Жеткіншектер сынға түсті
Жалпы спорт бұл тек жарыстар мен бәсекелестік ғана емес, сонымен қатар жақсы дене шынықтыру, өз әлеуетін ашуға, адал күресте ерік-жігер мен мінезді көрсетуге, өз күшіне деген рух пен сенімдікті нығайтуға мүмкіндік.
Жастардың зиянды әдеттерден аулақ болуы және құқық бұзушылыққа бармауы қоғам үшін маңызы зор. Осы орайда өткен аптада қаладағы спорт кешенінде аудан әкімдігі және аудандық прокуратураның бірлесе ұйымдастыруымен 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және оларды болдырмау, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында кіші футболдан аудандық жарыс өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі С.Мамытов жастарды жаман әдеттерді бойға сіңірмеуге, салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң аудан прокуроры Д.Алдабергенов сөз сөйлеп, жастарды ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыратын мұндай шаралардың маңызы зор екеніне тоқталды.
Сайысқа 8 команда қатысып, кіл мықтылар анықталды. Тартысты өткен жарыстың нәтижесінде 1-орынды Ш.Уәлиханов атындағы мектеп — гимназиясы иеленсе, 2-орынды М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясы қанжығаға байлады. 3-орынды Ш.Уәлихановтың екінші командасы жеңіп алды. Жарыс жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар және медальдар тапсырылды.
«Zhuldyz cup» турнирі өтті
Салауатты өмір салтын қалыптастыру жасқа қарамайды. Қалжырамауды қаласаң қалаған спорт түріне қатысып, денені шынықтырған құптарлық іс. Бүгінгі таңда спортшылар әсіресе жастар арасында кіші футбол қарыштап келеді.
Жастарымыз түрлі сайыстарда оза шауып, бәйге бермей жүр.
Өткен аптаның сенбісінде қаламыздағы спорт кешенінде аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы» КММ-сі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Zhuldyz cup» турнирі өткізілді.
Турнирге әр мекеме, кәсіпорындар мен еркін құрамадан жасақталған 8 команда қатысты. Теңбіл допты ұршықша иірген жас-тар ауызбіршілік пен ынтымақтың үлгісін танытты. Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша Жаңатас қаласындағы балалар — жасөспірімдер спорт мектебі бірінші орынды иеленсе, «ЕвроХим — Тыңайтқыш» ЖШС жастары екінші орынды еншіледі. Жүлделі үшінші орынды Жаңатас жастары командасы місе тұтты.
Сондай — ақ, жекелеген жүлделер бойынша «Үздік қақпашы» номинациясымен Бейсенбеков Есенкелді, «Үздік қорғаушы» номинациясымен Айтжанов Азизхан, «Үздік шабуылшы» номинациясымен Байдалиев Нұржан және «Үздік ойыншы» Құлмағанбет Еркебұлан марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан диплом және медальдармен сонымен қатар, қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Самат тоқбанов,
«Sarysý»