Астана–арман қала
1998 жылы Ақмоланың еліміздің астанасы болып жарияланғаны баршамызға белгілі. Сол кездері Қазақстан әлемдік қаржы тапшылығынан туындаған дағдарыс қыспағында болғандықтан, жұрт мұндай батыл қадам жасаудың мәнін толық ұғына алмаған еді. Анығын айтқанда, еліміздің оңтүстігіндегі әсем Алматыны алатау бөктерінде қалдырып, қу мекиеннен қала тұрғызу кез келгеннің санасына сыймағаны рас. Десе де бұл Тәуелсіз Қазақстан үшін аса маңызды шешім болғанын бүгінгі уақыт дәлелдеп отыр.
Бүгінде елордамызға сапарлап барғысы келетіндердің қатары көп. Өткен жылы өзім де бас қалаға қыдырып барып, көкпен тірескен көркем ғимараттарға тәнті болып қайттым. Шынында да Астана өзіндік сән-салтанатымен, сәулеттік ерекшелігімен баурап алды. Қала көшелерін аралай жүріп, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді.
Биыл Сарыарқаның шалқар төсіндегі ару қаланың еліміздің бас ордасы болып жарияланғанына тура 28 жыл толды. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Астана тек мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, күллі әлем көз тіккен, халықаралық деңгейде мойындалған жаһандық дипломатия мен мәдениеттің бірегей алаңына айналып үлгерді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, ұлы дала кіндігінде Тәуелсіздігіміздің жарқын символына айналған заманауи қала бой көтеріп, елорда ұлтымызды жасампаздыққа, даму мен өрлеу жолына жетелеп келеді.
Бүгінде Астана жалпыұлттық ауызбіршілік пен бейбітшіліктің мызғымас бесігі іспетті. Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстан үшін елорда бүкіл ел экономикасы мен мәдениетінің ошағына айналды десек қателеспейміз.
Осы тұста қазақ елінің бас қалаларының ауысу тарихын сөз еткенде мемлекетіміз бен халқымыздың әр дәуірдегі өсіп-өркендеу жолындағы түрлі жағдайларды, оның ішінде жаңғыру мен жазампаздықты тілге тиек етпесек болмайды. Негізінде қазіргі Астананың алғашқы іргетасы 1830 жылы Есіл өзенінің бойындағы Қараөткелде қаланған екен. 1832 жылы Ақмола деп ресми түрде жарияланыпты.
Астананың ресми бекітілуі мен атауларының өзгеруі кезең-кезеңімен жүзеге асты. 1995 жылдың қыркүйегінде елорданы Ақмолаға көшіру туралы алғашқы Жарлық шығып, Үкімет арнайы комиссия құрды. Ал 1997 жылғы 20 қазандағы тарихи Жарлықпен сол жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола ресми Астана болып жарияланды. Кейін, 1998 жылғы 6 мамырда қала атауы Астана болып өзгертіліп, 10 маусымда оның халықаралық ресми тұсаукесері өтті.
Астана бүгінде әрбір жас буынның асқақ армандары орындалатын, үлкен мүмкіндіктер мен жасампаздық ордасына айналып отыр. Өңірлерден ағылған білікті де талантты жастардың қажырлы еңбегі бас қаламыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени тынысына күн сайын жаңа серпін беруде. Тәуелсіздігіміздің бойтұмары болған елордамыз жастық жалын мен заманауи дамудың символы ретінде болашаққа нық қадам баса берері сөзсіз.
Мұқағали ОМАРОВ, Жаңатас қаласы