Жастардың жарқын жұмыстары

0

Бүгінгі таңда жастар саясатын тиімді жүзеге асыру-қоғамның дамуына қосылған сүбелі үлес. Осы орайда аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жыл басынан бері бірқатар игі істерге ұйытқы болып келеді. Орталықтың басты мақсаты-жастарды қолдау, шығармашылығын дамыту және оларды қоғамдық өмірге кеңінен тарту.

Ағымдағы жылы орталық ұйымдас­тырған іс-шаралардың ішінде ерекше атап өтерлік жобалар бар. Солардың бірі-«Махаббат-мәңгі ертегі» атты ли­ри­калық кеші. Қозы-Көрпеш Баян сұлу күніне орай ұйымдастырылған бұл шара жас буынға рухани тәрбие беріп, өнерге деген қызығушылығын арт­тыруға бағытталған. Сонымен қа­тар, ұлттық музыка мен поэзияны ұштастыра отырып, жастардың сезім әлемін байытуға жол ашты. Сондай-ақ, «Жұмысшы мамандықтар» жылына орай жастардың кәсіптік шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Үздік аспаз-2025» аспаздар байқауы мен «Профи-2025» кәсіби байқаулары олардың еңбекке деген ынтасын оятып, болашақ мамандық таңдауына септігін тигізді. Бұл жобалар арқылы жастар өз қабілеттерін танытып қана қоймай, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Музыка сүйер қауымға арналған тағы бір маңызды кештер-Жаңатас қаласында орталық саябақта өткізілген «Ән аға» және Арыстанды ауылында өткізілген «Сен сұлу» атты акустикалық кештері. Бұл кештер жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерді кеңінен тану­ға мүмкіндік береді. Жергілікті өнер­паздар мен жас белсенділер осы алаң­да өз өнерлерін ортаға салып, көрер­мендердің ыстық ықыласына бө­ленді.

Жастардың білімін арттыру мақса­тында «Ойлы болсаң озып көр» атты жоғары сынып оқушылары арасында аудандық интеллектуалды сайысы өткізілді. Сонымен қатар Жайылма ауы­лында «Өнегелі ана, өнерлі қыз» бай­қауы, Ұ.Сыздықбайұлы ауылында «Fashion show» ұлттық киімдер байқауы, Қазақстан Халықтар Ассамблеясының 30 жылдығына орай Әшір Бүркітбаев ауылында «Алғысым шексіз қасиетті Қазақ еліне» атты этнос өкілдері арасында өнер байқауы, Ұлыстың Ұлы күніне орай алтыбақан аясында салт-дәстүрді насихаттайтын көріністер көрсетілді.

Ауданда ұлттық өнерімізді ұлықтап, жастар арасында күй өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған «Күй құдірет-күй кие» аудандық жас күйшілер байқауы өткізілді. Жастарды әскери борышын өтеуге шақыру, патриоттық тәрбие беру мақсатында «Әскерге бару-азаматтық парызың» тақырыбында Жуалы аудандық әскери комитетіне экскурсия және Б.Момышұлының 115 жылдығына орай Жуалы ауданындағы Б.Момышұлының мұражайына жастардың экскурсиясы ұйымдастырылып өткізілді.

Жастар арасында шығармашылықты, достықты және белсенді азаматтық ұс­танымды дамыту, оларды ұйымшыл­дыққа баулу және мәдени әлеуетін арттыру мақсатында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Сарысу ауданы Әкімі­нің кубогі үшін «Жайдарман» ойындары өткізілді. Тараз қаласы және аудандардан 12 команда қатысып, өзара сайысқа түсті. Сондай-ақ «ҚазФосфат» командасы қонақ ретінде қатысып, өнерлерін көрсетті.

Жастар ресурстық орталығы ал­да­ғы уақытта да жастардың әлеумет­тік, мәдени және кәсіби дамуына бағытталған тың жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Себебі ел ертеңі-саналы, білімді, белсенді жас­тардың қолында. Жастар орталығы­ның атқарған жұмыстары-тек жастар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін үлкен үлгі. Еліміздің ертеңі-осындай белсенді, бі­лім­ді, отансүйгіш жастардың қолында!

Мадина Прімбек,
«Жастар ресурстық орталығының» директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.