Құран-құлшылықтың кәусары
Жалпы-адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжизаның ішіндегі ең ұлысы — Құран болып табылады. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні
әрі Ислам шариғатының ата заңы.
Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгергенін байқайсың. Ішкі дүниесіне үңіліп қарасаң оның рухани тазарғанын, жүріс-тұрысының өзгергенін көресің. Адамды көркем мінезді, жылы жүректі ететін Құран оқудың маңыздылығы өте зор. Бүгінде құранға деген құрмет еш жоғалған емес. Әсіресе жастарда құранға деген қызығушылық күннен-күнге артуда.
Осы орайда, аудандық орталық мешіт қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен аптаның жексенбісінде аудандық Құран оқу байқауы өткізілді. Сайысқа 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер қатысып, екі номинация бойынша бақтарын сынады. Сайыс барысында қатысушылардың құранды қатесіз оқуы, мәнерлілігі мен сүрелерді жатқа білуі қаралды. Сайыста сөз алған аудандық орталық мешіттің бас имамы Айбек Каримбаев іс-шараның маңыздылығына тоқталып, жастар арасында құранға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан шараға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша құранды мәнерлеп оқу номинациясында бірінші орынды Оралхан Бейсенбек, екінші орынды Асылбек Жарқынбек, ал үшінші орынды Байсұлтан Абдулманапұлы иеленсе, құранның 30 парасын жатқа айту номинациясы бойынша бірінші Саят Абдулла, екінші орынды Ибраһим Байдабек, ал үшінші орынды Нұрмақсат Болат жеңіп алды. Жүлдегерлерге смарт сағат пен ұялы телефондар берілсе, бірінші орын иелеріне велосипед тапсырылды.
Сайысқа ауданымыздың кәсіпкері Нұрлан Жанбаев демеушілік көрсетті.