Бар мейіріміміз балаларға
Ақтоғай ауылы Ақтоғай орта мектебінің жанындағы «Балдәурен» шағын орталығы бес күндік жұмыс аптасымен жұмыс істейді. Мекемеде ортаңғы және кіші 2 топ бар. Сонымен қатар жатын бөлме , ойын бөлме, асхана, ойын аландары бар. Ас әзірлеу, кір жуу, төсек сақтау бөлмесі жұмыс жасайды.
Барлық топтар мемлекеттік тілде тәрбиеленеді және оқытылады.
Бүгінгі өсіп келе жатқан сәбилер ертеңіміздің жалғасы. Әрбір баланың қоғамдағы өз орнын табуына, өз ой-пікірі қалыптасқан, кез келген уақытта мәселенің шешімін таба алатын салауатты да сауатты жеке тұлға болып қалыптасуына балабақша ұжымы өз үлесін қосуда. Осы орайда «Балдәурен» шағын орталығы мынадай мақсат пен міндеттерді алға қойды.
Бала денсаулығын нығайту мен өмірін қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыруда денсаулық сақтау технологиясын жүзеге асыруды жалғастыру.
Мектепке дейінгі жастағы баланың тілін дамыту арқылы шығармашылық қабілет пен экологиялық тәрбиенің педагогтік- психологиялық негіздері.
Мектеп жасына дейінгі балаға отбасы мен қоршаған ортамен қарым — қатынасын орнату арқылы адамгершілік тәрбие берудің жолдарын дамыту.
Бала – біздің болашағымыз. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес , еліміздің де жарқын болашағының кепілі. Ол үздіксіз білім берудің алғашқы деңгейі. Ал тәрбиеші жаңа заман баласын қалыптастырып, дамыту үшін, тұлғаның ішкі дүниесі мен оның қыр-сырын анықтап, мүмкіншіліктері мен қабілетінің дамуына жағдай туғызады. Өйткені жаңа заман баласы- бүгінгі қазақ қоғамының ұлттық қазынасы.
Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың»- деп бекер айтылмаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады.