ЕҢБЕГІ ЕЛЕУЛІ АЗАМАТ

0

2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау, елдің тұрақты дамуы үшін жасалған маңызды қадам. Бұл жыл жұмысшылардың мәртебесін арттырып, олардың еңбегіне қоғамның назарын аударатын кезең болады.

Қолдау мен қамқорлықтың арқасында жұмысшы мамандардың беделі артып, Қазақстанның экономикалық әлеуеті одан әрі дами түседі. Ауданның экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қос-ып жүрген азаматтарымыздың еңбектері ұшан теңіз.  Қажырлы еңбектерінің арқасында ауданымыз күннен-күнге құлпырып, жайнап келеді.  Елдің келешегін ойлаған әрбір қоғам білім саласын назардан тыс қалдырмайды. Бұл саланы ілгерілету, дамыту жан-жақтылықты талап етеді. Бүгінде балабақшаға баратын бүлдіршіннен бастап, мектеп оқушылары мен студент жастардың барлық жағдайын жасау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан жұмыстардың барысында қара-пайым  еңбек адамдары басы-қасында жүреді. Оқушылардың әрбір жеткен жетістігінде осы қарапайым еңбек адамдарының да үлесі бар. Себебі оқушылардың таза, жылы жерде білім алуларына қолайлы жағдай жасауда.

Осы орайда газетіміздің осы санына Әйтеке би атындағы орта мектепте 34 жыл адал еңбек етіп жүрген Қайрат Құдайбергенұлы жайлы қалың оқырманның назарына ұсынғанды жөн санадық. Қайрат Құдайбергенұлы 1970 жылы желтоқсан айының 5 жұлдызында Жайылма ауылында дүниеге келген 1977 -1985  жылдар аралығында Ленин атындағы мектепте оқып, бітіріп шығады. 1985-1986 жылдар аралығында  СПТУ-19 оқып  мамандық алады.  1988  жылдың аяғында Отан алдындағы борышын абыройлы өтеп, 1990 жылы туған ауылына оралады.  Жас жігіт Жайылма совхозында гаражда слесарь болып жұмысқа орналасады.  1991 жыл  қаңтар айынан бастап қазіргі Әйтеке би атындағы мектеп ке жұмысқа кіреді. Содан бері қазіргі таңға дейін мектепте абыройлы қызмет атқарып келеді.

-Тоқырау кезінде таң қараңғысында жұмысқа келіп, осы мектептің отынын жарып, суын тасып, еден жуушы апайларымен бірге пеш жағатынбыз.   Мектептің ішіндегі заттар бүлінетін болса сол затты дәнекерлеп, қайтып қалпына келтіреміз. Жылы жерде оқушылар білім алу үшін күш-жігерімізді жұмсадық. Сол уақыттағы еден жуушы апайлардың еңбегі  орасан зор болды. Мектептің отымен кіріп, күлімен шығатын. Таң қараңғысында келіп, күн батқанда қайтатын. Қазіргі таңда ол кісілер зейнет демалысында. Ғұмырлары ұзақ болсын. Мектеп ұстаздары оқушыларды білім нәрімен сусындатса,  жұмысшылар жайлы жағдай жасадық. Қазіргі таңда мектебіміз жақсы заманауи жабдықтармен қамтылған. Оқушылар республика, облыс, ауданда өткен  жарыс-тарда жүлделі орындар алып келуде. Мектептің әрбір жетістігіне мақтанамыз.

Мені алғаш жұмысқа қабылдаған  жазушы, сол кездегі директор Пернебай Дүйсенбиннің тәрбиесінде болып,  әр жылдары мектеп директоры болған Тұрған Жанәбілов, Ілияс Баймағамбетов,  Қанат Назарбаев  жұмысшылардың  мүддесін өз мүддесінен артық қоятын, адалдық, бауырмалдық, адамгершілік сынды асыл қасиеттерді үйрете білді. Мемлекетіміздің тұтқасын ұстар оқушыларға тек тәрбие мен білім берумен шектеліп қана қоймай, адал еңбекқорлыққа да үйрете білді.  Қазіргі мектеп директоры Фарида Тұрсынбаева мектеп қызметкерлерімен оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Халқымызда «Көп жас жасағаннан емес, көп игілікті ісі бардан сұра»-демекші ұжымды жетістікке жеткізуге дем беретін басшының ықпалы мен бала тәрбиесіне үлкен мән беретін жаңа жобалар дүниеге келіп педагогтардың қызу қолдауына ие болуда.

Мектебіміздің іргетасы қаланып, осы уақыт аралығында мұнда сан мыңдаған шәкірттер тәрбиеленіп, олар еліміздің дамуына өз үлестерін қосты. Көптеген ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер өкілдері, еңбек пен өндіріс, шаруашылық ұйымдастырушылары, кәсіпкерлер, спортшылар шықты,-дейді.

Кейіпкеріміз Күлаш апаймен отау құрып, 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Қамқор әке,  ардақты ата бола білді.

Иә, еңбегімен елге танылып, ортасына ізгілікті мейірімін төккен Қайрат Құдайбергенұлы сияқты азаматтардың арқасында еліміз дамып,  гүлдене бермек.

Қазақстан Республикасының Президенті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлықтың маңыздылығын ылғи ерекше атап өтеді. Ол еліміздің дамуы үшін еңбекқор және кәсіби мамандар қоғамдағы ең жоғары деңгейде бағалануы керек екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы осындай адамдар елді гүлдендіріп, өркендететінін баса айтты.  Жолдауда  айтылған сөздер халықты еңбекке және кәсіби біліктілікті арттыруға шақырудың маңызды бөлігі болып табылады.

Иә, бүгінгі күнде де кез келген салада адал еңбек ететін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адамдарды еңбегі қашанда бағалы.

Сәулет есқараев,

 «Sarysý» 

Сегіз қырлы,

бір сырлы…

Қиындыққа құрыштай шынығып, қажымай-талмай еткен еңбегінің арқасында биік белестерді бағындырған жерлестеріміздің бірі- Бейбіт Өлкебайұлы Абдраев. Ол 1975 жылы 27 наурызда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Саудакент ауылында дүниеге келген. Еңбекпен есейген Бейбіт Өлкебайұлы

орта мектепті бітірген соң, Отан алдындағы борышын орындау үшін әскерге аттанады.

Туған ауылын көркейтіп, оны дамытуды алдына мақсат етіп қойған жалындап тұрған жас жігіт әскерден оралған соң ойланбастан трактордың ролін ұстайды.

Ауыл еңбеккерлері күндіз-түні техника тілін меңгерген мезетте бұл да трактор тізгінін ұстауға қызығады. Темір тұлпарды тізгіндей жүріп, тракторды айдаудың қыр-сырына қанығады. Сан түрлі трактордың құрылысына мұқият көңіл бөледі. Алғаш «МТЗ-80» тракторының құлағында ойнаған жас жігіт егістікте ауыл адамдарымен қатар жүріп, дала еңбегінде шынығады. Техника бұзылған жағдайда жұмыс тоқтап қалмау үшін күні-түні бел жазбай жұмыс істеуге тура келеді. Болашағы техникамен байланысқан жігіттің ойында халықтың ырзық-несібесін мол жинауына еңбек ету абыройлы міндет еді. Ауылдағы ағайынның кәсібі бидай, жүгері, бақша өнімдері екені мәлім. Көктем шығысымен шаруалардың жерін дайындау Бейбіт секілді тракторшылардың құзіретіне кіреді. Ауыл тұрғындарының сұранысына сәйкес жер жыртып, науқан кезінде шөп орып, қысқы мал азығын дайындауға септігін тигізіп, жәрдем ететін. Туған ауылын көркейтіп, оны дамытуды алдына мақсат етіп қойған жас маман-трактордың қыр-сырын меңгеріп алады. Темірдің тілін тауып, оның құлағында ойнаған тракторшы аз уақыттың ішінде ептілігімен, жұмысқа деген ынта-ықыласымен көзге түседі.

Ізгілік пен ізденімпаздық-шын таланттың мұраты. Шындап келгенде, көкірегі ояу адам өмір бойы өзін, өмірінің мәнін іздеумен өтеді. Қазіргі айналысып жүрген жұмысың пайдалы және тиімді болғанымен, жанын жадыратар сүйікті ісің болмауы да мүмкін. Қуаныш сыйлайтын, көңіліңнің пернесін дәл басар іс мүлдем басқа. Бейбіт тек қана трактордың тізгінін емес, кей-кейде жұбайы екеуі қолдарына қазақтың қара домбырасын алып «әу» дейтіндері бар. Жұбайы екеуі қосыла ән шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген жандар. Бұл «сегіз қырлы, бір сырлы жігіттің» бір қыры ғана. Одан бөлек ат баптағанға жаны құмар. Қолы қалт еткенде ат баптайды, жылқы малын өсіреді. Қорасында ағылшын, араб жылқыларын ұстайды. Оларды будандастырып, бәйгеге ат қосады және үй жағдайында мал ұстап, бордақылап сатады. Бие сауып, қымыз жасап, көпшіліктің сұранысымен тапсырыстар қабылдайды.

Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарлама арқылы да жаңа үлгідегі YTO-604 тракторын шөп оруға арналған тіркемесімен алып, өз қызметін жалғастыруда.

Өткен жыл Бейбіт Өткелбайұлының өміріндегі ерекше жылдардың бірі болды. Еңбегі еленіп, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қолынан «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Шаңырағы шаттыққа толы бақытты әкенің үйінде тілеуін тілеп отырған 95 жастағы анасы бар. Жұбайы Динара екеуі екі ұл, бір қызды тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Қызы ауылдағы өнер мектебінде оқып, Астана, Алматы қалаларынан бас жүлдемен оралып жүрген өнерлі жан. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы өнер колледжінде білім алуда. Үлкен ұлы әкесінің қасында жанына жалау болып, жаңа тракторымен шөп орып, жинап, көмектесіп жүрген қолқанаты болса, кіші ұлы мектеп қабырғасында білім алуда.

Елінің, ауыл тұрғындарының қамын ойлап, еңбек адамының үлгі-өнегесін кейінгі ұрпаққа көрсетіп келе жатқан Бейбіт Өлкебайұлының атқарып жатқан істері адалдықтың эталонындай.

Несібелі Сегізбай, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика кафедрасының 2-курс студенті

құрыш қолды

Берік

Мырзахметов Берік Абдірахманұлы 1964 жылдың 17 ақпанында қазіргі Түркістан облысы,  Бәйдібек ауданы,  «Қызыл-көпір» ауылында, қарапайым, орта шаруа отбасында  дүниеге келген. Әкесі Мырзахметов Абдірахман темірден түйін түйетін қас-шебер болса, анасы Тыныштық ауыл мектебінде еңбек еткен, елге сыйлы, беделі бар кісілер болды.    Біздер бір ауылда, бір көшенің бойында тұрдық.  1971 жылы ауылымыздағы, ол кезде сегіз жылдық «Екпінді» мектебінің табалдырығын бірге аттап, бір класта оқып 1979 жылы бітіріп, жан-жаққа оқуларымызды жалғастыруға кеттік.  Сыныбымыздың топ басшысы болған Берік Абдірахманұлы  Шымкент қаласындағы  Ж.Жабаев атындағы қазақ  орта мектебінде білім алуын жалғастырып, оны 1981 жылы жақсы бітіріп шықты. Әкесі Мырзахметов Абдірахманның кенеттен, мезгілсіз дүниеден өтуі, осы жылы Бекеңнің ерте есейіп,  еңбекке араласуына алып келді.

Еңбек  жолын, қазіргі  Бәйдібек ауданы,  «Шалдар» ауылындағы совхозға қарасты №3 бөлімшесінде жұмысшы бол-ып бастап, 1981 жылдың қарашасында, жеке өзі Жаңатас қаласына келіп еңбегін жалғастырады. 1982 жылдың ақпан айында «Қаратау» өндірістік бірлестігінің механикалық жөндеу цехына слесарь болып ауысады, арасында  Монғолия жерінде Кеңес әскері қатарында, Отан алдындағы әскери борышын өтеп келеді.

Кәсіпорын атауы бірнеше рет  ауысқанымен, аталған кәсіпорынның  механикалық жөндеу цехында тапжылмай 24 жыл еңбек етіп, 6-разрядты маман ретінде қалыптасып, кейінгі жылдары бригада басшысы болды.

Еңбекте алдыңғы қатарда болып бірнеше Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталармен марапатталып, суреті кәсіпорынның Құрмет тақтасына ілініп тұрды.

1986 жылы, қазіргі Саудакент ауылының тумасы, өнегелі отбасыдан шыққан, медицина саласының маманы  Қожаханова Гүлзия Қантайқызымен отау құрады. Үш қыз өсіріп, барлығына жоғары білім әперіп, ұяларына қондырып,  әрқайсысынан немерелер сүйіп отырған жаны жайсаң жандар. 2006-2010 жылдар аралығында «Cana-construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 5-разрядты монтаждаушы болып ауысып,  еңбегін жалғастырады. Ол кезде де абыройлы  еңбек етеді.  «Cana-construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жабылғаннан кейін, Жаңатас қаласындағы  «F&TM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2010 жылдан бері аға-шебер болып еңбек етуде. Еңбекқор азамат Бекеңнің еңбегі де елеусіз қалмады. Серіктестік басшысы, ауданымызға белгілі азамат  М. Төлепбековтің тарапынан  үнемі мадақталып келсе,  Жаңатас қаласы мен Сарысу ауданы әкімдері тараптарынан да айтулы күндерде, мерекелерде Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталармен марапатталған.

«F&TM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданымыздың елді мекендерінде және аудан орталығы Жаңатас қаласында жарықтандыру, көріктендіру,  абаттандыру  жұмыс-тарымен қатар құрылыс саласында жұмыс жасап, ауданымыздың дамуына қомақты үлесі бар серіктестік. Міне, осы серіктестік  атқарған жұмыстарының  барлығының Бекең әрқашанда бел ортасында жүреді.

Бір кездері Жаңатас қаласындағы «Мәңгілік алау» аллеясындағы тұғыр белгіні өзгертіп, жөндеуден өткізу қажеттігі туындады. Сонда  тұғырдың биік жеріне қызыл жұлдыз орденін,   арасына әскери солдаттың мүсінін орнату қарастырылған болатын. Мүсінді тапсырыс беріп жасаттық, ал орденді дайындау қажет болған кезде,  міне, осы Берік Абдірахманұлы айнытпай дайындап, бояп ілдіргені бар. Бұл екінің бірі дайындай беретін нәрсе еместігі белгілі. Біз отбасымен араласатын болғандықтан, жиі бас қосып тұрамыз. Солардың бірінде  «Беке, сені электр бағаналарына  аяғына ілмешегін киіп, өзі шығып жүр деп естідім, алпысқа жақындағаныңды білесің бе?» дегенімде,  «Иә,  кейде жұмыс дұрыс, сапалы, көңілімдегідей болуы үшін солай істейтінім бар» деген еді.

Мырзахметов Берік Абдірахманұлы өз ісінің шебері, әрбір атқаратын жұмысын тиянақты, сапалы, жеті рет өлшеп, бір кесіп орындайтын азамат. Ол дәнекерлеуші, монтажшы, электрик  жалпы бес аспап еңбек адамы.       Бекеңнің қай жақта еңбек етсе де, абыройының артуына жанұясының ұйытқысы болып отырған жары Қожаханова Гүлзия Қантайқызының да үлесі бары сөзсіз.

Т.Есқұлов, Жаңатас қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.