БАЙЫПТЫ БАСЫЛЫМ — ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Қазіргі кезде газет-журналдардың қоғамдағы орнын интернет пен теледидар басты. Бірақ қолыңа алып, өз көзіңмен көріп оқыған газеттің жөні бөлек. Газет оқығандай интернет бетінен материалды тұшынып оқи алмайсың. Бір жағынан жүйке қысымы, көз жанарыңа зиянды екендігін ескерсек, интернеттің тиімділігі өз міндетін толық атқара алмайтындығын аңғаруға болады. Сондықтан да өзіңнің бой үйренген газетіңнің иісінен-ақ ләззат алғанға не жетсін?!
Бұгінде шыны керек баспасөзге жазылу қиындап тұр. Айтатын сылтауымыз — ақпарат жаңалықтарды емес, ел интернеттен қарап, әлеуметтік желілерден оқып отыр.
Билік мемлекеттік ақпараттық саясатты қолдаудай қолдап –ақ жатыр, жыл сайын газеттерді шығаруға қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ таралым мардымсыз. Биліктің таралым мәселесімен іргесін аулақ салғанына көп болды. Айтатындары – мәжбүрлеп жаздыруға болмайды.
Былай қарап отырсаң, сол газеттеріңнің айтатыны, жазатыны – мемлекеттің өсіп-өркендеуі, адамдардың жасампаз тіршілігі, биліктің күнделікті атқарып отырған жұмыстары. Олай болса билік бұл маңызды жұмыстан неге шет қалуы керек. Бұл –енді үлкен сұрақ.
Жуырда Сарысу ауданы әкімдігінің аппарат жиналысында ауданда 2026 жылдың екінші жарты жылдығына баспасөзге жазылу мәселесі қаралып, талқыға түсіпті, әлеуметтік желіден оқыдым. Аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалғымен өткен жиналыста баспасөздің маңызы туралы, оны әрбір мемлекеттік қызметкер, бюджеттік сала мамандары, өндіріс орындарының жұмысшылары оқуы керек деген түйін айтылса керек.
Бұл арада мәжбүрлеу жоқ, тек мемлекеттік саясатты елге жеткізіп отырған баспасөздің маңызы туралы айтылған.
Мен өмірімнің саналы кезеңінде мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп , бүгінде сол еңбегімнің жемісін көріп жүрген ардагермін. Қолымнан қаламым күні бүгінге дейін түскен емес. Аудандық «Октябрь таңы» (қазіргі «Sarysý») газетінде (24.10.1972 жыл №129) «Әсерлі әңгімелер» атты алғашқы мақаламның жарияланғанына да 54 жылдай болып қалыпты. Содан бері бұл сүйікті газетім өмірлік серігіме айналып келеді.
«Sarysý» — байыпты басылым, әр сөзін салмақтап, саралап, көкірек көзінен өткізіп барып, өз оқырмандарына ұсынады. Сондықтан да болар соңғы кездері газетіміздің бет- бейнесі өзгеріп келеді. Бұл бағытта басылымның шығармашылық ұжымы қандай да болсын биік деңгеге лайық деп сеніммен айта аламын. Ауданымыздың айнасы іспеттес бұл басылымды оқырмандардың басым көпшілігі-ардагер-қарияларымыз да сүйсіне оқиды. Осыған орай, кейінгі кезде газет бетінен көрініп жатқан жағымды айдарлардың қатарына «Ардагерлер бұрышы» қосылса деген ұсынысымызды айта келе, басылымның шырайы одан да әрі ажарлана беруіне ажырамас оқырманы, авторларының бірі ретінде газет қызметкерлеріне тілегім: қаламдары қарымды, қадамдары құтты бола берсін.
Сөзімнің соңында, қазіргі баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқан кезеңде аудан оқырмандарын рухани байлық иесі «Sarysý» газетіне жазылуға шақырамын.
Алдаберді Мақашев,
Сарысу ауданы және Тараз қаласының «Құрметті ардагері»