Балаларға қуаныш сыйлады
Жылдағы дәстүр бойынша бүлдіршіндерге арналған «Қош келдің, Жаңа жыл – бақытты менің еліме!» атты аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасы өтті.
Мерекелік шараға қала және ауылдық округтерден балғындар қатысты. Аудан әкімі С.Мамытов бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.Аудан басшысы өз сөзінде: -Еліміздің жарқын болашағы, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да өздерің. Сондықтан да, әрқашан, ата-аналарыңызды қуантыңыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар! Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын, — деп мерекелік лебізін білдірді.
Мерекелік кеште Аяз ата мен Ақшақарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері ғажайыпқа толы көріністер көрсетті. Бүлдіршіндер театр-ландырылған қойылымды тамашалады. Оқушылар аудан әкімі, білім бөлімінің басшысы және мектеп директорларымен бірге түрлі ойыншықтар мен шамдар ілінген шыршаны айнала жүріп, мереке көркін қыздырды.
Аяз ата мен Ақшақар шырша қуанышын бірге бөлісіп, балаларға әртүрлі ойындар ұйымдастырды. Одан бөлек, балғын балақайлар өз өнерлерін көрсетіп, Аяз атаның сыйлығына кенелді.
Сондай-ақ, мерекелік шара соңында барлық бүлдіршіндерге аудан әкімінің атынан тәтті толы қоржындар үлестірілді. Ескі қоян жылын ризашылықпен шығарып салған балақайлар жыл басы – ұлу жылын ыстық ықыласпен қарсы алды. Ертегі желісіндегі мән мен ән, талғам мен сән де әдеттегі қойылымдардан өзгешеленген бұл думан көптің көңіліне ұмытылмастай әсер қалдырды.
Айта кетейік, аудан бойынша аудан әкімінің атынан 2000-ға тарта балаға сыйлық берілсе, демеушілер тарапынан тағы 1900 балаға жаңа жылдық сыйлықтар тапсырылды.
С.Есқараев,«Sarysý»
Бюджет қаралды
Аптаның сәрсенбісінде сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс 16-шы сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі С.Мамытов, аудан әкімінің орынбасарлары және қала, ауылдық округ әкімдері, әкімдік бөлім мен кәсіпорын басшылары қатысты.
Аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабековтың төрағалық етуімен өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс 16-ы сессиясының күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бірлескен тұрақты комиссиялар отырысында тыңдалып, жан-жақты талқыланып, депутаттар тарапынан мақұлданды және сессияда тиісті шешімдер қабылданды. Депутаттар тарапынан біршама ұсыныстар айтылып, алдағы уақытта ескеріліп, орындалатыны туралы ауызша қанағаттанарлық жауаптар алынды.
Атап айтқанда:
- Сарысу аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы.
- 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы.
Аудандық мәслихат аппараты
Ғажайыпқа толы жаңа жыл
Саудакент ауылындағы Б. Қашқынбаев атындағы орта мектебі жанындағы интернат тәрбиеленушілерінің «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты жаңа жылдық мерекелік кеші өтті.
Аталған жаңа жылдық шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов, аудан әкімдігінің білім бөлімінің басшысы И.Баймағанбетов қатысты.
Аудан әкімі интернатта тәрбиеленуші бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады:
— Жаңа жыл-жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мереке. Осы мерекеде басқосуды бүкіл балалар жыл бойы асыға күтеді. Сіздер ұлтын сүйетін, Отанын қорғайтын, ата-ананы сыйлайтын, ұстаздарын қадірлейтін, достықты бағалайтын, білімді азаматқа лайық болуларыңыз керек. Шырша тойында өнер көрсетіп сыйлық алатын бүлдіршіндердің қуанышынан артық ештеңе жоқ. Балалардың бақытты өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан үнемі қамқорлық көрсетіліп, барлық жағдай жасалып келеді,-деп бүлдіршіндерге зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен барлық армандарының орындалуын, барынша жақсы оқып, сапалы білім алып, мақсаттарына жете берулеріне тілектестігін білдірді.
Аудан әкімі 56 балаға жаңа жылдық сыйлықтар үлестіріп, мерекелік торт пен тәтті тоқаштар тарту етіп, қуанышқа бөледі.
Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алған бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Жасыл шырша жанына жиналған ертегі кейіпкерлері қойылымдар көрсетіліп, шырайлы шарадан ерекше әсер алған балғындар қуанышты көңіл — күймен тарасты.
Сонымен қатар Жаңатас қаласындағы Абай орта мектебінде мектеп жанындағы интернат тәрбиеленушілеріне арналған жаңа жылдың мерекелік шараға аудан әкімі С.Мамытов арнайы қатысып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, балалармен бірге жаңа жылдық шыршаның жарығын жағып, балаларға арналған сыйлықтарды тарту етті. Балалар үшін қызықты әрі есте қаларлықтай жаңа жылдық кеште ән айтылып, би биленді. Ертегі кейіпкерлері қойылымдар көрсетті.
С.Есқараев,
«Sarysý»
Ертегіге ўласќан ертеѕгілік
Жылдың ең ғажайып мерекесіне айналған Жаңа жыл мейрамы барлық жандар үшін, әсіресе, балалар үшін асыға күтетін, тосын сыйларға толы айшықты сәт болып табылады.
Шырайлы думанды күн қарсаңында қаламыздағы спорт кешенінде «Қош келдің, жаңа жыл — бақытты менің еліме!» атты ертеңгілік өтті. Шараға «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы М.Есмұрзаев, мекеме бөлім қызметкерлері, ата -аналар, тұрмысы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар қатысты. Ертеңгілік барысында түрлі кейіпкерлерден құралған көрініс ұсынылып, балалардың көңілінен шықса, аудандық мәдениет үйінің әншілері әуелете ән шырқап, кештің көркін келтірді. Мұнан соң ортаға Аяз ата мен Ақшақар шығып, тақпақ айтқан балаларға сыйлықтар тапсырды. Аталмыш шарада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы М.Есмұрзаев құттықтау сөз сөйлеп, мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен балаларға арнайы Жаңа жылдық сыйлықтарын тапсырды. Балалық шақтың бал кезін бастан кешіріп жүрген бүлдіршіндеріміздің жүзінде бақыттың лебі осылай есіп тұрды.
Жаѕа жылдыќ фантазиялар
Жаңатас қалалық кітапханаларының бірлесе ұйымдастыруымен Жаңатас қалалық балалар кітапханасында Жаңа жыл мерекесіне арналған «Жаңа жылдық фантазиялар» атты карнавал өтті.
Балаларға Жаңа жыл туралы мәлімет беру. Жаңа жыл мерекесінің қызықтарын, әдемі көріністерін тамашалау арқылы қоршаған ортаға қызығушылығын арттыру. Балаларды бір-біріне деген достық сезімге, сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында өткен іс- шара «Шапағат» бөбекжай бақшасының «Көгершін» тобының өнерпаздары әзірлеген «Санта», «Барби» билерімен басталды. Кітапхана қызметкері Р. Қадырбекова «Жаңа жыл»әнін шырқаса, БШО-ның «Гүлдер ай»би тобы «Қоңырау», «Шырша» биін биледі. Кешке жиналған көптеген ертегі кейіпкерлері ерекше сән беріп, жиналған балаларға жан жылуын сыйлады.
Шексіз қуанышқа бөленген балалар Жаңа жылдық шыршаның басты қонақтары Аяз ата мен Ақшақарға әсем шыршаны айнала жаңа жылдық тақпақтар оқып, ән айтып, би билеп, ойындарға қатысып, шат-шадыман болды.
Сарысу ОҚЖ-ның бас әдіскері Бақыт Өтепбергенқызы қатысушыларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, барша армандарының орындалуына тілектестігін білдірді. Жаңа жылдық шыршаны кітапхана қызметкерлері М.Тұрлыбекова жүргізіп, Г.Қошаев «Аяз ата», А.Жамантаева «Ақшақар», З.Балықбаева «Қоян жылы», А.Жанбекова «Ұлу жылы», Д.Берекеқызы «Мыстан кемпір», М.Дурманова Қарша қыз кейіпкерлері болып, балаларға шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік бағдарлама барысында бүлдіршіндеріміз Қоян жылын шығарып салып, келе жатқан Ұлу жылын күтіп алды. Жыл кейіпкері Ұлу-алдағы жыл берекелі, тыныш әрі бейбіт, жақсылық жыл болуын тіледі.
Кеш соңында балалар Аяз атамен және ертегі кейіпкерлерімен естелік суретке түсіп, Жаңа жылдық шыршада ерекше киіммен көзге түскен балаларға сыйлықтар тапсырылды.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»
Сыйлыќќа толы ќоржын
Жаңа жыл-бұл әрқашанда жағымды жаңалықтар мен сыйлықтарды күту.
Осы мерекені барлық балалар асыға күтеді, соның ішінде «ерекше» балалар. Бірақ сол барлық балаларға қажет махаббат, қарым-қатынас оларға да қажет. Қамқоршылық қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Міне, ерекше балаларға қуаныш сыйлау мақсатында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінде есепте тұратын балаларды бөлім басшысы Қанат Шалбайұлы Тілеубаев жаңа жыл мерекесімен құттықтап, арнайы дайындаған сыйлықтарын үлестірді.
Сонымен қатар бөлімшедегі балаларға жеке кәсіпкер, «Жібек жолы» мейрамханасының иесі Мұрат Төлепбеков жылдағы дәстүр бойынша мүмкіндігі шектеулі әр балаға қаржылай демеушілік көрсетсе, «Шұғыла» Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен Сау-дакент ауылының кәсіпкері Бағдат Сағындықов жаңа жылдық тәттілер жиынтығын таратты. Аяз ата мен Ақшақарды сағына күткен балалар мерекелік тақпақтары мен әндерін айтып, жүздерінен тек қуаныш сезімі байқалып тұрды. Ата-аналар Аяз ата мен Ақшақарды ортаға алып суретке түсіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.
Айнұр Іңкәрбекова, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің бөлімше меңгерушісі
Мейіріммен қауышқан мерейлі күн
Көңілдерге қуаныш, жүздерге бақыт сыйлайтын жаңа жыл мерекесінің әсері ерекше ғой.
Асылында Жаңа жыл тек қуаныштың ғана емес, мейірімнің де мерекесі. Себебі бұл күнде естелік сәттер көп. Адамдар бір біріне деген өкпе реніштерін ұмытып, жүректерді тілектермен жылытады. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан аудан жұртшылығы мерейлі мейрамды осылай қарсы алуда. Әсіресе балалар қауымы ертегі кейіпкерлерімен бірге жаңа жылды бірге өткізіп, қызықты оқиғалардың куәсі болады. Аптаның жұмасында биыл ғана ашылып, жұмысын жандандырып жүрген аудандық мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығында «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты мерекелік шара өтті. Мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу, оларды қоғамдық шараларға тартып, білімдерін дамыту басты мақсат болып табылатын орталықтың шарасына аудан әкімі С.Мамытов, кәсіпорын қызметкерлері, кәсіпкерлер мен тұрғындар қатысты. Шараға 25 мүмкіндігі шектеулі балалар қамтылды. Кешке арнайы қатысқан аудан басшысы балаларды және орталық ұжымын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, Жаңа жыл мерекесінің маңыздылығы зор екенін, өткен жылда жеткен толағай табыстарды тілге тиек етіп, келер жылдан күтетін үміттің мол екенін айтты. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталыққа мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың жалғаса беретінін айтып, ұжымға өз атынан сый-сияпат тарту етіп, балаларға сыйлықтар тапсырды. Сонымен қатар, осы орталыққа үлкен үлес сіңірген ауданның атымтай жомарт кәсіпкерлері де құттықтау сөз сөйлеп, балаларға базарлық жасады. Думанға толы мерекелік кеште балалар өз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе, жастардың флеш-моб биіне көрермендер ду қол шапалақтап қошемет білдірді. Ортаға ертегі кейіпкерлері шығып, түрлі ойындар ойнатып, балалардың зейінін ашты. Аяз ата мен Ақшақар балаларға тақпақ айтқызып, тәттілер ұсынды. Көңілді өткен кеште көпшілік риясыз күлкі мен шынайы эмоциялардың куәсі болды. Осындайда балалардың қуанышынан артық бақыт бар ма деген тілек қана ойға оралады.
Самат Тоқбанов, «Sarysý»
Бәрі де балалар үшін
Ескі жылмен қоштасып, қоңырауын соғып, Жаңа жыл келгенде жұрт бар жақсыны дайындап асыға тосатыны белгілі.
Бұның бар мәні алдағы жылдан тек жақсылық күтіп, қуанышты жаңалықтар болып, үйге бақыт келсін деген ырымнан туған дүние деп білеміз. Әсіресе балалар да осы мерекені күн санап күтіп, сиқырлы сәтті сағынышпен қарсы алады. Осындайда балаларға шынайы бақыт сыйлау жүректерді шаттықтың лебімен толтырады. Қоғамның бір бөлігіне айналған мүмкіндігі шектеулі жандар Жаңа жылда жақсылық күтіп қана қоймай, еліміздің амандығы мен тыныштығын тілейді. Аптаның сейсенбісі күні Сарысу аудандық «Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі және Жаңатас қаласының кәсіпкерлерімен бірлесе ұйытқы болып қолдау көрсетуімен қаламыздағы «Шах» дәмханасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған Жаңа жылдық қайырымдылық шарасы өткізілді. Игі шараның мақсаты: балаларға шынайы қуаныш сыйлау, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға тарту болып табылады. Кешті ауданымыздың қоғам белсендісі С.Жанкужаев жүргізді. Шара барысында түрлі ертегі кейіпкерлері балалармен бірге билеп көңілдерін көтерсе, кештің басты қонақтары Аяз ата мен Ақшақар бүлдіршіндерге тақпақ айтқызып, түрлі сыйлықтар ұсынды. Қайырымдылық шарасына 35 мүмкіндігі шектеулі балалар қамтылды. Кеште Ыдырыс Нұрбақыт пен Бекболат Рүстем өз өнерлерін көрсетіп, әннен шашу шашты. Жеке кәсіпкерлер Р.Ашимова мен Е.Алданазарова алдағы уақытта шараға келе алмаған мүмкіндігі шектеулі балалардың үйіне барып, құттықтаумен жалғасатынын жеткізді. Өз кезегінде ата — аналар ұйымдастырылып жатқан кешке өз ризашылықтарын білдіріп, барша тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ақ дастарқан басында өткен шара соңында барлық қатысушы балаларға естелік сыйлықтар тапсырылды. «Игілікті істе береке мол» демекші, кәсіпкерлердің қайырымдылық шарасы көпке үлгі болары анық.
Самат қуандықұлы, «Sarysý»
Жаңа жыл кеші
Көңілді
Көңілді шаттыққа бөлеп, жүрекке ерекше жылулық сыйлайтын мерекелердің бірі – Жаңа жыл. Оның әлем халықтары үшін ортақ мереке болғандығы бізді қуантады.
Жақындаған сайын қоршаған ортада өзгерістер болып, құдды күллі әлем ертегі әлеміне саяхат жасайтындай.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Балалар шығармашылық орталығы» КММ-нің бұқаралық бөлімінің меңгерушісі М.Жанегізованың ұйымдастыруымен «Қош келдің, Жаңа жыл — 2024» атты мерекелік кеш өтті. Шараны мекеме басшысы Б.Нұркенов ашып беріп, барлық мекеме қызметкерлері мен орталықтың бүлдіршіндерін жаңа жыл мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыстар мен дендеріне саулық тіледі.
Жаңа жылға сәйкес безендірілген кеш бүлдіршіндердің «Жаңа жылдық» мерекеге арнайы әзірлеген әсем әндері мен билерімен көрініс тауып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мұнан соң ортаға Жаңа жылдың басты символдары Аяз-Ата мен Ақша қар кіріп, барлық бүлдіршіндерге сұрақтарын қойып, тақпақтарын тыңдады. Белсенді қатысқан барлық бүлдіршіндерге сыйлықтарын тарту етіп, көңілдерін көтеріп тастады.
Шараның ерекше көркін кіргізе білген «қоян», «барыс», «ұлу», «жалмауыз кемпір» ертегі кейіпкерлері балаларды түрлі қызықты ойындарымен бір сергітіп алды.
Ұйымдастырылған шара орталықтың бүлдіршіндерінің көңілдерінен шығып, шаттыққа қауышты.
Г.Айтбаева,
директордың оқу ісі
жөніндегі орынбасары