХЫНДА ӨШПЕСТЕЙ ОРЫН АЛҒАН, БАРША ӘЛЕМДІ ДҮР СІЛКІНДІРГЕН ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ ЖЕҢІСПЕН АЯҚТАЛУЫНА ӨЗІНДІК ҮЛЕС ҚОСҚАН ҚАЗАҚТЫҢ ЕРЖҮРЕК АЗАМАТТАРЫ АУДАНЫМЫЗДА ДА бар. ЖЕҢІСТІҢ ЖАҚЫНДАУЫНА, ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰЛТ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫНА, ҰРПАҒЫМЫЗДЫҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН БОЛУЫНА ҚАНШАМА БОЗДАҚ ЖАНЫН ҚИЫП, ОТАН ҮШІН ОТҚА ДА ТҮСТІ. СОЛ СҰРАПЫЛ ЖЫЛДАРЫ ЕШКІМ ҚАРАБАСЫНЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАП, СЫНАЛАР ШАҚ КЕЛГЕНДЕ ШЕГІНІП ҚАЛҒАН ЖОҚ. “АЛҒАЛАҒАН” МАЙДАНГЕРЛЕР АРАСЫНДА ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ЕРЖҮРЕК ҚЫЗ-ЖІГІТТЕРІ ДЕ ЕРЕН ЕРЛІК КӨРСЕТІП, ЕЛІНІҢ, ЖҰРТЫНЫҢ АМАНДЫҒЫН ОЙЛАДЫ. МАЙДАН ДАЛАСЫНА АТТАНҒАН САРБАЗДАРДЫҢ БІРҚАНШАСЫНА ТУҒАН ЖЕР ТОПЫРАҒЫ БҰЙЫРМАЙ, СОҒЫСТА АЖАЛ ҚҰШЫП ЖАТТЫ. АЛ, “КЕБІН КИГЕН ӨЛЕДІ, КЕБЕНЕК КИГЕН КЕЛЕДІ” ДЕМЕКШІ ШАРПЫҒАН ОТТАН ҚАЙМЫҚПАЙ, ЖАНҚИЯРЛЫҚПЕН КҮРЕСІП, СОҒЫСТЫҢ СЫН САҒАТТАРЫНДА ҚАЖЫМАС ҚАЙРАТ, ЖАСЫМАС ЖІГЕР КӨРСЕТКЕН АРДАГЕРЛЕРІМІЗ ДЕ БІРТІНДЕП ЕЛІНЕ ОРАЛЫП, ЖАҚЫНДАРЫН ҚУАНЫШҚА БӨЛЕП ЖАТТЫ. ХХ ҒАСЫРДЫҢ ЕҢ БІР СҰМ, ЗҰЛМАТ ОҚИҒАСЫНА АЙНАЛҒАН ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ ЗАРДАБЫ БАРЛЫҚ АЙМАҚҚА ОРНЫ ТОЛМАС ҚАСІРЕТ ӘКЕЛІП ЖАТТЫ. БАБАЛАРДЫҢ ҚАНЫМЕН ЖАНҚИЯРЛЫҚ ЕҢБЕКТІҢ АРҚАСЫНДА ЖЕҢІС КҮНІ ЖЕТІП, КӨГІМІЗДЕ АЗАТТЫҚТЫҢ КӨК ТУЫ ЖЕЛБІРЕДІ. ҚАЗІРГІ ТАҢДА АРДАГЕРЛЕРГЕ АЙРЫҚША ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛІП, ЕРЕКШЕ ЕСКЕРІЛУДЕ. ОЛАРҒА ТАҒЗЫМ ЕТІП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ КЕЙІНГІ ҰРПАҚ БІЗДІҢ ПАРЫЗЫМЫЗ. БҮГІНДЕ СОЛ ЖЫЛДАРДЫҢ КУӘСІНЕ АЙНАЛҒАН ТІРІ ТАРИХ ТАҒЫЛЫМ ИЕЛЕРІ, ЯҒНИ СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІ БІРТІНДЕП СИРЕП, АЗАЙЫП КЕЛЕДІ. АУДАНЫМЫЗДА САУСАҚПЕН САНАРЛЫҚ ҚАНА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ ҮШ СОҢҒЫ САРБАЗДАРЫ АРАМЫЗДА. ЕРЛЕРІМІЗДІҢ ӨМІР ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ЕРЛІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫРЫП ӨТУДІ ЖӨН САНАДЫҚ.
Шәменов Кемелбек — 1921 жылдың 15 наурызында Түркістан облысы, Шәуілдір ауданы, Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1941 – 1942 жылдар аралығында 1116 атқыштар полкінде Оңтүстік – Батыс Украина фронтындағы ұрыста болған. 1942 жылы соғыс даласында ауыр жарақаттануына байланысты әскери госпитальда емделіп, елге оралды. Соғыстан кейін «Алексей нан» заводында жүк тасушы, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде 1977 жылға дейін жұмыс жасап, зейнетке шыққан. Алланың берген ұл – қыздарынан ұрпақ сүйіп, 7 немере және 5 шөбересі бар. Соғыстағы ерлігі мен қайсарлығы үшін: Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, «Маршал Жуковтың» медалімен, «50 Років визволення Украіни» медалімен, «Победитель Социалистического соревнования 1975 года» медалімен, «60 лет Вооруженных сил СССР» медалімен, Ұлы Отан соғысының жеңісіне 30, 40, 50, 60, 65 жыл», «Астанаға 10 жыл» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы.
Ібіжанов Қабыл — 1926 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Сталин колхозында дүниеге келген. 1935-1942 жылдары Сталин колхозындағы мектепте білім алып, «Шилі» колхозында жұмысшы болып орналасқан. 1944 жылы әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысында Румыния, Болгария, Эстония, Архангельск қалаларын азат етуге қатысты.
Соғыстан кейін 1950-1952 жылдары елге оралып, аудандық шикізат дайындау мекемесінде статист болды. 1952-1966 жылдары аудандық тұтыну одағы мекемесінде есепші, ревизор қызметтерінде еңбек етті. 1967-1982 жылдары аудандық жұмыспен қамту мекемесінде инспектор қызметін атқарды. 1986 жылдан бастап зейнеткер. Ол 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан немере, шөбере сүйіп отырған қазыналы қария.
Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордені, «Совет Одағының Маршалы Г.Жуковтың» және «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне 30,40,50,60,65 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», «Астанаға 10 жыл» медальдармен марапатталған. Омы-рауындағы күн көзіне шағылысқан орден-медальдар отты жылдардағы ерен ерлігі мен елге сіңірген еңбегінің лайықты бағасы.
Бүгінде 96-ші көктемін қарсы алған майдангер ата, жауынгерлердің жанын жаншып, қаншама қан төгумен келген бейбітшіліктің іргесі сөгілмесін деп тілейді. Немере-шөбере сүйген ұлағатты отбасының алтын діңгегі.
Маханбетов Мысалы — 1925 жылдың 15 қаңтарында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген. 1934-1941 жылдары Коммунар орта мектебінде оқып, білім алған. 1941-1943 жылдары ауылда жұмыс істеген. 1943 жылы майданға алынып, №53 минометшілер батальонында минометші, снайпер болған.
1950 жылы елге оралып, соғыстан кейін Алматы қаласындағы кинофикация техникумында дәріс алады. Аудандық мәдениет үйінде жылжымалы киноқондырғы саласында он бес жыл еңбек етті. 1979-1991 жылдары Жаңатас қаласындағы автокөлік мекемесінде қызмет атқарды. 1986 жылы зейнеткерлікке шықты.
Ұлы Отан соғысының І дәрежелі ордені, «Совет Одағының Маршалы Г.Жуковтың» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.
Бейбіт өмірде ардақты ардагеріміз жас ұрпақпен өз тәжірибесін бөлісіп, кейінгіге өсиет айтып отыратын ардақты ата.
Иә, бабаларымыздың жан-қиярлық ерлігі мен қайтпас-қайсар батырлығы болмағанда, біз бейбітшілік бесігінде тербеліп, болашаққа тік қарап, еркін өмір сүрмес пе едік кім білсін. Сондықтан да, сұрапыл соғыста ғажап ерліктің үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыз бен есіл ерлеріміздің батырлығы мен қаһармандығы үшін әрдайым қарыздар екенімізді ұмытпағанымыз жөн.
Қарт жауынгерге құрмет
Мерейлі мереке қарсаңында аудандық аурухананың директоры Қыдырбаев Бағлан жарылқасынұлы мен аурухана қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Қабыл Ібіжановтың үйіне барып, Жеңістің 77 жылдық мерекесімен құттықтап, арнайы сыйлықтарын сыйға тартты.
Жыл сайын Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтау дәстүрлі түрде өтетін шара. Жылдар өте келе, кейбір ардагерлер салтанатты іс-шараларға, жауынгер достарымен кездесуге мүмкіндігі болмай жатады. Барлығы да тоқсаннан асып, ғасырға жуықтаған кісілер.
Құрмет көрсетуге барған бүгінгі ұрпаққа қарт майдангер өзінің буыны бекімей жатып, еңбекке араласқанын, ал ел басына күн туған сол бір сұрапыл соғыс жылдарында әскер қатарына алынып, сол жерден соғысқа аттанғанын, майдан даласында Отан үшін жаумен бетпе-бет шайқасқанын әңгімелеп берді. Аурухана қызметкерлері барлық жастық ғұмырын бүгінгі бейбіт заман үшін сарп еткен майдангерді құттықтап, ардагердің ақ батасын алып қайтты. Қарт майдангер еліміздің бүгінгі таңда ардагерлерге көрсетіп жатқан қамқорлықтарына ризашылығын білдіріп, жастарға бейбіт аспан астында бақытты ғұмыр кешулерін тіледі.
Сөз кезегінде бас дәрігер: -Сізге ең алдымен денсаулық тілеймін, сіздің өмір жолыңыз кейінгі буын біздер үшін үлкен өнеге. Бүгінгі біздің бейбіт заманда өмір сүруіміз сіздердің арқаларыңыз,-деп өз жүрекжарды тілегін айтып, ардагерді бір марқайтып тастады.
Ардагердің мереке алдындағы көңіл-күйі көтеріңкі. Сұрапыл соғыс жылдарында от пен оқтың ортасында жүріп, ел қорғаған жауынгерлер қандай құрметке болса да лайық. Уақытқа байлау жоқ. Жыл санап соғыс жылдарының куәгерлері де сиреп барады. Жас буынның сұрапыл жылдардың тарихы мен өнегесі зерделеуге асығуы тиіс. Ерлік даңқын ұмытпай, еңбектің қадірін бағалау ортақ парызымыз.
Гүлнара Байбосынова,
«SARYSÝ»