Тал отырғызу-сауапты іс
Қазақ даналығында «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Расымен де саялы ағаш егіп, балаға мирас болатын бұл дәстүр осы уақытқа дейін өз өміршеңдігін жойған емес. Ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар дегенді халық ертеден айтады. Ендеше, баланы туылғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай ағашты да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болу керек.
Көктемгі екі айлық тазалық жұмыстары барысында және қаламызды көріктендіру, абаттандыру мақсатында өткен сенбі күні «Ақбұлақ» демалыс орнында тал отырғызу іс-шарасы өтті.
Іс-шарада аудан басшысы Сәкен Мамытов сөз сөйледі.
-Ағаш егу-ұрпақтан ұрпаққа қалған жақсы үлгі-өнеге. Бұндай үлкен акцияға қатысуымыздың өзі қаламыздың түрленуіне атсалысуымызды, оған бей-жай қарамайтынымызды білдіреді. Қаламыз тек көркейіп, жандана берсін дегіміз келеді. «Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу-маңызды істердің бірі. Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз. Тал-терек отырғызу-мың жылға бергісіз сауапты іс. Олай дейтініміз, жерге шаншылған әрбір тал күтімі болса, жапырағы жайқалған дараққа айналып, аптап ыстықта саялар көлеңкең, қыстыгүні суық боранға қамсау болары сөзсіз,-деді.
Демалыс орнына тал отырғызуға келген аудан әкімдігі бөлім басшылары мен қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері және аудандағы этнос өкілдері, жастар ең әуелі бей-берекет шашылып жатқан қоқыстарды, ағаштарды жинап, ретке келтірген соң 300 талды отырғызды.
Сонымен қатар, К.Байсейітова көшесінде орналасқан «Жасыл белдеу» алқабына 1500 түп тал егілді. Аталмыш шара барлық ауылдық округтерде жалғасын тапты. Жалпы аудан бойынша 4000 ағаш отырғызылып, қатысушылар табиғаттың түрленуіне үлес қосты.
Сондай-ақ, аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес көктемгі тазалық жұмыстарының екі айлығы аясында ұйымдастырылған сенбілікке 800-ден аса адам қатысып, өздеріне белгілеп берілген аумақтың арықтарын тазалап, тал-дарақтарын ретке келтірді.
Сенбілік – қоршаған ортаны қоқыс қалдықтарынан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызып, халықты ауызбіршілікке шақыратын игілікті іс.
Қоршаған ортаның жақсаруына өз үлесімізді тигізу үшін сенбіліктер өткізіп, ауламыздың, қаламыздың, ауылымыздың аумағын тазартып, абаттандырып, жасыл желектер отырғызып, шырайын әрлендіре түсуіміз керек.
***
Түркістан ауылдық округіне қарасты Арыстанды шатқалында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық шарасы өткізілді. Игі іске Түркістан ауылдық округінің әкімі Д.Борсықов, ауыл тұрғындары, этнос өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Шараны ауыл әкімі Д.Борсықов ашып, сөз сөйледі. Мұнан соң ауыл ақсақалдары да ізгі тілектерін арнап, ақ баталарын берді: — Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып отырған аталмыш акция ұйымшылдыққа, ынтымақ пен ұйысқан бірлікке жетелейді, — деді. Тазалық жұмыстары барысында шатқал күл-қоқыстан тазаланып, қатысушылар табиғатты аялауға үлес қосты.
***
Жайылма ауылдық округінде кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындары белсенді түрде қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында ауыл аумағы тазартылып, көркейту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қоршаған ортаны жақсарту мақсатында 100 түп тал отырғызылды.
Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
***
Тоғызкент ауылында акция аясында игі іс жалғасын тапты.
Аталған акция шеңберінде қоршаған ортаны қорғау және көгалдандыру мақсатында 500 түп тал көшеті отырғызылды. Бұл бастама-табиғатты аялауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Тал егу-тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың жарқын болашағына қосылған үлес. Осындай игі шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз.
***
Жаңаарық ауылдық округінде тал егу күніне орай қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында тал егу жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шараға ауыл ардагерлері, жастар және мекеме қызметкерлері қатысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Бір тал ексең – бір өмірге үлес қосасын!
Камели Сүлейменова, «Sarysý»