Көңілді кеш
Тоғызкент ауылдық округінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай “Көзімнің қарасы” атты әсем акустикалық кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты-жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік жасау, қазақтың рухани қазынасын дәріптеу және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру болды.
Кеш барысында ауыл әкімі құттықтау сөз сөйлеп, ұлы ақынның қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі орнына тоқталды. Ақ жаулықты әжелер тобы сахна төріне шығып, жанды дауыста халық әндері мен Абайдың өлеңдеріне жазылған әуезді әндерді орындады. Жастар жағы ақын шығармашылығына байланысты мәнерлеп оқу байқауына қатысып, өлеңдерін тебірене жеткізді. Сонымен қатар мақал-мәтелдер жарысы ұйымдастырылып, жастардың сөзге шешендігі мен ой ұшқырлығы сынға түсті.
Кешке келген қонақтарға ыстық бауырсақ пен тәттілер ұсынылып, мерекелік атмосфера ерекше бір жылулықпен жалғасын тапты. Қатысушылар әуен тыңдап қана қоймай, өзара пікір алмасып, рухани демалыс сыйлады.
Шара соңында ауыл жастары атынан алғыс білдіріліп, Абай мұрасын дәріптеу, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу – әр азаматтың парызы екендігі айтылды. Осындай мазмұнды кештер жастардың ұлттық болмысын сақтап, отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды тетігіне айналатыны атап өтілді.
Жалпы алғанда, “Көзімнің қарасы” кеші ауыл тұрғындарының басын қосып, өнер мен руханиятқа деген ықыласын арттырған тағылымды әрі ерекше кеш болды.
Сәулет Есқара,
«Sarysý»