ҰЛЫҚ БОЛҒАН ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРЫМ
Киелі де қасиетті білім ордаларының бірі Әйтеке би атындағы орта мектепке биыл 90 жыл толып отыр. Әрине бұл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде сан мыңдаған шәкірттер алтын ұя атанған мектептен сапалы білім, саналы тәрбие алып, қияға қанат қақты. Азаматтар қатарына қосылып, отанына, халқына қызмет етіп, туған жерін түлетті. 1961 жылы бұрынғы атауы В.И.Ленин атындағы орта мектептің киелі табалдырығын біз де аттадық. Мектепте оқыған он жыл ішінде қайталанбас балалық, жастық шағымыз, естен кетпес қызықты сәттеріміз өтті. 1971 жылы онжылдықты аяқтадық. Туған, кіндік қанымыз тамған алтын бесік ауылдағы мектепке тарыдай боп кіріп, таудай болып шықтық.
Алтын ұя атанған мектебіңді еске алғанда білім нәрімен сусындатқан ұлағатты ұстаздарың да еріксіз ойға оралады. Саналы ғұмырын, өнегелі өмірін ел ертеңі болатын жас ұрпақтың жарқын болашағына арнаған Сушин Ібіжан, Сәрсенбаев Қошқар, Бөлегенов Әбілда, Байдәулетов Ілияс, Ержанов Сайлау, Мұсабаев Насұрла, Зетов Байдаулет, Қуандықов Сейдан, Жанәбілов Тұрған ағайларымызды сағынышпен еске аламыз. Өмірдің жазылмаған заңы өте қатал. Жарық дүниеге келу бар да, кету де хаһ. Тағдырдың талқысы, жазмыштың жазуына шара бар ма? Әке-шешеміздей қамқор боп, санамызға телегей теңіз білімнің нәрін сепкен ардақты ұстаздарымыздың келместің кемесіне мініп кеткеніне күйінесің, қынжыласың. Өкініштен өзегің өртенеді. Дәтке қуаты жақсының аты өлмейді. Ұлы атанған Абай да «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп бекер жырламаса керек. Бойымызға адамгершіліктің сан қырлы қасиеттерін дарытып, өмірге, білімге, өнерге деген құштарлығымызды оятып, отан мен еңбексүйгіштікке баулыған ұстаздарымыздың басқан іздері өшкен жоқ. «Асқар тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші аяулы ұстаздарымыздың естен кетпес есімдері, ерлікке пара-пар атқарған ізгілікті істері шәкірттерінің жүректерінде мәңгі сақталып келеді. Бүгінде еліне елеулі, халқына қалаулы, абырой мен құрметке бөленген, абыз ата жасына жеткен ұстаздарымыз Дүйсенбин Пернебай, Есмаханов Амангелді, Бәтешов Құдайберген ағайларымыз ел-жұртының арасында жарқын жүздері жарқырап жүр. Бұл ағайларымызбен сәлеміміздің сәті түсіп, кездескен, жүздескен кездерімізде көңіліміз толқып, жүрегімізді шәкірттік сезімі баурайды. Мектептегі шәкірттік шағымыз ойға оралып, бас киімімізді қолға алып, құрмет көрсеткіміз келіп тұрады. Орайы келгенде Жазушылар одағының мүшесі, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, бірнеше дүркін әдеби байқаулардың жүлдегері, дарынды қаламгер Пернебай ағайым жайлы бір үзік сыр айтпасқа болмайды. Олай дейтінім мамандық таңдауда бағыт-бағдар, ақ батасын берген де ұстаздардың ұстазы болған Пернебай ағайым еді. 8-сыныпта оқып жүргенімде аудандық газетке мектеп және ауыл өмірінен қысқа хабарлар жазуға әуестене бастадым. Аудандық газеттің сол кездегі атауы «Октябрь таңының» редакторы Мақашев Төкен ағаның мөрін басып, қолын қойып берген «Штаттан тыс тілші» деген мұқабасы қып-қызыл куәлікті алғанда төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалған болатын. Газеттің кезекті бір санында «Домбыра» атты бар болғаны үш шумақ өлеңім шықты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс беретін Пернебай ағайым сол газетті кезекті сабағында ала келген екен. Сабағын өткізіп болған соң газетті қолына алып:
-Құрметті балалар, достарың Темірланның аудандық газетке жазған тырнақалды “Домбыра” атты өлеңі шығыпты. Мен сендерге оқып берейін,-деді.
Албырт шағым ғой. Ағайым өлеңді мәнерлеп оқи бастағанда бұлай болар деп ойламаған мен екі бетім дуылдай қызып, ұялып кеттім. Өлеңді оқып болған соң:
-Қаламың ұштала берсін. Сәттілік тілеймін,-деді көңілді үнмен.
Ұстазымның бұл сөзі шәкіртіне берген ақ тілекті батасы екенін кейін есейгенде білдім. Онжылдықты бітірер кезде көңіліміз алабұртып мемлекеттік емтихан тапсыра бастадық. Пернебай ағайым:
-Сен ҚазМУ-дің журфагіне барғалы жүрсің,-деп қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен «5» деген бағалар қойып бергенін ұмытқаным жоқ.
Журналист мамандығымен аудандық газетте қызмет етіп, жазған мақала, шығарған кітаптарыммен өмірімнің шуақты күндерінің көшбасшысы болған ардақты Пернебай ағайымның үміті мен сенімін ақтадым деп ойлаймын. Ағайымыз әрбір сабағын тартымды, мазмұнды, әсерлі өткізетін. Әсіресе қазақ әдебиеті пәні дәрісінде ақын-жазушылардың қызықты өмірлерінде тілге тиек ететін. Әдеби кітап оқуға құштарлығымызды арттыратын. Сол кездері мектеп оқушылары әдеби кітаптарды көп оқушы еді. Мектеп пен ауылдағы кітапханалардағы жақсы кітаптар қолдан-қолға өтіп, сыртқы мұқабасы мен ішкі парақтары да тозып кететін.
Ауыл орталығынан шалғай елді мекендер мен малшы балалары мектеп интернатта оқитын. Әкем мен анам Калинин атындағы кеңшарда бір отар қой бағатын. Өз үйіміздей болған интернаттың дәм-тұзын татып, тәтті нанын мен де жедім. Жүздерінен күн нұрындай мейірім шуағы шашылған ағайлардың тәрбиесін көрдім. Сол жылдары тәрбиешіміз математика пәнінің мұғалімі Бөлегенов Әбілда ағай еді. Бұл ағайымыз өте білімді, жылы жүректі әрі құс ұйқылы болатын. Үйі интернаттан әудем жерде болған соң бос уақыттарының бәрін интернатта өткізетін. Түн баласына біздің кірпігіміз ілініп, тәтті ұйқы құшағына кетпейінше үйіне қайтпайтын. Кетерінде үстіміздегі ашық-шашық қалған көрпемізге дейін қымтап, жауып жүретін.
Ағай шаршы тақта бетіндегі қызықты шайқаста ешкімге дес бермеген атышулы шахматшы-тын. Интернат тәрбиеленушілерінің бәріне шахмат ойнауды үйретті. Шахматқа деген қызығушылығымызды арттырғаны сонша мектептен, сабақтан оралған бетте шахмат ойнауға кірісіп кететінбіз. Жақсы ойнай бастағанымызда ағай бізбен шахмат ойнауды қолға алды. Кейде ұтылып қалатын. «Әттеген-ай, жаңылып кеттім-ау» деп өкініп те қоюшы еді. Сөйтсек, мұнысы бекершілік екен. Біздің балалық көңілімізді аулап, шахмат ойынына деген әуесқойлығымызды дамыта беру үшін әдейі ұтыла салатынын да біліп қойдық.
Осы ағайымыз біздің «а» сыныбының жетекшісі болды. Ата-аналарымызбен тығыз байланыс жасады. Балалықпен жасаған қателіктерімізді жасырып, жақсылығымызды асырып жүретін. Сынып оқушылары мектепті жоғары үлгеріммен аяқтағанда ағайдың қуанышы көлдеді. Жаны жаздай жадырады.
Уақыт озды. Күндер сырғып, апталап айлар мен жылдар жылжыды. Сыныптас достар 1991 жылы алтын ұя мектебімізге ат ізін салып, бас қосып, 20 жылдығымызды атап өттік. Сынып жетекшісі болған Әбілда ағайдың үйіне құстай ұшып барғанымызда алып ұшқан көңіліміз су сепкендей басылды. Тәніне тас кенедей жабысқан дерті асқынып, әбден жүдеп, төсек тартып жатыр екен. Өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып шыныққан, қайсар мінезді текті ағайымыз айтар сөзінен жаңылған жоқ.
-Ағайларыңның қарашаңырағына арнайы келіп, сәлем бергендеріңе рахмет. Бір жасап қалдым. Шырақтарым, жас келді, кәрілік жеңді, кесел меңдеді. Өзекті жанға бір өлім. Мен өлімнен қорықпаймын. Соңымда сендердей шәкірттері бар мен бақытты адаммын.
Көңіліміз босады. Қырық жастың қырқасына таянып қалған сыныптас қыздарымыз көз жастарына ерік берді. Тұманды күндей тұнжырап, өте ауыр, қимастық сезіммен қоштасып кете бардық. Арада екі ай уақыт өткенде ата-бабаларымыз «Бес күндік жалған дүние» деген өмірден Әбілда ағайдың да өткені жайлы қаралы хабарды естідік. Бір кем дүние-ай. Сезімімізге селкеу түсіп, көңіліміз құлазыды, жүрегіміз сыздады, жанымыз жараланды.
Мектепте шетел тілдерінен де сауат ашқан болдық. Неміс тілі пәнінен Ұлы Отан соғысына қатысқан Байдәулетов Ілияс ағай сабақ берді. Неміс тілінің әріптерін танытты. Жүргізіп оқитын дәрежеге жеткізді. Неміс тілінде тіл қатып, сәлемдесіп, қоштасып жүретін болдық. Ұтқан асықтарымызды неміс тілінде «айн, свайн, драйн» деп бастап санағанды қызық көруші едік.
Амангелді ағайымыз он саусағынан өнер тамған ұстаз болды. Ағаштан түйін түйген шебер болумен қатар ақ қағаз бетіне салған суреттері қараған жанның көз майын алушы еді. Мектепте еңбек пен сурет пәндерінен дәріс берді. Ұмытпасам 5-сыныпта оқып жүрген кезіміз болатын. Ағайдың үйге берген тапсырмасын орындамай, сурет салмай келген шәкірттеріне беретін «жазасы» ауыр, қазір ойласам қызықты болған екен. Сурет салмай келген қыз және ер балаларды қол ұстастырып, жез қоңыраудың үні шыққан үзіліске дейін тақта алдына тұрғызып қоятын. Қыз балалардың алма жүзі алаулап, ер балалар төмен қарап жүздерімен жер шұқып тұрушы еді. Партада отырған сыныптастар мазақ етіп, бөлме ішін күлкі үні кернейтін. Мұндай тәртіпке шақыруды мен де бастан кештім. Осындай «жазалаудан» кейін жүрек жұтқан бала болсаң да ағайдың үй тапсырмасын орындамай мектепке қарай аяғыңды аттап баспайтын болдық.
Жоғары сыныпта оқып жүрген жылдарда мектеп директоры Ұлы Отан соғысына қатысып, елін жаудан қорғаған, туған жерге кеудесіне Қызыл Жұлдыз, I, II дәрежелі Отан соғысы ордендерін, бірнеше медальдарын жарқырата тағып, капитан шенімен оралған Бекенов Зикен ағай еді. Тарих пәнінен де қосымша сабақ берген ағайымыз сауатты, сыпайы, мәдениетті, парасатты да ажарлы кісі болатын. Он жыл киелі партасында отырған мектеппен қоштасқан күні қолымызға аттестат пен жеке куәлікті осы ағайымыз салтанатты түрде тапсырды. Сөзге де шешен еді. Көңілімізді толқытып, ақ тілегін арнады.
-Құрметті мектеп бітіруші түлектер! Сендер бүгін алтын ұя мектептеріңнен қанат қағып, қияға ұшқалы тұрсыңдар. Ат жалын тартып, азамат болдыңдар. Қалаған мамандықтарыңмен еңбек етіп, туған жердің, өскен елдің мақтанышы болатындарыңа өздеріңе дәріс берген ұстаздар қауымы сенімдіміз. Үлкен өмірдің ұлы көшінде, соқпақты да сүрлеулі жолдарында сәтті сапар тілейміз.
Қайта оралмас балалық шақтың қызықтарын бастан кешкен мектебімізбен осылайша қоштастық. Мектеп өміріндегі шәкірттік кезеңнің қызығы мен шыжықтары көп болды ғой. Айта берсек таусылмас әңгіме, жаза берсек том-том кітап болар еді. Онжылдықты бітірер жылы сыныптас достар қандай мамандықты таңдайтынын қызуқандылықпен айта бастады. Тіптен арамыздан ғалым, ұшқыш, сот, прокурор, нәшендік полицей де шығатын болды. Қой аузынан шөп алмайтын момын Молдаханов Қауынбай есімді сыныптасымыз бар еді. Өзінің ептеп бір қақпайы да болатын.
-Он жыл оқып, басымды ауыртып, миымды ашытқаным да жетер. Сендер-ақ оқымысты, шеттеріңнен бастық, дөкей болыңдар. Мен трәктір, мәшина айдаймын,-деді.
Ол айтқан сөзінде тұрды. Кеңшарда трактор, автобазда жүк көлігін жүргізді. Сыныптастарым Ибаділдаев Манаш пен Тиыштықбеков Тәуекел де алтын бесік ауылдан қозыкөш жер ұзамай трактор айдады. Еңбек додасында топ жарып, Калинин атындағы кеңшардың тайқазанын қайнатты. Қауынбай досымыз тарих пәнінен емтихан тапсырғанда №22 билет қолына тиіпті. Кезегі келіп емтихан алып отырған мұғалімдердің алдына барған соң №1-ші билеттің жауабын бұлбұлша сайрап айта бастайды. Билеттің нөмірін байқап қалған бір ағай:
-Сен, сәл аялдашы. Сенің алғаның №22 билет еді. №1-ші билеттің жауабын айтып жатқаның қалай? –дейді.
Сонда Қауынбай іркілместен:
-Кешіріңіздер, мен бірінші билеттің жауабын әбден жаттап алған едім. Басқа билеттің жауабына ешқандай дайындығым жоқ, -дейді.
Мектеп директоры Зикен ағай рахаттана күліп:
-Сөз тапқанға қолқа жоқ. Шындықты айтқанда азаматтық. Емтиханнан аман-есен өттің. Жолың ашық, бара бер, -деген екен.
Білім алған мектебіміздің мерейлі 90 жылдығына орай ұстаздарым мен сыныптастарымды осылайша аз-кем еске алуды жөн көрдім. Абырой, даңқың асқақтай берсін, алтын ұя мектебім!
Темірлан Әбілдаев,
ардагер журналист