Ел болам десең бесігіңді түзе
Халқымызда: «Аталар сөзі – ақылдың көзі» деген терең мағыналы нақыл бар. Осы ұлағатты сөздің мәнін жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында «Заң және тәртіп» айлығы аясында мектебімізде жоғарғы сынып оқушыларымен, оның ішінде ұл балаларға арналған «Тәртіпке бағынған құл болмас» тақырыбында тәрбиелік кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге ауыл ақсақалдары Жексен Карипбаев, Мұрат Бакенов, Абзалбек Саспақов, Сарысу аудандық Чернобыль Одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Өскенбеков және Сарысу АПБ ЖПҚ УПИ полиция капитаны Ғазиз Арқабаев қатысып, олар жастарға өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Әңгіме барысында тәртіп сақтау, үлкенді құрметтеу, жауапкершілік, адалдық, еңбекқорлық, құқық бұзушылықтың алдын алу және өмірдегі дұрыс таңдау жасау мәселелері кеңінен қозғалды. Ақсақалдар әрбір айтылған сөздің салмағын түсіндіре отырып, жасөспірімдерді теріс әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Шара барысында аталар ұл балаларға ер азаматқа тән қасиеттер – сабырлылық, уәдеге беріктік, намысшылдық пен елжандылық жайында өнегелі ойларын жеткізді. Өз бастарынан өткен оқиғаларды мысалға ала отырып, заңды сыйлау мен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну қажеттігін атап өтті. Құқық бұзушылық көбіне тәртіпсіздік, жауапкершіліктің төмендігі, бос уақытты дұрыс ұйымдастырмау, теріс ортаға еру салдарынан туындайды. Ұсақ құқық бұзушылықтың өзі дер кезінде алдын алынбаса, кейін күрделі мәселелерге алып келуі мүмкін. Сол себепті ұл балаларға заңды білу ғана емес, оны құрметтеу қажеттігін түсіндіру маңызды.
Оқушылар кездесуге белсенді қатысып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Ақсақалдардың шынайы әрі жүректен шыққан жауаптары жасөспірімдерге терең ой салып, тәрбиелік мәні зор әсер қалдырды. Кездесу соңында оқушылар үлкендердің ақ батасын алып, ата дәстүрін қастерлеуге, тәртіпті сақтауға және саналы азамат болып қалыптасуға уәде берді. Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – ортақ міндет
Қорытындылай келе, ұл балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу – үздіксіз жүргізілетін жүйелі жұмыс. Заңды білу, тәртіпті сақтау, ұлттық және адамгершілік құндылықтарды құрметтеу арқылы ғана саналы, жауапты, ел болашағына бейжай қарамайтын азамат болып өсуіне бағыт – бағдар бере білу қажет.
Н.Рустамова,
Сарысу орта мектебінің директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары