ӨНЕРДІ ҚАРУ ЕТКЕН МАЙДАНГЕР

0

Біздің дана халқымызда: «Тон жағасыз, ел ағасыз болмайды» деген қанатты сөз бар. Халқына қадірі мол, еңбегін ел таныған азаматтарымыздың есімі қай уақытта да көптің жадынан шықпайды.

Бүкіл саналы ғұмырын өнер саласына арнаған, елі үшін тынымсыз еңбек еткен қазақтың біртуар азаматы Әлжаппар Әбдіхалықұлы еді. Ол 1922 жылы бұрынғы Ақмола уезіне қарасты Сарысу ауданындағы үшінші ауылда дүниеге келген.

Отызыншы жылдардың басындағы ашаршылықтың зардабын бір кісідей тартқан адам осы жас Әлжаппар шығар. Ол 1932 жылы Әулиеатадағы балалар үйінде тәрбиеленіп, 1935-1936 жылдары Байқадам атындағы қазақ орта мектебі жанындағы интернатта жатып оқиды. Жасынан өнер жолына әуес болған жас өнерпаз 1936 жылы Шымкент қаласында өткен Оңтүстік Қазақстан облысының көркемөнерпаздар олимпиадасына қатысып, жүлдегер атанады. Ақын Асқар Тоқмағанбетов ол туралы «Әнші Әлжаппар» деген әсерлі мақала жазды.

1937-1939 жылдары Жамбылдағы есеп-санақ техникумында оқиды. Бірақ өнерді құлай сүйген жас 1939 жылы Шымкент қазақ драма театрына жұмысқа қабылданады. Ол көп алдында халық әндерін орындап, Құрманғазы күйлерін тартып, жас театрдың белсенді әртісі болып шығады. Сахнада Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі» Жапал бейнесін, «Түнгі сарындағы» Жантасты, «Айман-Шолпандағы» ақынды, Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібегіндегі» Сансызбайды, «Исатай-Махамбет» пъесасындағы Құрманғазы ролдерін ойнады. С.М.Киров туралы «Ұлы азамат» киносын қазақша аударуға атсалысады.

1942 жылы Жамбыл қаласындағы әскери комиссариаттың ауласында бір ай ғана дайындықтан өткен жас жауынгер, аға сержант, взвод командирі бүкіл дүниені шарпыған кешегі екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, өзінің қолдан жасаған өмірлік серігі қасиетті домбырасын да бірге ала кетеді.

Сондай-ақ қысқа мерзімді әскери курсты да оқып, кіші лейтенант шенін алған Әлжаппар Әбдіхалықұлы Солтүстік кавказ майданында өз взводымен алғаш соғысқа кіреді. Ол сан мәрте взводын қарсы шабуылға көтеріп, жаудың бетін қайтара отырып, бездіріп қуды. Осындай ерліктері ерекше аталып «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Көп ұзамай кезектен тыс лейтенант шені берілді. Солтүстік кавказ майданы қолбасшысының бұйрығымен бірнеше полк әскерлері Ленинградты қорғау үшін солтүстік майданға ауыстырылады. Әлжаппар командалық ететін взвод та Ленинградты қорғауға аттанады.

Соғыстың саябыр шағында Әлжаппар терең қазылған траншеяда отырып, жауынгерлерге өзімен бірге ала келген домбырасын тартып береді. Ол көбіне намысты жанып, рухтандыратын Құрманғазының өр күйлерін тартады. Тәттімбет пен Дәулеткерейдің жүрекке жылы тиетін «Сарыжайлау», «Былқылдақ», «Қыз Ақжелең», «Қосалқа» күйлерін нақышына келтіріп орындайды. Домбыра үні естілісімен көрші окоптар мен блиндаждарда отырған солдаттар, тіптен командирлер де жиналып келеді. Өнерпаз жігіт ара-арасында ән де салады. Оның табиғи күшті, әсем дау-сы тыңдармандарын бірден баурап әкетеді. Елін, жерін, үй-орманын сағынып жүрген жауынгерлер ол салған Мұхиттың «Зәуреш», Біржан салдың «Ләйлім шырақ», Ақан серінің «Маңмаңгер», «Қараторғай» әндерін толқып, көздеріне жас алып тыңдайды. Әлжаппар орыс достарында ұмытпайды. Оларға арнап орыстың көңілді, ойнақы частушкаларын айтып береді. Осындай кішігірім шағын концерттер Германия жеріне барғанша үзілмей, жалғасын тауып жатты.

1944 жылдың тамыз айына дейін созылған соғыстың нәтижесінде Ленинград облысы жаудан толық азат етілді. Жау қоршауын бұзып өткен армияның құрамында Әлжаппар Әбдіхалықұлының взводы Балтық жағалауындағы көптеген қалалар мен селоларды жаудан тазартты. Оның  взводы жауды өкшелеп қуа отырып, соғысты Германия жерінде аяқтады. Сөйтіп өңіріне көптеген медальдар, оның ішінде «Ленинградты қорғағаны үшін» медалін таққан майдангер есейіп, шыңдалып, жауынгерлік жолдан өтіп, шиыршық атып туған елге жеңіспен оралды. Әскер жасынан асып кеткен әкесі Әбдіхалық Ленинград қоршауы бұзылғаннан кейін елге қайтарылыпты. Ленинградты өз кеуделерімен қорғаған әкелі-балалы жауынгерлер бейбіт заманда қайта табысты.

Әлжаппар Әбдіхалықұлы соғыстан оралған соң өзі бұрын қызмет атқарған Шымкенттегі драма театрында  еңбек жолын жалғастырды. Бірақ көп ұзамай өзі өскен өлкеге қайта оралды. Сарысу ауданына келіп, аудандық мәдениет үйінің директоры, әрі режиссеры болды.

Мәдениет үйі жанынан құрылған драма үйірмесінің негізін қалаушы өнерге берілген Әлжекең болды. 1967 жылы Алматыда өткен Республикалық халық театрлары байқауына Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты пьесасын ұсынып, әділ қазылар алқасынан лайықты бағасын алды. Осы жылы Мәдениет министрлігінің 20 қазандағы арнайы қаулысымен Байқадам халық театры атағын алды.

Әлжекең сахнаға қазақ драматургтерінің шығармалын қойып, көрермендер сүйіспеншілігіне бөленді. «Сарыарқа» халықаспаптар оркестрін құрды. Москвадағы Бүкілодақтық халық шаруашылығының көрмесінде (ВДНХ) өнер көрсетіп, күміс медаль алып қайтты.

Әлжекеңнің адамгершілігін, тазалығын, айналасына нұр, жақсылық төгетін қасиетін, құлаш семсер тереңдігі мен мөлдірлігін, асқан еңбексүйгіштігін айрықша атап өтуге болады. Ол өз жұмысына барынша беріліп, жан-тәнімен атқаратын еді. Жетпісінші жылдардың басында Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылының орталығында еңселі мәдениет үйі бой көтерді. Оның құрылысының қалай жүргізіліп жатқанына әрқашанда көзден таса қылмай, бақылауды өзінің міндеті деп сезінетін. Сондай бір кезеңде мәдениет үйі шатырының қалай жабылғандығын көрмекке шығып бара жатқанда, саты тайып кетеді де, цементтелген жерге құлап түсіп, аяғынан ауыр жарақат алады. Сондай қиын халде жүрсе де, жұмысынан ешбір қалған емес.

Әлжаппар Әбдіхалықұлының аудан мәдениетіне қосқан үлесі мол. Көрегендікпен басқарудың нәтижесі де қуаныш ұялатарлықтай, жетістіктері жеткілікті болды. Оның мектебінен атақты, дәстүрлі әншілер шықты. Осындай халыққа елеулі еңбектері бағаланып, «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағы берілді. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әбдіхалықтан өрбіген әулет өсіп-өнген жандар. Ағайынға бауырмал, шуағын шаша білген, құшағы ашық, пейілі таза, ниеті түзу Әлжекең бауырлары Алтай, Сейітқадыр, Қуанмен бірге тату-тәтті өмір кешті. Барлығы  да аудан көлемінде қызметтер атқарып, ел ықыласына бөленген тұлғалар болды. Сейітқадыр болса бүгінгі таңда елге сыйлы, қадірменді қария, Сарысудың саңлақ азаматы.

Өнер адамы, еліне елеулі, халқына қалаулы жан отбасында ардақты әке бола білді, отасқан қосағы Фатима (ел Бәтіш деп атайтын) екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді, оқытты. Бүгінде бәрі де үйлі-жайлы, балалы-шағалы.

Біз Әлжекеңмен сонау жетпісінші жылдардың ортасынан бастап отбасымызбен жиі араласып тұрдық.  Олай дейтінім, оның жары Бәтіш екеуміз №124 Байқадам селолық кәсіптік-техникалық училищесінде қызметтес болдық. Сол кездері Әлжекеңнің ортаға деген кеңдігі, сабыры мен парасатына қашанда таң қалар едім. Үнемі бір қалыпты. Үлкенге де, кішіге де бірдей. Мейірбан, сыпайы, қарапайым. Сонымен қатар, жәй сөзі, адамдармен әдепкі қатынасының өзінде ірілігі андағайлап тұрар еді. Мені «Алдашжан» деп еркелетіп, үлкен ұлындай көрді десем артық айтпағандығым болар. Маған деген ілтипаты мен сенімі, сүйініші мен құрметі әрқашан да танылып тұратын.

Өкініштісі, 1982 жылы 60 жасында Әлжекең дүние салды. Зейнеткерлікке шығып, бала-шағасы мен немерелерінің қызықты думанына мерейленер сәтінде бақилыққа аттанып кете барған сыйлас-сырлас адамы жайында сол кезде үлкендердің: «Жан баласына жамандығы жоқ, тек жақсылық қана тілейтін, жүзінен нұр төгіліп тұратын жақсы адам еді» деген жылы сөздерін естіген едік.

1982-1984 жылдары Әлжекеңнің баласы Қалабаймен бір үйде, бір есіктен кіріп шығатын құдай қосқан көрші болдық. Талдықорған заң техникумын бітірген қарындасым Фатима менің қолымда тұрып, училищеде оқытушы болды. Қалекеңнің інісі Нұрлан келіп-кетіп жүретін. Аяғы екі жастың көңілдері жарасып, отау құрды. Міне, содан бері құдалармен туған ағайындай қоян-қолтық араласып, қуанышымызды бірге бөлісіп, ортақтасып келеміз.

Қазіргі кезде Қалабай құда-Зәуреш құдағи, Нұрлан-Фатима, жұбайым Әсия бәріміз Тараз қаласында бір-бірімізге жақын орналасып, бір Алла-тағаланың қолдауымен тату-тәтті тұрып жатырмыз. Халқына қадірі мол, еңбегін ел таныған азаматтарымыздың есімі қай уақытта да көптің жадынан шықпайды. Бүкіл саналы ғұмырын өнер саласына арнаған, елі үшін тынымсыз еңбек еткен қазақтың біртуар азаматы аудан басшылығы тарапынан елеусіз қалған жоқ. Ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында 1992 жылы Сарысу ауданының алғашқы әкімі Әбдіманап Көпбергеновтың қолдауымен (мен ол кезде аудан әкімінің аппарат басшысы болатынмын). Мәдениет үйіне Әлжаппар Әбдіхалықұлының есімі берілді. Суретші әрі мүсінші Құдайберген Мәлкаждаров өнер қайраткерінің мүсінін сомдады. Қазір ол мүсін Мәдениет үйінің фойесінің көрнекті жерінен орын алған.

«Артында жақсы із қалып, кейінгі ұрпақ, жұрағатың айта жүрер іс қалсын» дегендей, өнер саңлағы атанған, дәулескер күйші әрі әнші, ұлағатты ісімен елге танылған азаматтың артында  өлмейтін мұра, өнегелі ісі қалды.

Алдаберді Мақашев, Сарысу ауданы және Тараз қаласының Құрметті ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.