ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР- ұлы мұра

0

Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі — түсті ою — өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым — қатынасын, көңіл — күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады, әрқайсысына қаншама еңбек жатыр.

Жалпы қолөнер – халықтың рухани байлығы.  Бүгінгі таңда қазақтың  қолөнері жаңа бағытта жаңғырып, қарқынды дамып келеді. Ауданымызда да бұл сала қанатын кеңге жайып, қарыштауда. Түрлі бұйымдар мен әшекейлерді жасау ұлттық өнердің қайнар көзі болып табылады. Әжелеріміз бен аналарымыз қолөнерді қолға алып, ұрпақтан — ұрпаққа мұра етіп қалдырып келеді.

Халық өнерінің бай мұраларын сұрыптай отырып, заманымызға сай сапа, түр беру әдісімен оларды әрі қарай дамыту, кейінгі ұрпаққа меңгерту, насихаттау мақсатында өткен аптада аудандық «Коворкинг» орталығында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлттық қолөнер — ұлы мұра» атты әжелермен кездесу  өтті.

Іс-шараға тұрақты оқырмандар Роза Сазанбаева, зағиптар бөлімінің оқырмандары Шагирова Нұргүл, Бақыт Алпамысова қатысып, өздерінің қолөнерлерін көрсетті. Шара барысында Сазанбаева Роза ұлттық қолөнердің маңыздылығына тоқтала кетіп, өз жұмыстарымен таныстырды. Әжелермен өте тамаша кездесу өтіп, ұлттық қолөнерімізді дәріптеуден шаршамайтындарын айтты.

Іс-шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Жанат Жұмаділдаев пен «АMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мұратбек Есмұрзаев сөз сөйлеп, мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға сый-сияпаттар табыстады.

Халқымызда «Ел іші — өнер кеніші» деген даналық сөзінің сыры ашылғандай. Бақ пен бап таласқан бүгінгі қоғамда ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмыстары жандана бермек. Ақ жаулықты әжелеріміздің бүгінгі шарасы соны аңғартқандай. Тағылымы мол шара алдағы уақытта да түрлі форматпен жалғасын табары сөзсіз.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.