Ауыл мәдениетіне серпін берген жаңа жоба
Ауыл мәдениетін дамыту – маңызды міндеттердің бірі. Ал «АУЫЛ–CLUB» жобасы осы бағыттағы нақты әрі пайдалы бастамалардың бірі болып табылады. Әріптестердің бас қосып, пікір алмасатын тимбилдингтің берер пайдасы мол.
Ауылдық мәдениет үйі мен клуб меңгерушілері арасында «АУЫЛ–СLUB» облыстық ART-тимбилдингі өткен болатын. Жаңа мәдени этикалық нормаларды қалыптастыру бағытындағы іс-шара биыл екінші мәрте ұйымдастырылды. Екі күнге созылған шығармашылық алаң Байзақ ауданы, Түймекент ауылы аумағында өтті.
Іс-шараға облыстың барлық аудандарынан ауылдық мәдениет үйі қызметкерлері мен клуб меңгерушілері қатысты. Әр команда 40 минуттық концерттік бағдарлама ұсынып, өз өңірінің мәдени тыныс-тіршілігін паш етті. Бұдан бөлек, қатысушылар интеллектуалдық және шығармашылық сайыстарда бақ сынасып, түрлі ойындар мен байқауларға белсене қатысты.
Аталған іс-шара барысында ауылдық мәдениет үйі мен клуб меңгерушілері өзара тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырды. Облыстық халық шығармашлығы орталығының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде жалғасын тапқан іс-шараның қорытындысы бойынша Сарысу ауданы 2 — орынды иеленіп, музыкалық аппаратураны жеңіп алды.
Айта кетейік ауданымыздағы өнер айдынында қанат қағып, ауданымыздың мәдениетін республикалық деңгейде насихаттап жүрген өнерпаздардың еңбегі орасан.
Сәулет ЕСҚАРА, «Sarysý»