Ұлы Конституциямыз — кемел келешегіміздің кепілі!
Өткен аптаның сенбісі күні Қазақстан Республикасының Конституциясы құрметіне арналған «Ата Заң – Тәуелсіздігіміздің тұғыры» атты салтанатты жиын өтті.
Салтанатты жиынға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме-бөлім басшылары және аудан жастары қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы енгізілді.
Жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды.
Қазақстан Республикасы Конституциясының құрметіне арналған мерекемен аудан әкімі Сәкен Үмбетұлы Мамытов құттықтады.
-Құрметті аудан тұрғындары!
Өздеріңізге белгілі 2026 жылғы 20 қаңтарда өткен V Ұлттық Құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын жариялады. Аталмыш бастама — ел дамуының жаңа кезеңіне бағытталған маңызды саяси қадамға айналды.
Жаңа Ата Заң жобасы қалыптасқан мемлекеттік құрылымды, Қазақстанның халықаралық беделін, адами капиталды, білім, ғылым және инновацияларды дамытудағы айқын басымдықтарын көрсетеді.
Сонымен бірге, мемлекеттіліктің қалыптасуында маңызды рөл атқарған қолданыстағы Конституцияға құрмет сақталады. Жалпы алғанда, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілуі ұсынылып отыр. Жаңа Заңды әзірлеуге Конституциялық комиссия құрылып, құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдерінен құралған 130 адам енді. Демек, жаңа Заң жобасы сүзгіден өтіп, көптің шешімімен келісілген іс.
Осы орайда, аталған бастаманы іске асыру мақсатында ауданымызда кешенді әрі жүйелі ақпараттық -түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Аудан әкімдігінің жанынан 40 адамнан тұратын 4 ақпараттық — түсіндіру тобы құрылып, бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күнге дейін аталған топтар тарапынан барлығы 53 кездесу өткізілді. Кездесулер барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың мазмұны, олардың құқықтық және стратегиялық маңызы жан-жақты түсіндіріліп, тұрғындардың сұрақтарына нақты әрі мазмұнды жауаптар берілуде. Ашық диалог алаңында азаматтардың пікірлері тыңдалып, ұсыныстары назарға алынуда.
Қадірменді ағайын!
Реформаның негізгі мақсаты – әділеттілік, теңдік және ашықтықты нығайту, қоғам мен мемлекеттің арасындағы сенімділік орнату. Билік пен бұқараның арасындағы ашықтықты қалыптастыратын реформаға үн қосу — баршамызға ортақ іс деп есептеймін. Қоғамға қозғау салып, ұлтымызды ұйыстырған маңызды науқанға баршаңызды шақырамын. Елімізге амандық тілеймін! Аспанымыз ашық, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болсын!-деді.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Диханбай Ақділда, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мадина Пірімбек сөз сөйлеп, Референдум-елдегі ең ерекше оқиға болатынын, өйткені бұл жолы ортақ Ата Заңға қарай өзгеріп, әділдік болатынын, халық үшін, ел мен мемлекет үшін бұл үлкен мәнге ие екендігін тілге тиек етті.
Салтанатты жиын аудандық мәдениет үйі әншілерінің әуезді әнімен жалғасты. Көпшілік назарына «Сарысу» триосы «Бұлқынды жүрек», Мөлдір Мұсаева «Халқым-ай», Ахат Кенжебаев «Бұлбұлым», қыздар триосы «Бақыт», Әмірғали Бақытов «Дүр қамшы», Қолқанат Темірбекқызы, Мөлдір Мұсаева, Диана Сейдіш «Желдірме», Эсма Іңкәрбек «Бұлбұл-ай» әндерін тамылжыта шырқап, тыңдармандарына ерекше көңіл-күй сыйлады. Іс-шара сазгер Нұрғиса Тілендиев пен ақын Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Өз елім» әнімен аяқталды.
Камели Сүлейменова, «Sarysý»