Сарысу аудандық Әкелер форумының аймақтық ардагерлер кеңесінің, Әкелер кеңестеріне және белсенді ардагерлерге ҮНДЕУІ
Құрметті ардагерлер, Әкелер кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері!
Бүгінгі танда Қазақстанда ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу, отбасы институтын нығайту, өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әкенің рөлі мен жауапкершілігін арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Қоғамның тұрақты дамуы мен ұлттың болашағы ең алдымен отбасының беріктігіне, ата-ананың тәлім-тәрбиесіне және ұрпақтар сабақтастығына тікелей байланысты.
Жақын арада қолданысқа енгізілетін Жаңа Конституцияда неке мен отбасы мемлекеттің ерекше қорғауындағы ең жоғары құндылықтардың бірі ретінде айқындалды. Ата Заңда дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау, неке институтын нығайту, бала құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылған. Сонымен қатар, ата-аналардың өз балалары алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі нақты айқындалып, олардың құқықтық мәртебесі нығайтылды.
Отбасы – адамгершілік пен руханияттың, ұлттық тәрбиенің алтын бесігі. Сондықтан отбасының тұтастығын сақтау, әкенің отбасындағы беделі мен тәрбиелік ықпалын күшейту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Аудандық ардагерлер кеңесі бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Кеңес жанынан құрылған Әкелер кеңестері әкелердің қоғамдық және отбасындағы мәртебесін арттыруға, бала тәрбиесіне белсенді қатысуына бағытталған көптеген тағылымды іс-шараларды ұйымдастыруда. Дегенмен, қазіргі қоғамдағы өзгерістер мен жаңа сын-қатерлер әкелер институтын одан әрі дамытуға, тәрбиелік жұмыстардың мазмұнын жаңартуға және олардың ауқымын кеңейтуге ерекше назар аударуды талап етеді.
Осыған байланысты аудандық Әкелер форумының қатысушылары барлық деңгейдегі ардагерлер кеңестерін, Әкелер кеңестерін және белсенді ардагерлерді төмендегі міндеттерді жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырады:
Жаңа Ата Заңда белгіленген отбасы құндылықтарын нығайтуға, неке институтын сақтауға, бала тәрбиесі мен оның құқықтарын қорғауға бағытталған қағидаларды күнделікті өмірге кеңінен енгізуге және халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге; Мемлекеттік органдармен, құқық қорғау мекемелерімен, білім беру ұйымдарымен, жастар ресурстық орталықтарымен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып, отбасы құндылықтарын насихаттайтын, жауапты әкелік мәдениетті қалыптастыратын, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеуге бағытталған іс-шараларды тұрақты өткізуге;
Мектептермен, колледждермен және жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, оқушылар мен студенттердің сапалы білім алуына, ұлттық тәрбие негізінде қалыптасуына, кәсіптік бағдар алуына, спортпен және шығармашылықпен айналысуына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына қолдау көрсетуге;
Ардагерлер ұйымдары жанындағы Әкелер кеңестері, Билер кеңестері және Аналар алқаларының өзара ынтымақтастығын нығайтып, «Жастар тәрбиесі – баршаның ісі» қағидаты негізінде бірлескен тәрбиелік және ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға;
Жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заңға құрмет пен тәртіпке бағыну қағидаттары насихаттауға, құқық бұзушылықтың, және басқа да теріс құбылыстардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды күшейтуге;
Әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатында «Әке мектебі», «Өнегелі әке», «Әке мен бала», «Ұрпақтар сабақтастығы», сияқты жобалар мен кездесулерді тұрақты ұйымдастыруға;
Әкелер күніне орай жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдық окургтер мен елді мекендерде форумдар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар өткізуге;
Еңбекқорлық, отансүйгіштікті, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету дәстүрін жастар арасында кеңінен насихаттап, ұлттық тәрбиенің үздік үлгілерін дәріптеуге;
Ардагерлердің өмірлік тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесіне тиімді пайдалану мақсатында тәлімгерлік институтын дамытуға және белсенді ардагерлердің қоғамдық рөлін арттыруға;
Ардагерлер ұйымдары мен Әкелер кеңестерінің оң тәжірибелерін бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және «Ғұмыр-Дария» газетінде тұрақты жариялап, қоғамға кеңінен насихаттауға.
Біз барша ардагерлерді, қоғам белсенділерін, әкелер мен азаматтарды отбасы құндылықтарын сақтауға, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға, ұлттық дәстүрлерімізді ұлықтауға және ел болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырамыз.
Берік отбасы – қуатты мемлекет пен өркениетті қоғамның кепілі. Әкенің абыройы мен жауапкершілігі артқан жерде тәрбиелі ұрпақ қалыптасады, ал тәрбиелі ұрпақ – Қазақстанның жарқын болашағының негізі.