Тұлға тағылымы

0

Қазақ мәдениеті мен өнерінің тарихында халқымыздың ән мұрасын жаңғыртып, ұлттық руханиятқа өлшеусіз еңбек сіңірген санаулы тұлғалардың бірі — Қазақстанның Еңбек Ері, ел ардақтысы Илья Жақанов десек артық айтқанымыз емес. Сазгер, жазушы, музыка зерттеушісі, публицист әрі этнограф, бір сөзбен айтқанда сан қырлы талант иесі 6 мамырда 90 жасқа толды. Даңқты жерлесіміздің мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде шалқар шабытпен аталып өтуде. Ал туған жердегі думанның жөні тіптен бөлек. Қазір барша сарысулықтар осы салтанатты сәтті асыға күтіп, дара тұлғаға лайықты құрмет көрсетуге қамдануда.
Расында да Илья ағамыз — қазақ ән өнерінде ерекше қолтаңба қалыптастырған композитор. Ол екі жүзден астам ән жазған. Соның ішінде жұрт арасында кең тараған «Жайлаукөл кештері», «Көгілдір көлме», «Талдыбұлақ», тағы да басқа шығармаларынан туған жерге деген сүйіспеншілік, адам жанының нәзік иірімдері, сағыныш пен махаббат айқын сезіледі. Қазақ музыкасының алтын қорына енген дүниелер кең даланың табиғатын, ауыл өмірінің көркемдігін бейнелейтін лирикалық туынды ретінде ерекше бағаланады.
Илья Жақанов тек композитор ғана емес, қазақ музыкасының тарихын терең зерттеген өнертанушы ғалым. Ол қазақтың әнші-композиторлары, күйшілері мен сал-серілері туралы көптеген зерттеу еңбектерін жазды. Оның «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Аққулар қонған айдын көл», «Махаббат вальсі» сияқты кітаптары музыка әлемінің сырын ашатын көркем әрі танымдық еңбектер болып табылады.
Сондай-ақ ол қобызшы Ықылас Дүкенұлы туралы «Ықылас» романын жазып, қазақ музыка тарихындағы тұлғалардың өмірін көркем түрде насихаттады. Сөз бен сазды сабақтастыра білген саңлақтың еңбектері арқылы көптеген ұмыт бола бастаған әндер мен өнер иелері қайта жаңғырды.
Илья Жақанов шығарма­шылығы қазақ мәдениетімен ғана шектелмейді. Ол қырғыз әдебиеті мен өнерін де терең зерттеп, Шыңғыс Айтматов шығармаларынан әсер алып бірнеше ән циклдерін дүниеге әкелді. «Жәмилә», «Қош бол, Гүлсары» секілді шығармалар желісімен туған әндері қазақ пен қырғыз халықтарының рухани байланысын нығайтты. Осы еңбегі үшін Қырғызстанның «Дәнекер» орденімен марапатталғаны біз үшін үлкен мақтаныш.
Илья ағамыз — өмір бойы өнерге адал болған тұлға. Ол күні бүгінге дейін шығармашылықтан қол үзген жоқ. Тіпті 75 жастан асқан кезінде Атырау университетіне түсіп, суретшілік мамандығын меңгергенінің өзі көпке үлгі әрі оның білімге, өнерге деген шексіз құштарлығын көрсетеді.
Өнер иесі өзі туралы: «Мен — Ұлы даланың перзентімін», деп айтқан. Бұл сөз оның бүкіл шығармашылығының мәнін ашып тұрғандай.
Адал еңбек адам баласын қай кезде де абыройға бөлеп, асқақ шыңдарға жетелейді. Илья аға табиғи дарыны мен тынымсыз ізденісінің арқасында толайым табыстарға қол жеткізді. Халықтың құрмет-қошеметіне кенеліп, мемлекет тарапынан да лайықты марапаттарға ие болды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты атанды. Ал 2022 жылы Президентіміз «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын салтанатты түрде өзі тапсырды. Марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы: «Менің Жарлығыммен еліміздің ең жоғары атағы аса құрметті композитор, жазушы, өнертанушы Илья Жақановқа беріледі. Илья Жақанов — қазақ мәдениетінің тұғырлы тұлғасы. Оның әуезді әндері, әдеби туындылары және зерделі зерттеулері ұлт руханиятына қосылған құнды қазына. Ол халқымыздың рухани байлығын еселеп, ұлттық музыка өнерін дамытуға өлшеусіз үлес қосқаны үшін Қазақстанның Еңбек Ері атанды», — деп айрықша ілтипат білдірді.
Міне, алақандай Ақтоғайда өмірге келіп, Алатаудай асқақ өнерімен күллі Алаштың абызына айналған арда азамат бүгін туған жердің төсінде, елдің аялы алақанында. Бұл мерейтой- өнердің мерекесі, өңірдің ортақ қуанышы. Ендеше, Илья ағамыздың ғұмыр жасы ұзақ болып, той тойға ұлассын, ағайын!

Сәкен Мамытов,
Сарысу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.