Ең әдемі гүл шоғын іздесеңіз «ADEM»-ге келіңіз

0

«Қызды гүлге теңеп жазған ең бірінші ақын – нағыз ақын», депті түркі халықтарының ұлы ойшылы Әлішер Науаи. Расында, гүл мен ару – егіз ұғым. Раушан, Қызғалдақ, Нарғыз, Қалампыр, Райхан секілді есімдер нәзік жандыларға ғана жарасқан соң қойылады. Гүл сөзі біріккен ару аттары қаншама? Әрбір әйел затының өзіне тән талғам-мінезі болатыны секілді, әрбір гүлдің де өзіндік мән-мағынасы, сыйлау әдебі бар. Әрбір нәрсе әдебімен әдемі ғой қашанда.

Ең әдемі гүл шоғын іздесеңіз «ADEM-FLOWERS» дүкеніне келіңіздер.
Жаңатастық жас кәсіпкерлер Нұрбек Сағымбайұлы Ескермес пен Әдемі Талғатқызы Темірбаева гүл сататын дүкен ашты.
Дүкенде гүл сатумен қатар, курьер арқылы жеткізіп беру, жұмсақ ойыншықтар мен әр түрлі шарлармен топтама жасау бойынша қызмет көрсетеді. Дүкенді көп адам біле бермесе керек. Өйткені ашылғанына көп бола қойған жоқ. Гүл дүкені 4-шағын ауданның адам көп жүретін жерінде орналасқан. Дүкен иесі Нұрбек Сағымбайұлын әңгімеге тартқан болатынбыз.
-Мерекеде гүл сыйлау – жай ғана сыйлық емес, жылы сөздің көркем баламасы. Гүлдің ең әдемісін ғана емес, сыйлық иесіне лайығын таңдаған жөн. Жіктеп айтсақ, жақын жанға сыйлайтын гүлдің түріне, түсіне, санына мән беру керек. Флористикада сан арқылы сезімді білдіретін бейресми «код» бар. Мәселен, елімізде, көрші өңірлерде қалыптасқан әдеп бойынша мерекеде – тақ сан, қаралы жағдайда жұп сан беру қалыпты саналады.
Сол секілді гүлдің түсін таңдауда да өзіндік мән-мағына бар. Мысалы, қызыл түс – махаббат пен ықыласты, қызғылт түс – нәзік ілтипат пен ризашылық белгісін білдіреді. Ал ақ түс – тазалық, адал ниет, сыйластық белгісі болғанымен, кей отбасылар оны салтанатты, кейбірі оны тым ресми деп қабылдауы мүмкін. Сары түс көбіне достық пен қуанышқа, күлгін түс қадір-құрметке баланады.
Ал енді осы бір нәзік те сұлу жаратылыстың түрлеріне тоқталсақ, «гүл тілінде» ең танымал ишара алдымен раушаннан басталады. Қызыл раушан – ғашықтық сезімнің белгісі, ақ раушан – адалдық пен сыйластықтың нышаны. Флористердің пайымынша, қалампыр – ерекше құрмет білдірудің бір тәсілі, ал георгина иесіне табыс тілеген ниетті жеткізеді. Мимоза көбіне «көңілім сенде, сағынышым бар» дегенді аңғартса, алғашқы махаббатқа мамыргүл (сирень) сыйлау нәзік сезімді әдеппен білдірудің белгісі ретінде айтылады. Лалагүл – ынтызар ықыластың елшісі, ал шегіргүл (фиалка) қызыл раушанмен бірге ұсынылса, «саған тәнтімін» дегенді сөзсіз-ақ ұқтырады. Ал көктемнің жаршысы қызғалдақ жасқа қарамай – ең жақын, ең сүйікті жандарға арналған гүл. Анаңызды, жарыңызды, жақын-жуығыңызды, қызыңызды қуантқыңыз келсе, осы мағыналарды біле жүрген абзал,-деді.
«ADEM-FLOWERS» дүкенінің ашылғанына көп уақыт болмаса да гүлдері сұранысқа ие, тапсырыс берушілер көп. Өйткені гүлдері өте балғын, бағасы да колжетімді және бөлме гүлдерінің де бірнеше түрі кездеседі.
Егер жақындарыңызды қуантқыңыз келсе, «ADEM-FLOWERS» дүкеніне келіңіз!

Камели Сүлейменова, «Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.