Аудандық мәдениет үйінде «Қазфосфат ГПК» ЖШС-і Шахтер күні кәсіби мерекесін атап өтті.
Салтанатты шарада Сарысу, Талас аудандарының басшылары, кәсіпорын ұжымы, «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерінің өкілдері қатысты. Басқосуда аудан әкімі С.Мамытов құттықтау сөз сөйледі.
-Биыл құрыл-ғанына 55 жылдық мерейтойы аталып өтетін Жаңатас қаласының даму тарихы кеншілер тарихымен тығыз байланысты. Облысымыздағы химия өнеркәсібінің қанат жаюына байланысты Жаңатас және Қаратау қалалары пайда болды. Бүгінде ауданның ғана емес, жалпы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында тау-кен өңдеу кешенінің алар орны ерекше. Кәсіпорынның өнім өндіру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Біз кеншілер еңбегін жоғары бағалаймыз және олар қандай құрметке болса да лайық»-деді.
Сонымен қатар Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков, Сарысу және Талас аудандарының мәслихат төраға-лары, «Аmanat» партиясы Сарысу, Талас аудандары филиалдарының төрағалары, кешен басшылары сөз сөйлеп, мереке иелерін құттықтап, отбастарына амандық, дендеріне саулық тіледі.
Сондай-ақ, кен игеру саласында аянбай еңбек етіп, үздік жетістіктерге жетіп жүрген бірқатар үздіктерді «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін», «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен, Сарысу, Талас аудандары әкімдерінің, мәслихаттарының, «Аmanat» партиясы Сарысу, Талас аудандық филиалдарының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және кәсіпорын тарапынан салалық төсбелгілермен, мақтау қағаздармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашты.
Монументке гүл шоқтарын қойды
Биыл Семей ядролық полигонының жабылғанына 33 жыл толды. Осыған орай қаламыздағы семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерге арналған монументке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Шарада аудандық мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков сөз сөйлеп, жарты ғасырға жуық жүргізілген ядролық сынақ зардаптарына тоқталып, жан түршігерлік алапатқа тоқтау қойған қаулы егемен ел ретінде Қазақстанның алғашқы қабылдаған тарихи шешімдерінің бірі болғанын жеткізді.
Одан кейін «Таң нұры» Семей полигоны қоғамдық ұйымның төрағасы Ізтай Орынтай полигондағы ядролық сынақ аумағы адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға орны толмас зардап әкелгенін тілге тиек етіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, жақсы күндерде жолығайық деген тілектерін білдірді. Шараға қатысушылар ядролық сынақ құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, монументке гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар бұл күні аудандық орталық кітапханада Семей полигонының жабылуы күніне орай ардагерлер арасында шахмат және дойбы спорт түрлерінен жарыс өтті.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Е.Ермағамбетов сөз сөйлеп, ядролық сынақ алаңы жабылысымен адамдардың, балалардың денсаулығын қалпына келтіру және емдеу жолында ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау мәселесі қолға алынып, азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетіле бастағандығын айтып, сіздердің атқарған ерліктеріңізді терең түсіне отырып, құрметтеу және бағалау жас ұрпақ алдындағы өтелмес парыз екеніне тоқталды.
Сонымен қатар, Семей ядролық полигонының ардагері Ж.Әмірбеков сөз сөйлеп, семей полигонның зардаптарына тоқталып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деген тілегін білдірді. Шахмат және дойбы спорт түрлеріне қала, ауылдық округтердің ардагерлері қатысты.
Жарыс нәтижесінде ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдармен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Сәулет есқараев,
«Sarysý»