ДҮБІРЛІ ДУМАН ДҮЙІМ ЖҰРТТЫ ҚУАНТТЫ
Өткен жыл Сарысу ауданы үшін де толайым табыстарға толы болды. Байыпты бастамалар мен жарқын жобалардың нәтижесінде нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Жаңатас қаласының 55 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Жаңа нысандар пайдалануға беріліп, ел-жұрттың қуанышын еселей түсті. Бір сөзбен айтқанда сарысулықтар жылды жемісті қорытындылады. Осы орайда Жаңатас қаласындағы орталық алаңда «Думанды Жаңа жыл» атты ойын — сауық кеші өтіп, тұрғындарға керемет көңіл күй сыйлады.
Салтанатты кеште аудан әкімі Сәкен Мамытов тұрғындарды мерекемен құттықтады:
— Қазыналы Қаратаудан бастап төменгі Шу өзені аралықтарын жағалай қоныстанған аудан халқы үшін өтіп бара жатқан 2024 жыл жағымды жаңалықтарға толы, табысты жыл болды десек артық айтқандық емес. Оның ішінде, барша өңір халқы Жамбыл облысының 85 жылдығын, сарысулықтар Жаңатас қаласының 55 жылдығын үлкен мәртебемен атап өтті. Тарих қойнауына кетіп бара жатқан жылы ауданымыздың жалпы даму көрсеткіштері жаңаша сипатқа ие болып, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани дамуында серпінді қадамдар жасалды. Жаңа жыл жаңа жеңістер мен биік белестерге, мол мүмкіндіктерге жол ашсын және туған Отанымыздың қарқынды дамудың жасампаз дәуірін сәтімен жалғастырып, халқымыз игілікке, әр шаңырақ береке пен шаттыққа кенелсін! Ойлаған арман-мақсатымыз орындалып, өзара татулық пен достық нығайып, қоғамда әлеуметтік сенім берік орнықсын. Өйткені, біз қалыптасқан дәстүр бойынша Жаңа жылдан жақсылық пен қуаныш, бақыт пен толағай табыстар күтеріміз белгілі. Сондықтан да, ел игілігін еселеу жолындағы еңбектеріңіз бен бағалы бастамаларыңыздың баянды болуына тілектеспін, — деген аудан басшысы ауданға еңбек сіңірген бірқатар сала мамандарына Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын және Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамотасын тапсырды.
Сондай-ақ, «Жыл үздігі – 2024» номинациясының жеңімпаздарын арнайы статуэтка мен бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен қатар, «Үздік көпқабатты тұрғын үй», «Үздік тақтайша», «Үздік кіреберіс», «Үздік кәсіпкерлік нысан», «Үздік жетекші», «Сенбілікке белсенді қатысқан ұжым», «Үздік тазалықшы», «Үздік қоғамдық ұйым» және «Белсенді тұрғын» номинациялары бойынша қаламыздың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар мен қоғамдық ұйымдарға арнайы сыйлықтар табысталды.
Думанды кеш әрмен қарай концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқады. Сондай-ақ, эстрада жұлдызы, жерлес әнші Мақсат Ынтықбаев пен Тараздан келген әнші Құрмаш Қуанышбаев, «Айлин» тобы тұрғындарға әннен шашу шашты. «Айжан қыз» бишілер тобы мың бұрала билеп, кештің көркін қыздырса, тұрғындар арасында Аяз ата мен Ақшақар түрлі ойындар ойнатып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар үлестірді.
* * *
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында, «Балалар шығармашылық орталығы» мекемесінде «Қош келдің, Жаңа жыл, бақытты менің еліме!» атты мерекелік кеш өтті. Шараны мекеме басшысы Б.Нүркенов ашып беріп, барлық ұжым қызметкерлері мен орталықтың бүлдіршіндерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыстар мен дендеріне саулық тіледі. Кеш бүлдіршіндердің жаңажылдық мерекеге арнайы әзірленген әсем әндерімен, билерімен көрініс тауып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, балалар үшін арнайы сыйлықтар мен тәттілер таратылды.
С.рысбекұлы, «Sarysý»