«Sarysý» Газетіне 100 пайыз жазылды
Еліміздегі мемлекеттік ақпараттық саясатты дамытып, мемлекеттік саясатты халыққа насихаттауда бұқаралық ақпарат құралдарының соның ішінде, өңірлік басылымдардың орны ерекше. Жергілікті басылымдарда күнделікті облыс немесе аудан көлемінде өтіп жатқан іс-шаралар мен күнделікті тұрмыс-тіршілігімізден хабардар ететін жаңалықтар шығып келеді. Ғаламтор желісі қаншалықты дамығанымен газеттің әр санын асыға күтіп, оны ұстап оқудың жөні бөлек.
Баршамызға белгілі, жер-жерде баспасөзге жазылу науқаны өтуде. Ал, аталмыш науқанға өз үлестерін қосып, ұйымшылдық пен жауапкершілік танытқан ұжым-мекемелер мақтауға тұрарлық.
Жылдағы дәстүр бойынша баспасөзге жазылу науқаны биыл да өз жалғасын табуда.
Өздеріңізге мәлім, газетке жазылу Қазпошта АҚ мекемесінен жүргізіледі.
Мекемелер арасында газетімізге 100 пайыз жазылатын оқырмандарымыз көп. Соның бірі-Жаңаталап орта мектебінің ұжымы газетімізге алғашқылардың бірі боп 100 пайыз жазылды.
Жаңаталап орта мектебінің директоры Ғ. Бозжігітов өз сөзінде:
-Байқасақ, қазір баспасөзге қызығу азайып барады. Біз, барлығымыз бірге төл газетімізге қолдау көрсетіп, оның тұрақты оқырманына айналуымыз қажет. Газет жай ғана қағаз емес, ол-адамды рухани тәрбиелеп, парасатын арттыратын құрал. Болашақ ұрпақтың санасын ізгілікпен толтыру үшін — оған газет оқыту керек. Баспасөз бетіне үңілген әр адамның рухы биік, көкжиегі кең, ойы тұнық болады. Біздің аудандық басылым, киелі қара шаңырақ, көшеден естіген, көргеннің бәрін көз жеткізбей жаза бермейді. Дәлелді дүниелер мен халықтың мұң-мұқтажы міндетті түрде жарияланады,-деді.
Бұл ретте, аталмыш ұжымға ризашылығымызды білдіреміз. Олардың айрықша қолдауының арқасында газет жұмысы жанданып, әркез басылым қызметкерлері сенім үдесінен шығуға тырысады.
Ғасырға жуық тарихы бар аудандық «Sarysý» газеті Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып, аудан тарихымен бірге жасасып, халықтың мұң-мүддесін шешуге, тәрбиелі мәнімен, шығармашылық бағытымен үлес қосып келеді.
Біз бір жыл бойы бізбен бірге болып, қолдаған газетіміздің тұрақты оқырмандарына өз тарапымыздан алғыс айтамыз және арадағы бұл үрдіс келер жылы да жалғасын табатындығына үлкен сенім білдіреміз.