КӨШПЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ
Апта басында «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалының жанынан құрылған мобильді топ Тоғызкент және Досбол ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті.
Мобильдік топ құрамында «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары М.Мәтен, партия облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ү.Ибраимова, Жамбыл облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Б.Байғараев, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасынан, «Әділдік жолы» РҚБ-нің Жамбыл облысы бойынша филиалының басшысы Е.Батырғалиев, аудан әкімдігі ауылшаруашылығы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік, ішкі саясат, денешынықтыру және спорт, халықты жұмыспен қамту ортылығы, мәдениет және тілдерді дамыту, білім, ТҮКШ, АЖжЖК бөлімдерінің өкілдері мен басшылары, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері және заңгерлер қатысты.
Тоғызкент ауылдық округінде мобильді топ өкілдеріне ауыл тұрғындары тарапынан Тоғызкент ауылына спорт кешенін салу, ауылдық клубты күрделі жөндеуден өткізу, Жаңатас-Тоғызкент аралығына қоғамдық көлік жүргізу, дәрігерлік амбулатория салу, қыс мезгілінде пошта ғимаратының кабинеттері суық болатынын, жас мамандарды ауылға жұмысқа тарту, Әбілда ауылында ескірген балалар ойын алаңын жаңарту, жер алу, жер құжаттарын рәсімдеу және мал шаруашылығына берілетін несиелер мен субсидиялар жайында мәселелерді көтерді. Ал, Досбол ауылдық окгугінде ауыл тұрғындарының басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, негізгі сауалдары мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттен аз пайызбен несие алу жолдары, мал жайылымдық жерлер мен шаруашылықтарда су тапшылығын шешу мәселелері жөнінде болды. Сондай-ақ, ауыл халқы тарапынан округтегі жол сапасының төмендігі, тұрақты жұмысқа орналасу және құжаттар рәсімдеу сияқты мәселелер айтылды.
Мобильді қоғамдық қабылдаудың өкілдері ауылдық округтерден 80-ге жуық азаматтың өтінішін тыңдап, біршамасына қабылдау кезінде нақты жауаптарын берді, көтерген мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, өтініштердің оңтайлы шешілуі бойынша нақты жұмыстар жүргізетін болатынын жеткізді.
Сәулет Есқараев, «Sarysý»