Сарысу жырлайды
Поэзия әлеміне көз салсақ қазақ халқының арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы ең алдымен ақын жүрегінде буырқанып, сыршыл өлеңдеріне арқау болған.Сарысу өлкесі – жырға бай. Қазақ өлеңіне үлкен үлес қосқан талай тарлан таланттар шыққан.
Апта ішінде ауданның қара шаңырағы Саудакент ауылындағы мәдениет үйінде әулиеата-кітап оқитын өңір» жобасы аясында, аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен жергілікті ақын-жазушылардың өлеңдерінен аудандық «Сарысу жырлайды!» атты байқауы өтті. Байқау басталмас бұрын аудандық кітапханашылар келушілерге ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған кітап көрмесімен таныстырды.
Байқауға 13-35 жас аралығындағы 18 үміткер қатысты. Байқаудың мақсаты-өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Үздік өлкелік шығармаларды өңір тұрғындары арасында кеңінен таныту, кітап оқуды ілгерілету мақсатында өткізіліп отыр.
Шараға аудан әкімі С.Мамытов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
-Бүгін біз ұлт руханияты мен әдебиетін дәріптейтін ерекше шараға жиналып отырмыз. «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында өткізіліп отырған «Сарысу жырлайды» байқауы – туған жерден шыққан қаламгерлер мен ақындардың мұрасын насихаттау, жергілікті шығармашылық иелеріне қолдау көрсету мақсатындағы игі бастама.Сарысу – таланттарға бай өлке. Бұл топырақтан шыққан ақын-жазушыларымыз өз шығармаларымен халқымыздың рухани қазынасын байытып келеді. Олардың қаламынан туған әрбір жыр мен әңгіме – тарихымызды танытатын, мәдениетімізді жаңғыртатын асыл мұра. Бүгінгі байқау – сол мұраны келер ұрпаққа кеңінен таныстырып, ұлттық әдебиетімізге жаңа есімдер қосатын маңызды алаң. Кітап оқу – ойдың кемелдігі, сөздің сұлулығы. Жас буынның әдебиетке, өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру – біздің ортақ міндетіміз. Осы орайда, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау арқылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу – аса маңызды іс. Байқауға қатысушыларға сәттілік тілеймін! Өнерлеріңіз өрге жүзсін, шығармашылық жолдарыңыз ашық болсын. Ұлтымыздың рухани әлемін байытатын осындай игі бастамалар көбейе берсін,-деп жарысқа қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.
Жыр додасына жергілікті ақындар Дулат Шалқарбаев, Тынышбай Рақым, Асылбек Саттаров, Әлсейіт Әлмен, Ескермес Ескендіров, Маралтай Райымбекұлы, Асхат Абзалбеков, Тұрсынбек Сұлтанбековтердің шығармалары таңдалды.
Үміткерлер 1-ші кезеңде. Жоғарыда аталған ақындардың арасынан бір ақынды таңдап жүрек жарды арнауларын оқыды.
Сондай-ақ 2-ші кезең бойынша таңдап алынған ақынның туған жерге арнаған бір өлеңін еркін тақырыпта нақышына келтіріп, жатқа оқыды.
Әділ қазылар шешімімен Әбілда ауылынан Ә.Мамырбек бас жүлдені қанжығасына байлады. Игілік ауылынан А.Бейсенқызы 1-орынды жеңіп алды. Саудакент ауылынан Ж. Қошан 2-орынды иеленді.Ал,Ақтоғай ауылынан Н.Ермек 3-орынды қанағат тұтты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің дипломдары, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушы үміткерлерге кітап сыйға берілді.
Сонымен қатар, ауданның өнерпаздары әннен шашу шашты.
С.Есқараев,
«Sarysý»