ҚАМҚАЛЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНЕ ҮМІТКЕР

0

Оспанов Айдос Жүсіпбекұлының сайлауалды бағдарламасы

Мен, Оспанов Айдос Жүсіпбекұлы Қамқалы ауылдық округі әкіміне үміткер болып түсіп отырмын. 1991 жылы 15 қазанда  Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында дүниеге келдім. 2009 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетін «Жергілікті мемлекеттік басқару»   мамандығы бойынша бітірдім. Еңбек жолымды осы мемлекеттік қызмет саласында 2014 жылдан бастадым.

Қамқалы ауылдық округі бойынша сайлаушылардың сеніміне ие болу, ауыл тұрғындары алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінемін.

Ендігі кезекте, менің сайлауалды бағдарламамның қысқаша мазмұнын сіздерге баяндауға рұқсат етіңіздер.

Мен өзім әкім болып сайланатын округтегі әрбір ауыл тұрғындарымен қоян-қолтық араласып, олардың әл-ауқатының жақсаруына, кездескен кез-келген мәселенің дұрыс, заң аясында шешілуіне үлес қосуды өзімнің борышым әрі парызым деп есептеймін.

Ең алдымен, ауылдың гүлденуі үшін ең бастысы жолдарының, көше жарығы және тозығы жеткен электр желілерінің мәселелері шешімін табуы қажет. Сонымен қатар, басқа да шешілмеген мәселелер баршылық.

Мен жастық жігерім мен біліміме сүйене отырып, осы жағдайларды ретке келтірудің амалдарын толық табуға, әрі осы мәселелерді жүзеге асыруға бар күш-жігерімді саламын.

Сонымен  қатар   қосымша жұмыс орындарын ашу үшін ауыл шаруашылығын, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, көп балалы отбасылар, зейнеткерлер және жұмыс істей алмайтын әлеуметтік аз қорғалған жалғыз басты азаматтардың материалдық жағдайын, өмір сүру деңгейін жақсартуға бар білімім мен қажыр-қайратымды салатын боламын.

Ауылдық округтегі мобильді интернет мәселесінің шешілуіне ықпал етемін.

Шығанақ ауылындағы көлді тиімді пайдаланып, балық шаруашылығын дамытуды қолға аламын.

Елдің тірегі-жастар. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жастарға қазақстандық патриотизм, ұлттық мінез-құлық, тектілік, білімділік қасиеттерін сіңіруде тың бастамаларды қолға алатын боламын.

Жастардың мәселесіне жете назар аударып, мемлекеттік жастар саясаты аясында имандылық, салауаттылық, жастар кәсіпкерлігі, тәрбие, сапалы білім алуына аса ден қойып, мүмкіндігінше қолдау-көмек көрсетемін.

Алдағы уақытта әкім болып сайланар болсам, осы жағдайларға жете назар аударатын боламын.

Сайлаушылардың мүдделерін барынша қолдай алатынымды және білімім мен жастық жігерімді алға тарта отырып, халықтың тұрмыс-тіршілігін көтеруге арналған іс-әрекеттермен ел сеніміне берік екендігімді дәлелдейтін боламын. Осы проблемаларды шешуге менің жоғарыда көрсеткен сайлауалды бағдарламамды нақты іске асыруға ерік-жігерім, білімім мен қажырлығым толық жетеді деп нақты сенемін.

Ең бастысы, халықтың аманатын орындауға бар күш-жігерімді саламын деп айта аламын.

Құрметті сайлаушылар! 

Менің кандидатурамды қолдап дауыс берсеңіздер, мен өзімнің білімімді, өмірлік тәжірибемді, жас жігерімді халық игілігіне жұмсауға Сіздерді сендіремін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.