ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫ ӨТТІ
Апта ішінде аудан әкімдігінің мәжіліс залында Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы С.Айдапкеловтың қатысуымен «Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылы атқарған жұмыстары және 2025 жылы алда тұрған міндеттері туралы» есеп беру жиыны өтті.
Жиынға сайлау процесіне қатысты уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, қала, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары, аудандық, қалалық ардагерлер мен қоғамдық кеңесі, саяси партия филиалдары мен үкіметтік емес ұйымдарының, баспасөз ақпарат құралдарының өкілдері, сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Басқосуда Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Д.Шортанбаев «Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылы атқарған жұмыстары туралы» баяндама жасап, 2025 жылы атқарылатын жұмыстар туралы айтып өтті. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов сайлаушылар тізімін өзектендіру және учаскелердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы тілге тиек етті.
Жиынға қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, баяндамашылар нақты жауаптарын берді.
Сондай-ақ Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сөз алып, облыс көлеміндегі сайлау мәселелері, кандидаттардың сенім білдірген адамдары мен саяси партиялардың байқаушыларының құқықтары мен міндеттері, сайлаушылар тізімдерін өзектендіру жұмыстары туралы айтып, жиынды қорытындылады.
Сарысу аудандық
сайлау комиссиясы