АУДАН ӘКІМІ СӘКЕН МАМЫТОВТЫҢ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

0

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді  мұсылмандардың  қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Рамазан айы-Жаратқан Иемізге құл-шылық жасау, сабыр, өзара мейірім мен қайырымдылық арқылы рухани тазару айы.
Осынау қасиетті айдың аяқталуына орай аталып өтілетін айт мерекесі халқымыз үшін діни ғұрып ғана емес, ұлттық дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен ұлық мейрам.
Ораза айты ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады.

Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді.
Рамазан айында аудан көлемінде қаншама игі істер атқарылды.

Мешіттерімізге келген әрбір азамат Жаратқаннан жұртымыздың амандығын тілеп дұға жасауда.  Маңайымызға мейіріммен қарап, қол қайырды көбірек жасап, көптеген қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.

Бүгінде ел аумағында табиғи апатқа ұшыраған облыстарға аудан тұрғындары тарапынан көмек көрсету мақсатында қайырымдылық шаралары да өткізілуде.
Осы ниеттердің бәрі қабыл болсын.

Қымбатты жерлестер!

Баршаңызға дүниедегі барлық ізгі жақсылықтар мен игі қуаныштар болсын! Алла Тағала барлықтарыңыздың амалдарыңызды қабыл етсін. Осы мереке қарсаңында Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Ораза айт құтты болсын!

Жанды жадыратар ұлық мереке

Қадірлі мұсылман бауырлар, құрметті аудан тұрғындары!

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын! Міне, айлардың төресі, күллі мұсылман баласы үшін қасиетті Рамазан айымен қимай қоштасатын күн де келіп жетті. Еліміздегі барша мұсылмандар  қасиетті рамазанды жақсы ниетпен, тақуалықпен, оразамен өткізді. Кездескен қиындықтарға сабыр етіп, Жаратушы Иеміздің разылығына ұмтылды.

Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бірлік, мейірім мен қайырымдылық айы болса, үш күн бойы тойланатын Ораза айт мейрамы – адамдардың көңіліне көктем сыйлап, жанын жадырататын ұлық мереке. Баршаңызды Ислам үмбетінің ең қасиетті де ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын!

Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін барша мұсылман шат-шадыман қуанышқа бөленетін бұл мейрам Қазақстан жұртшылығына да құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін! Пайғамбарымыз салла-ллаһу алейһи уа салләм Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекелеріміз», деген жауап естіді. Сонда Расулулла салла-ллаһу алейһи уа салләм: «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары», деп осы ислами мейрамдардың мәртебелі екендігін білдірген. Ораза айты адамдарды бауыр­малдылық пен кішіпейіл­ділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады.

Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, мәре-сәре болады. Ренжісіп қалған кісілермен татуласу, қандай да бір келіспеушіліктің салдарынан қатынас үзілген туыстардың үйлерін арнайы аралау да ерекше маңызды.

Өйткені Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Күндегі оразасын құрмамен ашуды сүннет еткен Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айт намазына барарда алдымен құрмадан дәм татып барып үйінен шыққанды ұнататын. Жалпы, Ораза айты қасиетті Рамазан айы аяқталғанының белгісі ғана емес, ол – бір айлық құлшылығымыздың қуанышы мен жемісі.

Айбек Каримбаев,

 ауданның бас имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.